Әлемге танытқан Азаттық!

1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Онда Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет екендігі, өз территориясында Үкімет билігін толық иеленетіндігі, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізетіндігі, өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға қақылы екендігін атап көрсетті.

 

Ежелгі қазақ жерінде жас тәуелсіз мемлекет қайта жаңғырып, өркендей бастағанына биыл 28 жыл болды. Тарих үшін мұндай уақыт үзігі қас-қағым сәт дерлік, аз ғана мерзім. Алайда, осынау қысқа уақыт ішінде азат, тәуелсіз еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған саяси және әлеуметтік өзгерістерді сөзбен айтып жеткізу қиын. Ең маңыздысы, біз өзіміздің кешегі Еуразияның Ұлы Даласын еркін жайлап, меңгерген Түрік қағанаттары мен қуатты Алтын Орданың мұрагерлері екенімізді білдік. Рухы биік, ойы азат, бойына ұлттық мүдде мен мемлекетшілдік қасиет дарыған азат елдің саналы ұрпағы тәрбиеленіп келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан берік тұғырлы, қуатты мемлекет болып қалыптасты. Біздің дүниежүзілік қоғамдастықпен тереземіз тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын қабілетімізді әлемдік қауымдастық мойындады, таныды. Оған дәлел ретінде 2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ОБСЕ) мен 20172018 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүше болғанын және 2018 жылы қаңтар айындағы әлемнің ең беделді, ең ықпалды ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болғанын айтсақ жеткілікті. Қазақстан мемлекеті өркендеуде өз жолын тауып, өркениетке өз үлесін қоса бастады.

Осыдан 28 жыл бұрын тарихи акт – «Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана қазақ халқы өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін, руханиятын қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті. Елбасының бастамасымен жарияланып, бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты елімізді биік мақсаттарға апарады.

Ең бастысы – қазақстандықтардың көңіл-күйі мен дүниетанымдағы оң өзгерістерге қол жеткізілді. Халқымыз мемлекет пен қоғамдағы реформаларды дұрыс түсініп, сараптай алды. Қиындығы мол өткен жылдарда тарих қазыналарында қалған көптеген мұраларды қайта бағалауға қол жеткіздік. Шынайы адамдық құндылықтарды танып-білдік, әлемдік қоғамдастыққа енудің күрделі жолдарынан өттік. Тәуелсіз мемлекетіміздің халқы елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсінді, оған сенді, барынша қолдау көрсете білді және өздері де реформалардың белсенді бастамашылары мен жүргізушілеріне айналды.

 16 желтоқсанда біз мерекелердің ішіндегі ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтеміз. Біртұтас қуатты ұлттық мемлекет құру идеясы бүгінгі күнде рухани жаңғырған тәуелсіз Қазақ елінде жүзеге асып отыр. Бұқар жыраудың өсиет толғауында жырланған «Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт» арманы орындалып, Есілдің жағасындағы астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы күн өткен сайын қанат жайып, Еуразия құрлығының бейбітшілік пен келісім орталығына айналды.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
ҚарМУ-дың тарих факультеті
деканының ғылыми жұмыс
жөніндегі орынбасары,
докторант