Тарих

Әбу Насыр әл-Фараби және Ақжан әл-Машани: ұлы тұлғалар құбылысындағы рухани сабақтастық

«Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының жариялануы – отандық тарихты жаңаша әдістемелік тұрғыдан зерттеуге зор мүмкіндік туғызды. Мақалада көтерілген іргелі мәселелердің стратегиялық ұстанымының тартымдылығы соншалықты – ұлттық тарихымыздың құндылықтарын қайта зерделеу жұмыстары кезек күттірмей басталып кетті. Халықтың мыңдаған жылдардан бері өзіне ғана тән рухани құндылықтарына негізделген дүниетанымы мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырса, жаһандану жағдайында кез келген ақпараттық шабуылға төзімділік таныта алады.

Тарихи санасы қалыптасқан қоғамның мемлекеттік идеологиясының негізі берік болатыны бәрімізге белгілі жағдай. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген құндылықтар халқымыздың тарихи жады мен ұлт руханиятының шыңдалуына және әлемдік өркениет кеңістігінен қазақ халқының орны мен рөлін анықтауға бағытталған. Онда Ұлт көшбасшысы қазақ тарихының тұтас бір түркі әлемі кеңістігінде дамып келе жатқанына назар аударып, дүниежүзілік өркениеттер тарихындағы қазақ тарихы мен мәдениетінің аса маңызды рөлін дәл көрсетіп берді. Бұл қазақстандықтардың тарихи санасын жаңғыртудағы тың стратегиялық бағыт болды. Себебі, тарихты жасайтын тұлғалар. Ұлы Далада салтанат құрған қағанаттар мен ұлыстардың құрылуы мен қалыптасуы және өркендеуі, мықты мемлекетке айналуы мемлекетті басқарған басшылардың харизматикалық тұлғасына байланысты болғанын біз жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, халықтың тарихи жадында түркі қағанаттары мен мемлекеттерінің даңқты қағандары мен батырлары, ақылгөй даналары Бумын, Мұқан, Таспар, Құтлық-Елтеріс, Күлтегін, Тоныкөк, Әл-Фараби, Сатұқ Боғрахан және басқаларының есімдері мәңгілік қалған.

Солардың ішіндегі ерекше тұлға – адамзат білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі – қазақ топырағынан шыққан, халқымыздың данышпан перзенті Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби болды. Орта ғасырлық мұсылмандық Шығыста «Екінші ұстаз» ретінде танылған Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құйылатын өңірінде түркі қолбасшысының отбасында дүниеге келген. Көне Египет үшін Ніл өзені, ал көне Вавилон мен араб-парсы мәдениеті үшін Евфрат пен Тигр өзендері қандай рөл атқарса, Ұлы Дала тарихында Сырдария аңғары ежелгі өркениеттің бесігі ретінде маңызды орын алады.

Елбасы мақаласында көтерілген іргелі мәселелерді зерделей келгенде, өзінің жанкешті еңбегімен көзі тірі кезінде «ХХ ғасырдың әл-Фарабиі» атанған Ақжан әл-Машанидің биік тұлғасы ойға бірден оралады. Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ғұлама ғалым, профессор Ақжан Машанов Орталық Азия мен Қазақ елінен шыққан тұңғыш фарабитанушы болды. Ақжан әлМашани әл-Фараби мұраларын терең ғылыми көзқарас тұрғысынан зерттей келе, астрономия, табиғат, музыка саласындағы ғылымдар әл-Фарабидің еңбектерінен бастау алады деген құнды пікір айтады. Ақжан әл-Машанидың пікірінше, әл-Фараби балалық шағында сауатын Отырарда қыпшақ тілінде ашқан.

Тереңірек үңілсек, әл-Машанидің кеңестік-тоталитарлық заманның қатал тәртібіне, жүйенің зобалаң сипатына мойынсұнбай, туындаған кедергілерден қорықпай, халқының болашағы үшін өз өмірін тағдыр тәлкегіне салып, аянбай тер төккенін көреміз. Ол саналы ғұмырында орта ғасырдағы ислам өркениетінің қарыштап өркендеуіне Орталық Азия түркілерінің айтарлықтай үлес қосқанын және өздері де сол дәуірдің озық өркениетін қалыптастырғанын өзінің ғылыми еңбектері арқылы бұлтартпай дәлелдеп отырды. Өздерінің ғылымишығармашылық еңбектерімен әлемдік өркениеттің қарыштап дамуына Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн себепші болғанын үнемі дәріптеп, 1917 жылға дейін қазақ халқының 2 пайызы ғана сауатты болған деген кеңестік үстем идеологияға батыл соққы берген Ақжан әл-Машани халқының нағыз патриотына, арқасүйер тұлғасына айналды.

