Күншуақ (Эссе)

«Өз пайдаңа ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде».

Жүсіп БАЛАСАҒҰН.

Азаматтың асылы, өмірі өнегеге толы, халқына қадірлі, еліне сыйлы болған қазақтың біртуар азаматы Есенбай Тахановтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Есенбай ағаның баянды ғұмыры мен ел үшін жасаған ізгі істері туралы таңды-таңға атырып айта беруге болады. Бойындағы адамгершілік қасиеттері мен салмақты мінез-құлқы, елі мен жеріне деген шексіз махаббаты – кім-кімге болсын үлгі-өнеге.

Ол ел тарихында өзінің орнын ойып тұрып алған, рухы – қазақ интеллектуалды маман, өз ортасы үшін тұлға еді. Оның қызметі, халқына сіңірген еңбегі жайында талай мақала жазылып, жас ұрпақ артында қалған ойлы сөздерін аңыз етіп айтып та жүр. Елім деген ерінің қадір-қасиетін бала да, қария да біледі, сырт көз сыншылар да кемеңгерлігіне сүйсініп, қадап, қайталап айтумен келеді.

Неміс философы Ф.Ницше: «Бәрінен де мықты – байлап тастайтын көзге көрінбейтін жіптер» деген екен. Ол көрінбейтін алтын жіптер – ұрпақтардың рухани байланысы, сабақтастығы мен халықтың жаңылмайтын жады. Елім деп еміреніп, халқым деп толғанған ағамыздың адал жолы, қайраткерлігі жайында айту, оны ел болашағы жас ұрпаққа жеткізудің еш оғаштығы жоқ деп ойлаймын.

Есенбай ағаны бала кезімнен бастап білемін. Достыққа адал, ағайын-туғанына барынша бауырмал, ізгі ниетті асыл азаматтың бойындағы ғажайып қасиеті мен асқан ұлтжандылығын үлгі етіп, сүйсініп өскендердің бірімін. Жыл аралатпай жүздескенде ілгері басқан қадамымызға тілектес болып, ақыл-кеңесін айтып отырушы еді.

«Жамандама еліңді – шығар төрің, жамандама жеріңді – барар көрің» деген өз пікірінен таймай өтті… Бұл – әркім есінде сақтап, ойлануы тиіс қасиетті сөз.

Ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы: «Ұлттың тарихын, өткенін білген халық болашақтың да иесі болады, ал білмеген ел – балалар үйінде тәрбиеленген, тегін білмейтін жетім баладай. Қазақ оларды «мәңгүрттер» десе, орыстар «Иваны, не помнящие родства» деп жиренеді. Тарих қазақтың елін, жерін, ел басына қауіп төнгенде бірлікті қастерлейтін мінезін танытады. Көп нәрсені бабаларының шежіресінен біледі, осылай ел тарихы мен отбасы тарихы ұштасып жатады» – деп жазған екен.

Шынында, болашаққа үмітпен талпынған маған халқымның тарихы мен әлемдік құндылықтарды оқып, насихатшысы болған Есенбай ағамыздың әсері ерекше болды.

«Ескең туа отбасынан, әсіресе, анасынан дарыған зеректігімен қазақтың ауыз әдебиетіне жетік еді. Ауылда отбасында естігені бар, кейін кітаптардан оқығаны бар қазақтың ертегі-қиссаларын түгелдей дерлік білуші еді және оны мүдірмей жатқа айтатын. Ескеңнің аузынан «Тотының тоқсан тарауын», «Фархад-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «ХасанҚұсайын», «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Ертөстік», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қамар сұлу», «Шұғаның белгісі», «Сұлушаш», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Тәуке батыр», тағы басқа қисса-дастандарды талай естідік.

Ескеңнің бір ерекшелігі – естіген әңгімесін, оқыған кітабындағы мәтінді, екінші қайталамай жадына берік сақтайтындығы», – деп Қайырбек Байсеркин ақсақал сүйсіне еске алып отыратын.

Есенбай Таханұлы 1920 жылы, 20 наурызда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Өндіріс колхозы (Қасабай ауылы), Ақсай қыстағында дүниеге келіп, 1985 жылдың ақпан айында Шабанбай би ауылында өмірден озды. Бар болғаны 65 жыл ғұмыр кешті. Қамшының сабындай жалғандағы саналы ғұмырын Ұлы Отан соғысында ел қорғауға, бейбітшілік кезеңінде елдің әл-ауқатын, әлеуметтікқаржылық жағдайын көтеруге арнады. Қандай жағдайда да адамдық, азаматтық келбетін жоғалтпады, лауазымның биігінде де бір мінезінен айнымады, табиғат берген өз қалпынан бір шегінбеді.

