Көмір өнеркәсібінің келешегі қандай?

 

Елдегі көмірдің жалпы геология­лық қоры мен болжалдық ресурстары 150 млрд. тоннаға бағаланады.    Тас көмірдің  қоры олардың жалпы санының – 63%-ын, қоңыры – 37%-ын құрайды.  Алайда,  қордың үлкен бөлігі Орталық Қазақстанда, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында шоғырланғандығын атап өту керек.

Республиканың елеулі өнеркә­сіп­тік әлеуеті бар шығыс, батыс және оңтүстік аудандары көмір отынының өткір тапшылығын бастан кешіп отыр­ғанын мемлекет те жоққа шығармайды. Осыған орай, Үкімет тарапынан көмір өнеркәсібін дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасы қабылданғаны мәлім. Тұжырымдама елдегі көмір өнеркәсібін дамытумен қатар, ондағы өнімдердің сапасын жақсартудың, сөйтіп, елдегі көмір энергетикасына тапшылықты  жоюды діттейді.  Мәселен, бұған дейін жария етілген  мәліметтер мұны жария еткен болатын.

Жалпы, деректерге сүйенсек, Қа­зақстан Республикасының көптеген облыстарында қоры бойынша бірқатар шағын және орташа кен орындары бар. Олардан өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықтың коммуналдық-тұрмыстық отынға қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін көмір өндіруге болады екен.

Олай болса, мәселе неде? Мәселе – бұл кен орындарының көпшілік бөлігінің жеткіліксіз барлануында дейді зерттеулер. Соған орай, кейбір кеніште көмір  қоры анықталмаған. Ал, олардың көпшілігі геологиялық барлау жұмыстары жүргізілгеннен кейін өнеркәсіптік игеруге тартылуы мүмкін.

Қазақстанның отын-шикізат базасының жай-күйін ескере отырып, одан арғы геологиялық барлау және тәжірибелік-технологиялық жұмыс­тар белгілерін барлау мен толық бар­лауға, сондай-ақ, энергетикалық көмірдің жаңа кен орындарын іздестіруге шоғырландырылуы тиіс деп санайды зерттеулер.

Болжам бойынша 2007-2020 жыл­дар кезеңінде кокстелетін көмірге қажеттілік 14,3-тен 24,3 млн. тоннаға дейін ұлғаятын көрінеді. Мұнда «АрселорМиттал Теміртау» болат департаментінің, Қазақстан Республикасы түсті, фосфор және ферросплав өнер­кәсібі кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктері мен жақын және алыс шетелдерге жеткізілімдер қамтамасыз етілмек.

Негізі, 2020 жылға дейін  «АрселорМиттал Теміртау» Болат департаменті кокстелетін көмір өндіретін жұмыс істеп тұрған шахталардың қуатын жылына 12,2-ден 17,0 млн. тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді.

«Гефест» көмір өнеркәсібі кәсіп­орындары қауымдастығы  кәсіпорын­дарында кокстелетін көмір өндіру 2007-2020 жылдардағы кезеңде жы­лына 2,0 млн. тоннадан 7,3 млн. тоннаға дейін өсіруді межелеген дерек бар.

Энергетикалық көмір мен коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждарға арналған көмірді негізгі өндіру ашық әдіспен Екібастұз және Майкөбе бассейндерінде, Қушоқы, Бөрлі, Шұбаркөл кен орындарында, Қаражыра кен орнында және жергілікті маңызы бар шағын кен орындарында жүргізілуде.  Қазақстандық энергетикалық көмірді ішкі тұтыну және экспорт 2020 жылы 121,3 млн. тоннаға дейін немесе 39,2 млн. тоннаға (32,3%-ға) ұлғаяды. Бұл ретте энергетикалық көмірді Қазақстан Республикасының жұмыс істеп тұрған, кеңейтілетін, жаңғыртылатын және жаңадан салынатын жылу және электр станцияларының электр генерациялаушы қуаттарына жеткізу, сондай-ақ, ұзақ мерзімді тиісті міндеттемелерде келісілген көлемде экспорттық жеткізілімдер қамтамасыз етілуге тиіс.

Қазақстан Республикасының тұ­тыну теңгерімі мен көмір ресурстары кокстелетін көмірге қажеттіліктің толық жабылатындығын, энергетикалық көмір бойынша 2020 жылдары жылына 7-10 млн. тонна көлемінде бос ресурстар болатындығын көрсетеді.

Өндірістік қуаттарды ұлғайту көмір өндіретін кәсіпорындарда ең қазіргі заманғы технологиялық схемалар мен өнімділігі жоғары тау-кен, көлік және қосалқы жабдықтар енгізуді талап етеді.

Қазақстан Республикасының кө­мір өнеркәсібін перспективалы дамытудың маңызды бағыты жер қойнауын кешенді пайдалану және энергетикалық көмір мен коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтарға арналған көмірдің тұтыну қасиеттерін жақсарту болып табылады.

Қазақстандық көмір өндіруді ұл­ғай­туға арналған инвестициялардың қажетті көлемі 2007-2020 жылдар ара­­лығындағы кезеңде 3,98 млрд. АҚШ долларын құрайды, оның ішінде: 2,13 млрд. доллар кокстелетін көмір өндіру жөніндегі қуаттарды дамытуға және 1,85 млрд. доллар – энергетикалық көмір өндіру бойынша қуаттарды дамытуға жұмсалмақ.  Көмір өндіретін жаңа кәсіпорындар салу және жұмыс істеп тұрғандарын техникалық қайта жарақтандыру 2020 жылға қарай еңбекшілердің санын 10 мың адамға дейін ұлғайтуды талап етеді.

 

Әзірлеген

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.