Мықты ауыл — мықты мемлекет

Қазақстанда 149 млн. гектар ауылшаруашылық жері бар. Оның 27 млн. гектары – егістік, ал 103 млн. гектары жайылымдық жерлер. Бұл – баға жетпес байлық. Сарапшылардың пайымдауынша, осынау ұлан-ғайыр атырап 200 млн. адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге артығымен жетеді. Алайда, әлі күнге дейін 18 млн. халықты отандық өніммен толық қамти алмай келеміз. Бұл қолда бар мүмкіндікті жүйелі қолдана алмай отырғанымызды көрсетеді.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болу керек» деген еді. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Азық-түлік бағасының өсуі экономикамыздың әлсіздігінен» – деп батыра айтты. Яғни, ауыл шаруашылығын дамыту мен қолдау мәселесі – күн тәртібінде тұрған басты міндет.

Елбасының тапсырмасымен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы қабылданып, ауылдарды дамытуға бөлінген қаражат еселеп артты. Соның арқасында қордаланған мәселелер оңтайлы шешімін табуда. Атап айтқанда, ауыз су, жол, тұрғын үй, білім беру, медицина және басқа да маңызды әлеуметтік жайттарға көңіл бөлінуде.

Енді ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуін тежеу үшін халықтың ауылшаруашылық өндірісімен тиімді шұғылдануына жол ашу керек. Сол мақсатта ауыл адамына ұзақ мерзімге (15-20 жылға ) пайызы төмен несиелер (2-3 %) беру жолы қарастырылуы қажет. Бүгінде ауыл өндірісі тығырыққа тіреліп тұрғаны жасырын емес. Несиенің пайызы көп, жанармайдың, қосалқы бөлшектердің бағасы аспандап тұр. Сөйте тұра, нан 10 теңгеге қымбаттаса, өре түрегелеміз.

Рас, кезінде білікті басшылар ие болып қалған бірді-екілі ірі кәсіпорындар бар. Бірақ, соларға қарап, ауыл шаруашылығы дамып келеді деуге болмайды. Өйткені, сандық тұрғыдан қарастырсақ, олардың үлесі барлық шаруашылықтың 1-2 %-нан аспайды. Ал, қалған 90%-дан астам ұсақ, орташа шаруалардың жағдайы мәз емес. Несие алу – қиын. Ала қалған күннің өзінде өтеу мерзімі мен пайыздық өсімі тиімсіз, әрі кепілге қояр мүлік табу оңай емес. Сондықтан, мемлекет ауылды дамытуда екі тізгін бір шылбырды тең ұстап, инфрақұрылым мен өндірісті бірдей қаржыландыруы тиіс. Ауылды жайнатып қойғанмен, жұмыс болмай ел көшіп кетсе, мектепте кім оқиды, дәрігері кімді емдейді, клубына кім барады?..

Жастардың ауылда тұрақтап қалуы да өзекті мәселеге айналды. Үкімет келесі жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілерді де қосуы мүмкін деген жақсы жаңалық бар. Осы талап орындалса, ауылға мұғалім-дәрігерлермен бірге олар да барар еді. Бұл ауылдың дамуына тың серпін берері анық. Ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жастарға барынша қолдау көрсетілуі керек. Өйткені, ауыл шаруашылығында жүрген еңбек адамдары қартайып барады. Жас мамандарды таппайсыз…

Жалпы ауылды және ауыл шаруашылығын дамытудың Ұлттық бағдарламасын қабылдайтын уақыт келді. Себебі, ауыл шаруашылығы – мемлекеттің қолдауынсыз дами алмайтын ерекше сала!

Ниқанбай ОМАРХАНОВ,

Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласының үздігі,

«Құрмет» орденінің иегері