Тарих

Киелі өңірдегі билер төрелігі

«Біздің Ұлытауымыз бен Ордабасымыз досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсетер айбарымыз, ардағымыз, асылымыз болуға тиісті».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп.

Дегенмен, Ұлытаудың орны – бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз.

Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық. Дүние жүзінен – Қытайдан, Ираннан қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген.

Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар.

Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы. Мұнда Жошы ханның ордасы болған деп те айтады. Жошының қазасын естірткен кезде «Ақсақ құлан» деген күй шыққан. Бұл мекеннің осындай кереметтерін тани білуіміз керек» деді.

Ұлытаудың қазақ халқының тарихындағы алатын орны туралы бұдан артық, бұдан терең айту мүмкін емес және қалай нақты айтылған!

Кешегі кеңес дәуірінде қазақ халқының төл тарихы тұмшаланып, шындық бүркемеленді. Хан деген сөзден қашатын, Би деген сөзден безетін, Сұлтан деген сөзден сезіктенетін жағдайға жеттік.

Қазақ мемлекетінің іргетасын қалап кеткен, елім деп еңіреген небір қайраткер бабаларымызға тарих сахнасының, ең болмаса, босағасынан да орын тиген жоқ. Әсіресе, еліміздің Ресей боданында болған кезеңіндегі дара тұлғалар шетінен сұмпайы, сұрқия, алаяқ, арамза етіліп көрсетілді.

Ең өкініштісі сол, тапқа бөлудің тұғырынан қарап, біреуді шонжар, біреуді демократ деп халқымыздың маңдайына біткен игі жақсыларын сорттау мен сұрыптауға салып, әлемдік өркениеттің негізі болып табылатын көшпенділер өркениетін тап-таза қалпында білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалған, түп-тамыры тарихтың тылсым терең­деріне кететін байтақ даланы жайлаған ежелгі елдің көсемдерінен көз жазып қалдық десе де болады. Тіпті, Абылай, Әбілқайыр, Қабанбай, Бөгенбайлардың аттарының өзі тарих беттерінен аластатылды.

Осылайша, кеңестік идеология­ның кесапатты құшағы бізді ұлттық рухтан, отаншылдық сезімнен айырды.

Көнесінен көз жазған, шежіресінен шеттетілген қуыскеуде, ас ішіп, аяқ босатқанына мәз қалың тобырға айналдырды. Ең бастысы – ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық пен ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасы қопарылды. Бодандық кезең әкелген негізгі трагедиямыз да осы. Сондықтан, Президентіміздің ұлттық тарихқа, ұрпақтар сабақтастығы мен бірлігіне белгілі бір жылдарды (1998,1999) арнап, арнайы Жарлық шығаруының бұл мәселелерді жандандыруда мән-маңызы зор болды.

Өмір бойы маңызын жоғалтпайтын өнеге – дәстүрлі қазақ қоғамында басқарудың тамаша демократиялық жүйесі қалыптасқан. Ол – билер құқығы, осынау билік иелері өткізген билер кеңесі, билер соты. Негізінен, қазақ халқының ежелден қалыптасқан сана-сезімінде билік – «ел басқару», «өкім ету» сөздерімен мәндес ұғымда. Дешті Қыпшақ дәуірінде, Жошы Ұлысы, Қазақ ордасы, одан кейінгі патшалық Ресейдің қол астындағы кезеңдерде қазақтан талай-талай азулы да ақылман билер шыққан.

Олар халық пен ханның арасында дәнекер, үйлестіруші, тіпті, мемлекеттің рухани-идеологиялық саясатын жүзеге асырушылар болды. Қазақтың мемлекеттік құрылымындағы мұндай қызмет – «билер институты» деп аталады.

Иә, қазақтың Майқы биі, Аяз биі, Мөңке биі, Бейсенбі биі, Әнет биі, Бұхар биі, Төле биі, Қаз дауысты Қазыбек биі, Әйтеке биі, Нияз биі (Тілеуліұлы), Шоң биі, Шеген биі (Мұсаұлы), Мамашәріп биі, Беген биі (Азынабайұлы) және тағы да басқа билері осындай данагөй, қара қылды қақ жаратын әділ, ел мен елді, ағайынды бір-бірімен жарастырушы бітімгер, халық қатты құрметтеген тарихи тұлғалар. Тарихи, энциклопедиялық әдебиеттерде он шақты би-шешендер хақында айтылып жүргенімен, әлі де ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқан қазақтың белгілі билері қаншама!

