Басты тақырыпОблыс әкімі

Әлеуметтік нысандардың әлеуеті қандай?

   Бейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен Абай ауданы, Шахтинск қаласы және Шахан кентінде болды. Сапар барысында аймақ басшысы әлеуметтік маңызды нысандардың жай-күйімен танысып қайтты.

Өңір басшысы өзінің жұмыс сапарын Абай ауданында қолға алынып жатқан жылу желілерін қайта құру барысымен танысудан бастады. Мұнда «Абай жылу жүйелері» ЖШС-нің тапсырысы бойынша «Агропромремстрой» компаниясы бас мердігер ретінде «Бамовская» (№7 павильон) сорғы станциясынан ТК14-ке дейін қолданыстағы жылу трассасын ауыстыра отырып, 2078 метрге созылған магистральді жылу жүйесін қайта құруды және 34,2 шаршы метрлік ТК14 жылу камерасын салуды қолға алыпты. Құны 398 млн. 471 мың теңгені құраған бұл жұмыс биылғы мамыр айында басталды.

Бүгінгі таңда жер қазу жұмыстары – 90%, демонтаж жұмысы – 80% және жылу трассасын монтаждау – 45% орындалды. Кесте бойынша жұмыстың аяқталар уақыты қазан айы болғанымен, жылу беру маусымына дейін тәмамдаймыз деп сенемін. Қазір мұнда 55 адам жұмыс жасайды. Құрылысқа қажетті техника да, жұмыс күші де, тиісті материалдар да жеткілікті. Қолданысымыздағы құрылыс материалдарының 70-80 пайызы – қазақстандық өнім. Мұндағы ескі құбырлар диаметрі 325 миллиметр болса, жылуға мұқтаж нысандардың көбеюіне байланысты, диаметрі 530 миллиметрлік құбырларды пайдаланудамыз, – деді «Агропромремстрой» ЖШС директоры Сатыбалды Жолдыбаев.

Өз кезегінде облыс әкімі жергілікті билік өкілдеріне атқарылып жатқан жұмысты қадағалап, жылу жүйесінің мерзімінде іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Түс ауа Ерлан Қошанов бастаған жұмыс тобы Шахтинск қаласына кеп тоқтады. Мұнда өңір басшысы №6 жалпы білім беру мектебінде болып, білім ошағындағы жетістіктермен танысты. Бұл мектепте – жаңалық жетіп артылады. Соның бірі – мектепті жылумен қамтамасыз етудің стационарлық жүйесі. «Автономды жылу пункті» деп аталатын бұл құрылғы жылуды қоршаған орта температурасына қарай реттеп тұрады. Яғни, температураны жоғарылату және төмендету арқылы, мектеп бюджетін артық шығыннан арашалайды. Сөйтіп, бұл мектеп жылына 500 мың теңгеден астам қаражат үнемдейді екен. Мұндай қондырғы Шахтинскіде орталықтандырылған жылу жүйесі бар барлық білім ошақтары мен балабақшаларға орнатылған. Облысымыздың ешбір өңірі мұндай жаңалығымен мақтана алмайды. Сонымен қатар, 10-11 сынып оқушыларына биылдан бастап міндетті түрде робот жасау сабағы жүргізілетін болады. Мұндай тәлім «Салтанат» балабақшасында да берілмек.

Аймақ басшысы аталған қаладағы «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС-не де соқпай кетпеді. Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін бұл мамандық иелері бірден жөндеу жұмыстарына кірісіпті. Мекеме басшысының айтуынша, қызметкерлерді жылусыз маусымда жалақысыз қалдырмаудың бір жолы – осы. Сонау 1964 жылы қолданысқа берілген бұл нысанның негізгі мақсаты – жылу және электр энергиясын өндіру, тарату және үлестіру. Негізгі жабдықтар қатарында 6 қазандық пен 3 турбогенератор бар. Алайда, қолданыстағысы – 3 қазандық пен 2 турбогенератор. Жөндеу жұмыстары шаруашылық және мердігерлік болып, екі тәсіл бойынша жүргізілуде. Бұған бөлінген қаражат көлемі – 583,627 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде, станцияның негізгі және қосалқы жабдықтарының, қаладағы жылу жүйесінің тұрақты жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Сөйтіп, жылу беру маусымы кезінде апаттық жағдайдың орын алу қаупі төмендейді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары бұдан әрі Шахан кентінде жалғасты. Ерлан Қошанов аталған кенттегі автономды жылу жүйелерін көпқабатты үйлердің жертөлесінен шығару шарасының орындалуына зер салды. Бұл кенттегі көпқабатты үйлердің жертөлесінде барлығы 14 автономды жылу жүйесі бар еді. Биылғы бірінші тамызға дейін 7 автономды жылу жүйесі жертөледен шығарылып, 6 модульдік қазандық орнатылды. Қалған жетеуін шығаруға қажетті сомма – 70 млн. теңге. Сапар барысында аймақ басшысы бір кіреберісі толығымен опырылып түскен көпқабатты үйге де ат басын бұрды. Мұнда өңір басшысы аталған үйдің пәтер иелерімен, кент тұрғындарымен кездесіп, сауалдарына құлақ асты. Халықты толғандырған жол, медицина мәселелеріне назар аударып, басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін аймақ басшысы бастаған жұмыс тобы «Құрылысмет» ЖШС өндіріс орнына келді. Бұл нысан – стандартталмаған жабдықтарды жасау және тау-кен автокөліктерін жөндеу, металлургиялық циклге қажетті техникалық қосалқы бөлшектерді әзірлеу, жалпықұрылыстық және әлеуметтік маңызы бар құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізетін, құрылыс индустриясына қажетті бұйымдарды өндіретін облыс, қалаберді, республикадағы ірі машина құрастыру кәсіпорны. Яғни, «Құрылысмет» компаниясы – аймағымызға ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне танымал кәсіпорын екенін атап өткен жөн. Мұнда жасалған бұйымдар көптеген өндіріс орындарында жемісті қолданылып келеді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген Л.Галимов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button