«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы

Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Антиядролық қозғалыстың күш-жігері арқасында 1989 жылы жоспарланған 18 ядролық сынақ саны 7-ге дейін азайтылды. Ең соңғы ядролық сы-нақ осы жылдың 19 қазанында жасалды. Айта кетер жайт, қозғалысқа кәрі-жас, үлкен-кіші демей халық бір кісідей жұмылды. Соның арқасында жарты ғасыр індет ошағы болған дертті аумақ жабылды. Антиядролық қозғалысқа қатысушы Қарағандының 130 мың шахтері егер ядролық сынақ тоқтамаған жағдайда мерзімі шектеусіз ереуілге шығатындарын мәлімдеген болатын. Оларды Семей, Павлодар, Өскемен, Жезқазған жұмысшылары және сондай-ақ Жоғарғы Кеңес қолдады.

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Семей қаласындағы бөлімшесінің 1989-2000 жылдары алғашқы төрағасы болған Марат Мауытқанұлы Оразалин қозғалыстың құрылған кездерін былай деп еске алады: – 1989 жылы ақпанның 12-і мен 18-і күндері әскерилер ешкімге ескертпей, Семей полигонында атом бомбасының сынағын өткізді. Сынақ кезінде жердің жарығынан оқшау (инертті) газдар ауаға бөлініп шыққан екен. Улы газ алдымен Курчатов қаласының маңындағы Шаған қаласын басып, артынан жел тұрып, газды Алтай өңіріне айдап әкетеді. Бұл жайтты естіген сол кездегі Қазақ КСР Коммунистік партиясының Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев КСРО Орталық комитетіне сынақты тоқтатып, сол жердің халқына көмек көрсетуді талап еткен мазмұнда шифрограмма жібереді. Бұл атом қаруының сыналуына қарсы ашық түрде жасалған шаралардың бірі болатын. Сол кездері Семей облысының атынан КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған О.Сүлейменов 1989 жылы 28 ақпанда ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы үндеу тастады. Біз де, яғни семейліктер де қолды қусырып отыра алмадық. Дереу Семейдің медициналық институтының партия комитетіне жиналып, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының обылыстық бөлімшесін құрдық. Мені бөлімшенің төрағасы етіп сайлады. Ол кезде мединицалық институттың партия комитеті хатшысы лауазымынан босатылған едім. Қозғалыстың құрылғандағы мақсаты біріншіден, халықты ояту, екіншіден, полигонды жабу, үшіншіден, зардап шегіп отырған халыққа көмек көрсету туралы заңның қабылдануы үшін әрекеттер жасау болатын. Әрине, бүгін қозғалыстың алға қойған мақсаттары толықтай орындалды.

1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың Қаулысымен полигон толықтай жабылды. Кейіннен 29 тамыз – халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілді, Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Тарихқа көз салсақ Олжас Омарұлы 1989 жылы КСРО Жоғары Кеңесі депутаттығына үміткер болған.Және дәл сол жылы 25 ақпанда ол Алматыдағы көп адам жиналған митингте барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдар мен советтік бейбітшілік қорғау Комитетіне, халықаралық «Жасыл әлем» ұйымына, «Адамзатты аман алып қалу» халықаралық қорының Комитетіне, Невада штатында (АҚШ) сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға Үндеуін оқып, Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап еткен.

Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы – 1991 жылдың 29 тамызы күні шықты. Сөйтіп тиянақтылық пен табандылық танытқан қазақ халқы өз мақсатына жетті. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т.б. елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған. Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы «Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру» қарарын қабылдады. Семей сынағының құрбаны – белгілі суретші, АТОМ жобасының Құрметті Елшісі Кәріпбек Күйіков. Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да мойымаған ол қылқаламын тісіне серік етіп, ядролық сынақ зардабын бейнелейтін туындыларын майлы бояумен кенеп бетіне түсіріп келеді. Сұхбаттарын оқып отырып ұққанымыз ол, әлі күнге дейін түнде түсіне кірген қызыл жалын «саңырауқұлақтан» шошып оянады екен. Сонымен қоса ол АТОМ жобасы аясында АҚШ, Голландия, Норвегия, Германия, Австрия, Швейцария секілді бірнеше елдерде өз көрмесін өткізіп үлгерген. Өз сөзімен айтсақ, ол ядролық сынақ зардабын шет елдерге дәріптеп сынақтың соңғы құрбаны болу.

Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді. Еліміз бейбітшілік сүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылып келеді. Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен Ядролық қарусыз әлем құруға бағытталған АТОМ жобасы жүзеге асырылуда. Жоба әлем басшыларына Ядролық қару сынақтарын тоқтатуына ықпал ету; Ядролық қару сынақтарын әлем бойынша жоюға бағытталған келісімінің заңды құралы ретінде күшіне енуін қамтамасыз ету үшін, Петицияны Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы келісімге қол қоймаған немесе келісім-шартты бекітпеген ядролық ірі мемлекеттерге ұсыну бағыты бойынша сәтті жұмыс жасап келеді. Жоба туралы толығырақ: http://www.theatomproject.org/kz

Дайындаған

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Мақала ҚР СІМ Баспасөз қызметі мен Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің қолдау көрсетуімен

дайындалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.