Дарвинизм дәріптеле бере ме?

Тәңірінің төрт кітабы пенде атаулы Адам Ата мен Хауа Анадан тарағанын растап тұрғанымен, осы күнгі оқулыққа үңілсең маймылдан жаратылған болып шыға келесің. Нанбасаңыз, биология пәні оқулығын ашып қараңыз. Құдай жоқ деп ұран салған Кеңес одағының шаңырағы опырылып ортасына түскеніне де биыл жиырма сегіз жыл. Әйтсе де, оқушы миын осы күнге дейін ашытуды бір қоймадық.

Зайырлы мемлекетке кіндігіміз байланып тұрғанда отандастарымыздың діни наным-сеніміне де шектеу болған емес. Алайда, діні бөлек екен деп алатайдай бүлінген алауыздығымыз жоқ. Жал- пы, діни наным-түсінік те, ғылыми жаңалық та – адамзат баласына ортақ игілік. Құстың қос қанатындай дер едік. Кейде бірақ, сол «қос қанаттың» өзі қағысынан жаңылатыны бар. Қоғам қозғалысында қарама-қайшылық болмай тұрмайды ғой. Оның үстіне, адамзат баласына тән қасиет – ағаттық жасаудан әлі де арыла алмағанымыз белгілі.

Қазір не көп – теория мен тұжырым көп. Адамзат көшін алға бастырғаны бар, адастырып, алғыс орнына қарғыс арқалағаны тағы бар. Кейінгісі – ағылшындық ғалым Чарльз Дарвиннің «Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу» еңбегіне қатысты дер едік. Мұнда ғалым геология, палеонтология, биогеография, эмбриология, салыстырмалы анатомия және цитология салалары бойынша білген-түйгенін қорыта келе «табиғат өзгермейді» деген көзқарасты мүлде жоққа шығарып, «эволюциялық даму нәтижесінде адамзат баласы пайда болғанын» алға тартады. Ғалымның пайымдауынша, адамзат жануардың қай түрінен түрлену арқылы пайда болғанын біліп отырған боларсыздар.

Маймылдан.

Қош…

Азаттық пен қатар асыл дінімізбен қауышып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген тоқсаныншы жылдардың басы отандастарымыздың жадында болар. Дін атауын жамылып, діңімізден айы- руға ниет еткен түрлі ағым өкілдері де сол жылдары ағынды судай лап қойды. Өкініштісі сол, оны бірден аңғара алмадық. Қызыл су қиратқан шаңырақтар қайта қалпына келгенімен, түрлі ағым- ның ағыны бұзған шаңырақтар қалпына келе қойған жоқ. Санасы уланған ұл-қыз- дарымыз шайылып Шам шаһарына кете барды. Бір кездері Əбу Насыр əл-Фараби білім іздеп барған шаһарға өлім іздеп баруды шығарды.

Неге? Бәлкім, өткен ғасырдағы құдайсыздар қоғамы ағылшындық ғалымның «адамзат маймылдан пайда болды» деген эволюциялық теориясын алға тартпағанда олай болмас па еді дейміз. Мектеп қабырғасынан соған сеніп келген ұрпақ күндердің күнінде жат ағымды уағыздаушы аузынан өзінің Адам Ата – Хауа Анадан жаралғанын естіп, осыған дейін оқып-білгені түкке тұрғысыз екен деп түйер еді. Оң мен солын айыра алмаған жас азамат бұдан соң әлгі ағымның соңына түспесіне кім кепіл?

Оқулық түзелмей оң қадам жасау мүмкін емес. Бәлкім, сол одақ дәуірінің өзінде Бауыржан Момышұлының «Дарвин маймылдан тараса, мен қасқырдан тарағанмын!» деп ашынуы да бекер емес болар. Бөрі десе болғаны тамырымызда қасқырдың қаны тулайды деп тағы аңызға ауыз саламыз.

Қандай да бір тоқтамға келер кез келмеді ме, осы?

Рауан Қабидолда,

білім, ғылым және патриоттық тәрбие бөлімінің меңгерушісі.