Көксеу

Дүниеден баз кешіп, дара кеткім келеді,

Тоғышарлық тірлігін, талақ еткім келеді.

Сонау бала күнімнің, аңқау, аңғал періште,

Тазалығын, пәктігін, ала кеткім келеді.

Дүниеден баз кешіп, көшіп кеткім келеді,

Сырдың суын сирақтан, кешіп кеткім келеді.

Құлы болған нәпсінің, қанағатсыз, тойымсыз,

Пенделіктің кебінін шешіп кеткім келеді.

Дүниеден баз кешіп, ауып кеткім келеді,

«Туырлығын кескілеп, шауып кеткім келеді».

Мезі еткен меңіреу, мына кәрі жалғанның,

Алба-жұлба жабуын, жауып кеткім келеді.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.