Осы мәселеге орайластыра отырып, билер төреліктерінің әділеттілігі мен мәдениеті тұрғысында Ұлытау өңірінде ел басқарып, ел билеген, «Бағаналының төрт босағасы» деген атаққа ие болған төрт биге байланысты тарихи деректерді баяндауды жөн деп таптым.

Бұл – «төрткүл дүниеде тө­беге ынтымақ оралсын», «төрт құбыламызды түгендейік», төрт босағаны нығайтып, қай жағымыздан да дұшпан келсе де мығым тұрсын, «үшеу билік айтса, төртіншісі құптап, төбе билік етілсін» деген ниеттен туындаған ой.

Жалпы, Ұлытау өңірінде «Төрт босаға» сөз тіркесі тұтас тарихты қамтитын айтулы оқиға. Оның мемлекетіміздің бүгінгі тұтастығына қосқан тарихи үлесі де аса зор.

Өйткені, ол ниеті бұзық патша өкіметінің қазақ хандығын таратып, болыстық жүйені енгізген тұсында құрылған, қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыпты сақтауға, жеріміз бен еліміздің тұтастығын қорғап, қасиетті аманатты ұрпаққа жалғауға бағытталған өзіндік дұрыс бағыт-бағдары, бет-бейнесі, жүйелі мақсаты бар әрі батыл іс-қимыл әрекеттегі саяси-мемлекеттік құрылым.

Қазақ қазақ болғалы ел ішіндегі тіршілікте орын алып отырған дау-дамайларды шешу барысында «Төрт босағаң кім?» деп сұраған екен. Бұл сұрақ «Ауыл-еліңнің, жұртыңның пірі кім, биі кім, батыры кім, мырзасы кім?» дегенді білдірген. Сұраққа тиісті жауап ала алмаса немесе аты-жөндері аталған адамдар елге белгісіз жандар болса, әңгіме әрі қарай өндімеген. Бұл мәселе туралы 1998 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Әйтеке би» атты жинақта толық баяндалған.

Жоғарыда тоқталып өткендей, Бағаналының төрт босағасы: Қадыр би – пірі, Шегір би – биі, Сандыбай, Ерден биі – батыры, Бабыр би мырзасы болған.

Күні кеше ғана халқымыздың тарихы көмілген көмбе сияқты еді. Тәубе, Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта осы бағытта ұшан-теңіз, қыруар жұмыстар атқарылды. Елінің бірлігі менжерінің тұтастығын сақтап қалу жолында жау найзасын кезегенде қалқан болып кеудесін тосқан, саясаттың сансыз бұралаңында қиыннан жол тауып, көсемдік те, шешендік те көрсетіп билік айтқан көптеген бабаларымыздың нақты тұлғалары енді-енді толыққанды ай­қындала бастады десек қате­леспейміз.

Солардың бірі әрі бірегейі жоғарыдағы Бағаналының төрт босағасының біреуі – Бабыр би Бөкеншіұлы 1770 жылы дүниеге келген. Қызылтаз-Ибеске-Жұртшы болысын Ресей қарамағына кірген 1832 жылдан 1858 жылға дейін басқарған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары көтерілісінің мәні мен мақсатын бүкіл болмысымен түсініп, Кенесарыға қолдау-көмегін аямаған тұлға ретінде танымал. Бұған мысал, Бабыр бидің бақандай он ұлы мен балаусадай он екі немересінің Кенесары ханның жасағында бастан-аяқ болғанының өзі, айтулы бидің туған елінің азаттығы мен тәуелсіздігін аңсаған тұлға екендігін білдіреді.

Бұл мән-жайлар, Кенесары ханның 1844 жылдың аяқ кезінде Бабыр биге құпиялап арнайы хат жолдауының өзі кезінде Бағаналының төрт босағасының бірі атанған Бабыр бидің ағайын арасында ғана емес, қалың қазақ ішінде де беделі биік болғандығын көрсетеді.

Бабыр бидің қазақтардың егіншілік кәсіппен айналысуына үлкен мән берген алғашқы азаматтардың бірі екенін көпшілік біле бермейді.

Бабыр бидің ел арасындағы әр деңгейдегі дауларды шешуде де салмағы ерекше болған. Бұған Орын­бор мұрағатынан алынған төмендегі құжаттар дәлел болады. Санк-Петербургте демалыста жүрг­ен Орынбор губернаторы – граф В.А.Петровский Омбы губернаторы Г.Х.Гасфортқа қатарынан екі, яғни, 14.12.1853 жылы №502 және 20.01.1854 жылы №104 санды хаттар жолдап, қазақтар арасындағы мал дауларына байланысты Бабыр Бөкеншіұлына салмақ салынса, даудың әділ шешілетінін атап көрсеткен.