«Орысша, қазақшаға сауатты, бетті еді, айтып тастайтын. …Қолма-қол қисынды сөз тауып айтудың шебері еді. …Аудан басшылары Ескеңнен қатты сескенетін, өйткені, өзі таза, қоғам затына қызықпайтын, ешкімнен ештеңе дәметпейтін. Содан болу керек, ол кісіге ешкім тиісе алмайтын. …Ескең нәзік жан еді, ашаң бойында артық ет жоқ, жаны таза еді. Бірақ, әлді болатын. Белдескенді алып ұратын, шапшаң жігіт еді. Алайда, топқа түсіп күрескен жоқ.

Мінезі ұшқыр болғанымен, кісіге жанашыр, сұрап келген шаруасына көмектесуге ынталанып тұратын еді» – деп еске алады замандасы Қабылбек Рамазанұлы ақсақал.

1940 жылы Қарқаралыдағы мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумын қызыл дипломмен бітіріп, оқығанынан тоқығаны көп, зерек Ескең еңбек жолын РайЗО зоотехнигі болып бастады. Байсалды, істеген ісіне тыңғылықты, адамдармен тез тіл табысатын, ұйымдастырушылық қабілеті бекем, ауыл шаруашылығы бойынша орта арнаулы білімі бар азаматты Ақтоғай халқы құшақ жая қарсы алды. Жүрегі қалаған ісіне жастық жалынмен белсене кіріскенде оны қан майдан даласына алып кетеді.

1942 жылы Ақмола қаласында құрылған 106-Қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының құрамында болып, Харьков түбіндегі соғысқа қатысқан. 1943 жылы Балтық әскери теңізшілер десантында миномет расчетының командирі болған. Ленинград қаласын азат етуде қаһарман жауынгерлермен бірге болды. Майдан даласында қазақ дейтін ұлы халықтың атына кір келтірмей, Отаны үшін жанын да, қанын да беруден тартынбады. Азаматтық міндетін абыроймен атқарған Есенбай аға жанкешті ерліктері үшін «Ленинградты азат ету», «Ерлігі үшін» медальдары, ІІІ дәрежелі «Даңқ» және І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталды.

1945 жылы 25 қазанда елге оралды. Қайтадан ауыл шаруашылығы саласында басшы қызметтер атқарды. Жас кезінде аштықты да, жұтты да, соғысты да басынан өткерген азамат, қайнаған еңбекке білек сыбана кірісіп, қазақтың көшін алға сүйреуде аянбай қызмет етті. Ежелден күнкөріс көзі – мал басының өсуіне, егіннің мол болуына да игі ықпалын тигізді. Киров және Калинин атындағы ұжымдық шаруашылықтарда басқарма төрағасы болып жұмыс атқарды. 19641977 жылдары Шұбартау совхозының директоры болып, жоғары табыстарға жетіп, үлкен шаруашылықты ұршықша иіріп басқарып, жемісті еңбек етті. 1977 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін Қаратал совхозында бас экономист болып істеді.

Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып (1958 ж.), Қазақ ССРінің Құрмет грамотасымен марапатталды (1958 ж.), «Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген зоотехник» атағын алды (1973 ж.).

«Қызметіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпті қатаң ұстанатын, өтірікші, жағымпаздарды жаны сүймейтін, келеңсіз сәттерде қарапайымдылығын, байсалдылығын сақтайтын.

…Ұжымның бас маманы, Ескеңнің құрдасы Анарбектің бір көзі ақ түскендіктен көрмейді екен. Екеуі келісіп, келесі күні ерте тұрып малшыларды аралап, жағдайларын біліп қайтпақ болады. Үлкен ағам ерте тұрып, Анарбекті тосып отырады, шыдай алмай үйіне барса, ол кісі әлі ұйықтап жатыр екен. Ағам Анарбекті оятып: «Елдің екі көзінің ұйқысы қанып, тіршілікке араласып кетті, ал сенің жалғыз көзіңнің ұйқысы қанбайды екен» – деп кейіс білдіріпті» – дейді немере інісі Есенғали Қорабаев.

Әлеуметтік тұрғыда қиын жылдарда жұмыс деп еш нәрсеге бұрылмаған Есенбай аға көзі тірісінде өз артына естелік жазып қалдырмай кетті. Өмір, заман солай болды. Бірақ, халқының жадында қалған Ескеңнің білгірлігі, суырыпсалмалығы, шешендігі, тапқырлығы тудырған әфсаналары бірнеше нарға жүк болардай.

Есенбай Таханұлының өз аузынан естіген әңгімелер:

Қоңыр күзде Талдықорғанның Арасанына барып, демалып келдім. Сонда жүргенде бір азамат өзін өзгелерден оқшаулау ұстап, паң басып, сәнденіп жүрді. Кигені – көк қаракөл малақай, аяғында – ақ пима. Бірде, асханадан шығып, есік алдында он шақты жігіт әңгімелесіп тұрғанда, әлгі азамат та келіп, шеткерілеу тұрды. Маған қарап:

  • Не істейсің? – деді. Мен совхоз басқаратынымды айттым.

