Басты тақырыпРухани жаңғыру

Елбасы мақаласы – елдіктің бойтұмары

             Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бері экономикамыз ілгері жылжыды, ел еңсесін тіктеді. Бастысы, уақыт о баста дұрыс таңдау жасағанымызды көрсетті. Елбасының сарабдал саясаты осындай материалдық құндылықпен қатар, рухани байлығымызды да жаңғыртатын сәтпен тоғыстырды. Бізді – Қазақстан халқын.
Тура бір жыл бұрын Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Кешегіні – кемел келешекке жалғап, Мәңгілік елдің мұрасын жаңғыртуға жол сілтеген құжат.
Жуырда, мақаланың жарық көргеніне 1 жыл толуына орай, Астана қаласындағы Ұлттық музейде есептік жиын өтіп, көрме ұйымдастырылды.

Шараға аймақтардағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің мүшелері, ғалымдар, мəдениет қайраткерлері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосуды Президент Əкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева ашып беріп, игі бастаманы əрі қарай жүйелі жалғастыру керек екендігін айтты. «Ол үшін бағдарламаны халық арасында кеңінен насихаттау қажет», – деді А.Балаева.
Қалың ел жақсы білсе керек, мақаладан туындайтын міндеттер – елдің игілігіне бағытталған. Мысалы, қалталы азаматтар ел жаққа көз қырын салып, қолұшын беріп жатқаны қандай жарасымды-ақ! Жер-жерде бастау алып, бұқараға нұрын сепкен «Туған жер» бағдарламасы – сөзімізге дәлел. Бағдарлама аясында Атымтай-Жомарттардың қолдауымен 51 млрд. теңге қаражатқа 700-ге жуық нысан бой көтеріп, қайта қалпына келтірілген. «1700-ден аса меценат осы жұмысқа ат салысты. 2018 жылғы бірінші тоқсанда меценаттар тарапынан бөлінген қаржы көлемі 4 млрд. теңгеге жуықтады. Биылдың өзінде-ақ 61 млрд. теңгеге 450 нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілмек», – деді Президент Əкімшілігі Мемлекеттік бақылау жəне аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Мұханов.
Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – «Қазақстанның қасиетті географиясы». Жоба Қазақстандағы киелі нысандарды жүйелеу мен жіті зерттеуге мүмкіндік берді. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Əбдіғалиұлының айтуынша, жалпыұлттық маңыздағы 185 қасиетті нысан жəне жергілікті маңыздағы 463 қасиетті нысан анықталған. Бұл тізімге біздің өңірден Ақмешіт тауы (Ұлытау), Бектауата тауы мен үңгірі, Теректі әулие, Алаша хан кесенесі, Жошы хан кесенесі, Домбауыл кесенесі, Бұқар жырау кесенесі, Құнанбай қажы мешіті, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің Тарихи-мәдени орталығы, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы және басқа нысандар енгені мәлім.
Биыл да жалғасын табатын «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары да сөз алып, мақаланың маңыздылығына тоқталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттап, энциклопедиялық қызмет көрсететін «Мəдениет порталының» да тұсауы кесілді осы күні. Интернет-ресурс болашақта еліміздің мəдени мұрасын заңды түрде бір жерге жинақтайтын жəне тұрақты түрде көрсететін ағартушылық бағыттағы ең ірі мəдени платформа болмақ. Жұмысын үш тілде жүргізетін портал мұрағатында 5324 автордың жеке парақшалары ашылып, ақпараттық материалдар, электронды кітаптар, аудиокітаптар, əндер, күйлер жəне сирек фотосуреттер жинақталған.
Жалпы, мақаланың әрбір жобасы мемлекеттік бағдарламалардың жүгін арқалап тұр деуге толық негіз бар. Бұл ретте, біздің облыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасының республикалық тізіміне енген жобалар саны бойынша көш басында. Өткен жылдың өзінде 169 жоба жүзеге асып, құны 2,3 млрд. теңгені құраған акциялар өткізілген. Биыл 4,7 млрд. теңгеге 238 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ал, 2022 жылға дейін жалпы көлемі 12,3 млрд. теңгені құрайтын 430 жоба іске асады деген болжам бар.
Бұдан нені аңғарамыз? Елбасының бір жыл бұрын жарияланған мақаласы шын мәнінде санаға сілкініс берді. Қара бастың қамы емес, қалың елдің мүддесі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, мүлтіксіз қызмет етуіміз қажеттігін ұқтырды.
Яғни, ұлтымыздың барын ба­ғамдап, жоғын түгендеп берген бұл бас­тама ел ырзығын еселейді. Елбасы сөзімен айтсақ, «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».

Қуаныш Аманқұлов
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button