Бабыр бидің сөзге жүйрік, көкірегі ояу, ескіше білімдар жан болғандығына айғақ дүние ретінде Түркістандағы Иман қажының «Дарының мен біліміңді барша халқың пайдалансын» деп ишандық қызметке шақыруы дәлел. Алайда, аталған шақыруға елдегі қым-қиғаш саяси-әлеуметтік мәселелерді қалдырып кете алмаған.

Негізі, Бабыр бидің жаратылысынан ерекше туған, бөлек тұлға екеніне қазақтың соңғы ханы Кенесары ақыл сала келгенде «Қырғызбен соғысып, береке таппассың. Басқа амалын қарастыр» деп берген кеңесі куә. Алайда, Кенесары хан тоқтамасын білген соң:

Бағың мен бағытың Батыста екен,

Жолың жабық екен Шығыста.

Алған бетіңнен қайтпайсың ғой,

хан ием,

Әттең, жолың болғалы тұр орыста.

Бұл барғаннан барарсың,

Жақыннан қаза табарсың, – деп бір тоқтап, «Япыр-ай, Хан ием, алтын басың жауға ғана емес, дауға да кезіккелі тұр» деп күрсінсе керек. Хан тарапынан райынан қайтар шырай білінбеген соң, Наурызбай тағдырын да сөз ете тікесінен бір-ақ айтқан екен:

Бірің басыңды алдырарсың,

Бірің басыңды қалдырарсың.

Жазмыштан озмыш жоқ деген,

Бұл тағдыр, Хан ием!

Одан қашып құтылмайсың,

Алла алдыңнан жарылқасын! – деп батасын берген.

Бірде Бабыр би науқастанып жатқанда замандасы Шегір би көңілін сұрай келіп:

Ойыңызда жүрген ұрпақтарыңыз жайында артыңызға қалдыратын қандай өсиетіңіз бар? – деп көкейінде жүрген сауалдарын қойған екен.

Сонда Бабыр би: «Елімізге, жерімізге басқа көз алартқан соң, амалсыздан халқымыз Ресей патша­сының қол астына кіруге мәжбүр болар. Жеріміз кең, бай болғанымен ұрпағымыздың саны көбеймей, жерімізді-байлығымызды өзіміз толық меңгермей, еркіндік-бостандықты өз ұрпағымыз ала алмай, сырттан сөз жүзінде ғана көмек алып, іс жүзінде жағдайлары болмас. Бір-біріне қайырымдылығы азайып, төтенше ауыр саясатқа қарсы күресе алмай, ауыртпалықта қайғы-мұң кешіп, амалсыздан түрлі жағдайға ұшырап, өмірі қысқа болады» деп ауыр күрсінген екен. Зейін қоя тыңдап отырған Шегір би ойлана сөйлеп: «Елді бірлікке, ымырашылыққа, ұйымшылдыққа, алдыңғы қатарлы ел болуға топтастыратын, баулитын ұрпақ бола ма?» деп сауалын жалғаған екен. Сонда Бабыр би: «Алла Тағаланың күш-қуатымен жүз жылдан кейін ел жаңадан өзгерер. Елді қалыпқа келтірер еркіндік туар. Ол заманда Алла Тағала бір пенде жаратады. Елдің тілін, дінін, жағдайын жақсартуда ел басшылары руға бөлмей топтастырса, ол пенде халқымызды ел болуға бастайды» деп тоқтапты.

Бабыр бидің айтқан сөзі тура келіп, арада жүз жыл өткенде еліміздің бағына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Президенттікке сайланып, халқымызды ел болуға бастап, қазіргі таңдақазақ елін әлемге танытты.

Өз заманының қабырғалы қайраткері Бабыр Бөкеншіұлы 1854 жылы қайтыс болған. Уәйіс Байжанұлымен бақида да бірге, яғни, Бағаналы руынан жерленген екінің бірі болып, қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қабірханада мәңгілік тыныстап жатыр.

Төрт босаға билерінің жасы жағынан үлкені болған Кәдір би Сары Сарғалдақ руынан шыққан ақылды, дана адам болған. Билікті екі адамның арасындағы дау-шардан бастап, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, барымта-қарымта дауларының екі жаққа бірдей тиімділікпен мәміле-бітімге келтіріп, шешіп отырған. «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, батылдығымен, әділдігімен, сөзге шешендігімен халқына қамқор, еліне пана болған тұлға.