  • Е, қойшы екенсің ғой, – деді.

  • Өзіңіз не істейсіз? – деп сұрадым.

  • Аудандағы үшеудің біріміз! – деді сырбаздана сөйлеген ол.

  • Үшеудің бірі болғанда, төрдегі дүрілсіз бе, әлде, босағада қала беретін екеуінің бірісіз бе? – дедім. Тұрғандар ду күлді. Әлгі азамат қыпқызыл болып, ештеңе айта алмай, біздің ортамыздан тұра жөнелді. Кейін білсек, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы екен.

♦ ♦ ♦

Коммунистердің «қылышынан қан тамып тұрған» кезінде Қарағандының аэропортында хабарландыруды орысша екі рет, қазақша бір-ақ рет айтатын.

Соны естіген бір масаңдау адам Ескеңе: «Естідің бе, анау неге орысша екі рет, қазақша бір-ақ рет айтты?! – деп керіледі.

Сонда Ескең жұлып алғандай: «Қазақ – сергек, ұғымтал халық, бір айтқанды қағып алады.

Ал, сен сияқты мас, мәңгүрттерге қайталап айтпаса, миына кірмейді, – деген екен. Сол жерде самолет күтіп тұрған қазақ, орыс ду күледі. Анау мас адамның тілі байланып қалыпты.

(Қайырбек Байсеркин ақсақалдың естелігінен).

Осы сөз біреулерге анайы сөз болып естілуі мүмкін. Асылында, Ескеңнің бұл сөзінде анайылық жоқ. Қазақ билерінің, шешендерінің сөзді тұспалдап, жұмбақтап айтатын, аз сөзбен көп мағына білдіретін шешендігінің нағыз үлгісі.

Тек ұлы адамдар ғана осылай еркіндеу ойлайды, еркін айтады!

Кейбір авторлардың Ескеңнің ел арасына кең тарап кеткен ерекше шешендік сөздерінің қазақы шынайы дәлдігін түсінбей, өздерінің мүсәпірлігіне бейімдеп, кітаптары мен баспасөзде оқиғаны өздерінше баяндайтыны көңілге кірбің ұялататыны да жасырын емес…

«Атың шықпаса жер өрте» дегенді тура мағынасында түсінген деңгейі төмен есі дұрыс емес «псевдожұлдыздардың» маркетингіне («кәсібіне») алданып, сөзі мен ісін бағып, төмен деңгейде массаттанғанша, Ескең сияқты ел арасына кең тарап кеткен ерекше шешендік сөздердің кені болған біртуарларды насихаттайтын кез келді емес пе?..

Есенбай ағасыз өткен 35 жыл…

Жүректе сағыныш, риясыз мұң, аппақ нұрға шомылған сағым болған сырлы күндер ғана қалды…

Ағаға деген сол бір сағынышты естен кетпес, көңілдің төрінен орын алған жылы жүздесуге толы естеліктермен ғана толтыра аламыз. Ақ қағазға жазылған естелік, бәлкім, сақталмас, алайда жүректе жыр болып жазылған сағыныш мәңгі кетпейтіні белгілі.

Алмастай асыл, алтындай аз, құс сүтіндей қат тұлғалар мен ақындарды, ғалымдар мен қайраткерлерді Тарих-Ана ұзақ толғатып, сирек туады. Халқы: «Ел аман болсын, ел бағына туған ер аман болсын!» – деп, оларды ұрпағына үлгі тұтып, жадынан ешқашан өшірмейді.

Олар ешқашан сайқал саясат пен ұраншыл науқандардың құрбанына айналмайды.

Өмірдің дауылы мен жауынында, өрті мен дертінде, селі мен сергелдеңінде өзін жоғалтпаған Есенбай Таханов ағам – мейірі, жан жылуы, күш-қайраты, білімі мен жарығы мол халқымның күншуағы еді.

Содан болар, жарқын бейнесі мен ардақты есімі менің ғана емес, ел жүрегінде де мәңгі қалды!

Р.S. Бірде Ескеңнің ұлы Қуат мұғалімнің үйінде фотосуреттерді қарап отырғанымда, бір суретке ерекше назарым ауды. Алматыда өткен мемлекеттік үлкен бір жиынға қатысушылардың топталып түскен суреті екен. Тарихи сәт. Суретте маңдайлары жарқырап Дінмұхаммед Қонаев пен Жұмабек Тәшенов отыр… Қайран тұлғаларым-ай… Алаштың осындай ардақтыларының арасында нар тұлғалы Есенбай ағам да тұр!..

Тебіреніп кеттім…

Қайран Ескем-ай!..

Қуаныш МАҚСҰТОВ,

ақын, бард, Қазақтың Сары тентегі, Халықаралық, республикалық ақындар айтысы мен фестивальдердің лауреаты.