Ерте замандарда жазылған араб тарихшылары мен саяхатшыларының еңбектерін тереңінен қарастырған Ақжан Әл-Машани Шығыстың екінші ұстазы Әл-Фарабидің туған жері қазіргі Қазақ елі екенін былай дәлел келтіріп: «Әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб (Отырар) екенін дәлелдеп жазып, картаға түсірген – арабтың атақты ғалымгеографы ибн-Хаукал. Ол өзінің «Китап Масалик уа мамалик» деп аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағының сипатын беріп, қалаларын картаға түсірген. Ол Отырарды жазғанда, картаға түсіргенде әдейі, арнайы тоқталып: «Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері», – деп көрсетіп кеткен. Ибн Хаукал мен әл-Фараби бірінбірі жақсы таныған, сол кездегі Дамаск шаһарының билеушісі Сайф ад-Дауланың сарайында бірге болған» деп жазады.

Сонымен қоса, Ақжан әл-Машани әлФарабидің шығармаларын Батыс Еуропа ғалымдарының мейлінше кеңінен пайдаланғандығын және оның Қайта өрлеу дәуіріндегі гуманизмнің дамуына күшті ықпал еткенін батыл болжайды.

Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік-тоталитарлық идеологияның қысымына қарамастан, Ақжан әл-Машанидің әл-Фараби мұраларын зерттей жүріп, мұсылман елдерімен мәдени-рухани байланыс орнатуға деген ұмтылысы зор болды. Әл-Фарабидің шығармаларын түпнұсқадан оқып-біліп, жалпы халыққа насихаттау үшін жасы елуден асып кетсе де, араб тілін меңгеруге шындап ден қойды. Оның мұсылман елдерінде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей бақылап отырғанын Алматыға Кувейттен келген журналистпен арнайы жолыққанынан-ақ аңғаруға болады.

1983 жылы Кувейт мемлекетінің «Аль-Ғараби» ғылыми журналының тілшісі Мұстафа Набил Алматы қаласына туристік сапармен келеді. Осыны естіген Ақжан Машанов шетелдік журналисті тауып алып, кездеседі. Аталмыш кездесу қыркүйек айында болады. Бұл уақыт әлемнің милитаристік державасы ретінде танылған Кеңес Одағының мәңгілік деп саналған заманы болатын. Шетелдік қонақтарды, туристерді МҚК (КГБ) қызметкерлері қатаң бақылауға алып, олардың жүріс-тұрыстарын, жергілікті адамдармен кездесуін жіті қадағалап отыратын уақыт еді. Қарапайым адамдардың барлығына да түсінікті осындай шектеулерді профессор Ақжан Әл-Машанидың білмеуі, әрине, мүмкін емес. Бірақ, өз ісіне шын берілген патриот ғалым тәуекелге бел буып, Кувейтте жарық көретін «АльҒараби» ғылыми журналының тілшісі Мұстафа Набилмен кездеседі. Ондағы мақсаты әл-Фарабидің есімін иеленген мерзімдік баспасөз арқылы әлемге Қазақ деген елдің барлығын және осы елдің әлФарабидің Отаны екенін дүние жүзіне паш ету болатын. Күтпеген кездесуге басында күдікпен қараған шетелдік журналист кейіннен өзінің таң қалғанын жасырмайды. Журнал тілшісі осынау күтпеген оқиғаны әл-Фарабидің өзімен кездесумен тең санады. «Ол кездесу Кеңестер Одағындағы мұсылман әлеміндегі ең әсерлі, ғұмырымда ұмытпайтын кездесуім болды», – деп жазыпты журналдағы мақалада Мұстафа Набил. Орайы келгенде, Мұстафа Набилдің мақаласын ұсынуды жөн көріп отырмын:

«Қазақстанның астанасы Алматыда мен үшін тарихта «екінші ұстаз» деген атпен қалған әл-Фарабиді аштым. ӘлФарабимен бұл кездесу менің кеңестік мұсылмандар әлемінде болған кезімдегі ең әсерлісі және ең маңыздысы болды. Сонымен қатар, Кеңестік Одақтың мұсылмандық ортасындағы исламның жаңғыруының белгілі деңгейіне де көз жеткіздім. Бұның бәрі менің қонақ үйге қайтып келе жатқанымда өзімді күтіп тұрған 40-50 жастағы адамды кездестіруден басталды. Ол менен «Сіз мұсылмансыз ба…» деп сұрады. Мен оған дұрыс жауап бергенімде ол: «Әлемде не болып жатыр. Қашанға дейін мұсылмандардың артта қалушылығы жалғаса береді?» – деп сұрады. Мен таң қалдым және одан абайлап қана «Сіз менің осында екенімді қайдан білдіңіз?» – деп сұрадым. «Ол кадидан» деді. Сосын ол «геология профессоры Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машанимін» деп есімін атады.