Бұған мысал, Бірде Кәдір би атамыз бас болып, Бағаналылардың игі жақсылары мен «Төрт босаға» түгел жиналып, билік құрыпты. Дау сәтті аяқталып, бәрі жадырап, көңілдері енді жайлана бастағанда, босағадан имене аттап, рұқсат сұраған қыз бен жігіт кіріпті. Мән-жайды білмек болғанда, қыз бала жүзін төмен салып, көзіне жас алып, Кәдір биге:

Әкемді елі сыйлайды,

Әкемді қызының жағдайы қинайды.

Бой жеткен деген – дерт екен,

Ғашықтық – жанған өрт екен,

Көңіліме қайғы салды.

Аллаға аянды сіздерден жасырамын ба,

Мынау «қимасым» деген

Қамалымды алды.

«Құмар қанғанымен»,

Басымыз дауға қалды,

«Құда түс» десем, «кедеймін» дейді,

Атажан, айтшы, бізді кім жебейді? – деген екен.

Сонда Кәдір би еңсесін тіктеп жігітке: «Қалқам, сен кімсің? Айттырып ала алмасыңды білсең, қыздың басын дауға неге саласың? Не жағдайыңды айтып, жолыңды тап, немесе жазаға тартылып, жөніңді тап» дейді. Сол сәтте өңі қарауытып, көзінен от шаша жігіт саңқ етіп:

Жауға салсаң, сұңқарың болайын,

Бәйгеге салсаң, тұлпарың болайын.

Жабы мінген жалқы демесе,

Жалғыздың тәңірі – Алла,

Аруақ жебесе…

Қауқарым жоғы рас, қалың беретін,

Кессең, бас міне, жанымдай көретін.

«Қыздың күнәсі» үшін құлдарың болайын,

Отау тігіп берсеңдер, ұлдарың болайын! – дейді.

Аз-кем ойланған соң айтар сөзін жүйелеп алған Кәдір би:

Уа, игі жақсылар, басына іс түсіп келген екі жасқа бүгін рақымшылық жасайық. Бұлар бұзақылық, яки, көргенсіздікпен емес, шарасыздықтан алдымызға келіп, пана сұрап отыр. Бұл да болса, «Ер сасқан кездегі» естіліктері болар, оны ұқпасақ, кемшілігіміз болар» – дегенде, «Жөн, жөн сөз» деп қалғандары қолдапты. Ендеше, менің айтарым – осы уақытқа дейін қызына қалың алып, теңіне ұзатпағаны үшін «қырық жетінің жарымын» қыз әкесі төлесін, қалған қалың малға тиесілі жиырма қараны «Төрт босаға» өз арамызда біз бөліп берейік. Сөйтіп, екі жасқа отау тігіп, шаңырақ көтерейік. Жігітті жат тұтпай, пана болыңдар. Осыған тоқтағандарың әумин деп бата берейік» – депті. Мұндай шапағатты іс, әділ шешім көп болыпты. Жалпы төрт би бас қосып, ақыл-кеңес, билік айтқан кездерде, билер мен ел басқарушыларының сөздерін тыңдап болып, Кәдір би: «Ал, бозжорғам (Шегірді Кәдір би осылай атаған), сен не айтасың, ой-тұжырымың қалай?» деп сұрайды екен.

Бағаналы елінің өсіп-өніп, толысқан кезінде жер бөлісуге төрт би бас қосыпты. Жер бөлу жөніндегі түпкілікті билікті Кәдір биге берген екен. Сонда Кәдір би Шегір биге қарап, «Осы билікті өзіңіз шешіңіз» – деп, сөз беріпті. Шегір би кезегінде: «Екі Кеңгірді Сары Сарғалдақ пен Жырық алсын, Екі Жездіні Ибеске мен Жұртшы алсын, Ырғайлы өзені мен Байқоңыр өзенін Ақтазға беріңдер» – дейді. Сонда Бабыр би тұрып, «Оу, Бозжорға-ау, мұның қалай?» – деп қарсылық айтыпты. Бұған Шегір би: «Олай болса, қалағаныңызды өзіңіз алыңыз, қиғаныңызды ініңізге беріңіз» деп Ерден мен Бабырдың Қожас руынан тарайтынын алға тартып, шешімін өзгертпей, сол бітімге келіп, келісіммен тарасыпты.

Міне, кезінде өз ортасына сөзі­мен де, ісімен де абырой-беделге ие болған, замандас­тары «Бозжорға» деп құрмет­теген Шалабайдың Шегірі десек, Шала­байдың өзі сонау Тәуке ханның бас уәзірі, ақылшысы болған Аталықтан тарайды.

Сол төрт босағаның бір тіреуі – Шегір би Шалабайұлы Ақтаздан тарайды.

Шегір би ел билігінде тапқыр­лығымен, ақыл-айласымен белгілі болған. Шешуі қиын істерді ақылдасу үшін жақсы мен жайсаң Шегірге жүгінеді екен. Жорыққа шығатын батырлар болашақ ұрыстың айла-тәсілін, ұрымтал тұстарын Шегірдің ақылымен шешіп, аттанатын болған.

Заманында елге қадірі өткен Шегірдің билігіне тоқтасып, ұлғайған кезінің өзінде киелі санап, ұйғарған шешіміне ешкім қарсы келмеген. Шегір би Шалабайұлының өнегелі ісінің бірегейі ретінде жастарды ел ісін басқаруға баулығаны да ерекше аталады.

Төрт босағаның ішінде ең ерекше беделге ие болған жан – осы Шегір би.

Көзінің тірісінде-ақ Бағаналы елінің «Бозжорғасы» атанған Шегір би 1774 жылы дүниеге келіп, 1866 жылы дүниеден өткен. Бейіті Кішітау мен Ұлытаудың түйісер тұсында Шығырлы өзенінің бойындағы Обалы деген атақонысында. Күйдірілген қызыл кірпіштен қаланып, һас шебердің қолынан шыққан кесененің тарихы және сәулет ескерткіші ретіндегі маңызы өте жоғары.

Сандыбай дүние салғаннан кейін оның баласы Ерденді ел басқару ісіне Кәдір, Бабыр, Шегір билер баулыған. Ерден Сандыбайұлы көзінің тірісінде батыр атанған адам.

Белгілі тарихшы Мұрат Әбдіров Абайдың әкесі Құнанбай жайлы айта келіп: «Қарадан шығып, хан атанған екінші бір тұлға хорунжий Ерден Сандыбаев. Ол қоқандарға қарсы 1856 жылы соғыста айрықша көзге түсіп, алтын медаль алған» деп жазады «Шенді шекпен» атты мақаласында («Ақиқат», №3, 1997 жыл).

Ерден Сандыбайұлының қадір-қасиетін, ақыл-парасатын сол за­мандағы қазақтың үш жүзінің түкірігімен өрт сөндірген шешендері, аспандағы аққуды алдындағы ай­дынға қондырған күй­шілері мен көмейі­нен маржан тамған ақын-жыраулары бағалай да, құр­­меттей де білген. Ерден сол заманның біртуар дарын иелері – Сегіз сері, Ықылас, Сайдалы Сары Тоқа, Тәттімбет, Шөжемен де сыйлас-сырлас болған. Бұған дәлел – Ықылас Дүкенұлының «Ерден» және Тәттімбет Қазанғапұлының «Бестөре» күйлері. Ал, бұрынғы билер мен шешендер айтып еді деген Ерденге қатысты ұлағатты сөздердің орны бір төбе, яғни, Ерден Сандыбайұлы – өз заманының биі, көрнекті мемлекет қайраткері.

Тағдыр Ерден Сандыбайұлына аға сұлтандық қызметті ұзақ атқаруға нәсіп етпеді. Ол 1863 жылы 55 жасында дүниеден озды.

Бабалар тағылымы тұғырынан көз тастап, шама-шарқымыз келгенше көңіл елегінен өткізіп, ортаға салу көптен ойда жүрген шаруа еді. Қазақ хандығының мәртебе-мерейі үшін жанын да, қанын да қиған, бүкіл саналы ғұмырларын осы ұлы жолға жұмсаған ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары Қазақстан Республикасының нығаюы мен өркендеуі жолында туған Отанымыздың түпкір-түпкірінде абыроймен еңбек етуде.

Жалпы еліміздің береке-бірлігін сақтаған, даңқын жоғары көтерген, елімізге қорған болып, халқымыздың өсіп-өнуіне ықпал жасаған бабаларымызды еске алып, жас ұрпаққа өнеге ретінде жеткізіп отыру – бүгінгі күннің қажетті де қасиетті іс-шараларының бастысы.

Туған елі құрметтерін, ілтипат-ізеттерін ғасырлар бойы үзбей көрсетіп, аттарын аңызға айналдырып келе жатқан өз замандарының қабырғалы қайраткерлерін қадірлеу мен қастерлеу – бүгінгі ұрпақтың ең басты парыздарының бірі.

Сәрсен САҒАТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button