Менің геология бойынша зерттеулерім мені 1100 жыл бұрын осы ғылымның негізін қалаған әл-Фарабидің еңбектеріне алып келді. Әл-Фарабидің шығармалары арқасында мен жомарт Ислам әлемімен таныстым. Мен мұсылмандардың өз қолдарында қандай мұра бар екендігі туралы айтқандарына таң қалдым. Бұл мұра барлық адами адамзаттың қиындықтары мен мәселелерді бейбіт шешудің кілті болып табылады. Ол өз зерттеулерінің қорытындылары туралы жан-жақты әңгімелей бастады. Оларды өз портфелінде толып тұрған суреттер және сызбаларымен дәлелдеп берді. Ол уақытқа дейін бар әлемге әл-Фараби Хорасан провинциясының Фарабынан шыққан адам ретінде белгілі болса, менің жаңа әңгімелесуші адамым Ақжан әл-Машани ұлы ойшылдың Қазақстанда орналасқан Отырар қаласынан шыққандығын дәлелдей бастады. Бұл тыңғылықты ізденіс пен зерттеуді қажет ететін таң қаларлық факті болды. Профессор Ақжан әл-Машани әл-Фарабидің көзқарасы мен шығармашылық еңбектеріне арнап сегіз кітап жазған. Оның барлығы да жергілікті тілмен жазылған. Сонымен қоса ол үлкен сүйіспеншілікпен өзінде бар, әлі де зерттелмеген қолжазбалар туралы айтты. Әл-Фарабидің жазбаларының бір бөлігі жоғалған, кейініректе Братислава қаласында ұлы ғалымның осы уақытқа дейін белгісіз болған қолжазбалары табылған. Әл-Машани әл-Фараби шығармаларының үлкен мәнін дәлелдеуді бастады. 1100 жыл бұрын ғалымдардың жазғанын бүгінгі күнгі ғалымдардың зерттеулері нақтылайды.

Мысалы оның орыс және француз тілдеріне аударылған музыка туралы теориясы тура неміс музыканты Кеплердің аударуымен сәйкес қайталанады. Әл-Фараби музыка мен музыкалық гамманың және галактикадағы аспан денесі қозғалысының тығыз байланыста екендігін дәлелдеді және маған бұл фактіні дәлелдейтін суретерді көрсетті. Бұдан кейін әл-Машани әл-Фарабидің математика, астрономия, музыка мен қасиетті Құранның арасындағы байланыстың бар екендігі туралы тұжырымға қалай келгендігін түсіндірді. Бұның барлығы соншалықты дәрежеде дәлелді көрсетілгендіктен әл-Фараби қайтадан кеңестік мұсылмандардың зерттеуінде екендігіне көзім жетті.

Қоштасар сәтте менің әңгімелесушім Ақжан әл-Машани қолымды қатты қысты және оның көзінен жас тамып былай деп қайталады: «Мен өзімнің барлық ғұмырымды зерттеуге арнаған бұл мәліметтерді барлық мұсылмандарға жеткіз, олар өздерінің мұрасы жөнінде ақиқатты білуі керек. Мүмкін бұл олардың еліндегі немесе бар әлемдегі өмірді өзгертер».

Осы оқиға Орта Азия тұрғындарының мұсылман ғалымдардың шығармаларын қайта жаңғыртып, қастерлеп, оған көңіл бөлуге құштар екендігіне көзімді жеткізді. Мәдени жаңғыру қозғалысы бұл аймақта тұратын исламдық өркениетті жасаған көне ғалымдардың ойын көп мазалады.

Орта Азия сияқты бірде-бір аймақ мұсылмандық өркениетке осыншама атақтыларды берген жоқ. Бұл тізімнің соңы жоқ: әл-Фараби, ибн Сина, әл-Хорезми, әл-Бируни, әл-Рази, әл-Ферғани, Ұлықбек, Имам әл-Бұқари, ан-Насифи және Абу Хамид әл-Ғазалиге дейін».

«Аль-Ғараби» журналынан, 1984 жыл, маусым, №38 Б. 70-71.

Мақала осылай аяқталады. Бұның өзі әл-Фарабидің туған Отаны Қазақстан екенін, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұламаның шығу тегі қазақ халқы болып саналатынын жер-жаһанға жариялау жолында көзсіз ерлікке барып жүрген Ақжан әл-Машаниге де, елімізге де зор жеңіс әкелген тарихи оқиға еді.

Қазіргі уақытта мұндай мәселелер күнделікті қатардағы оқиға болып көрінуі мүмкін. Ал, сол уақыт шеңберінен қарайтын болсақ, осы мақала үшін Ақжан әл-Машанидің қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін еді.

Кейінірек кувейттік араб ғалымы «Әл-Машани өз пікірін толық дәлелдеді», – деп жазады. Осы оқиғадан кейін Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан соң Ақжан Машанов өзінің ғылыми мақалалары мен еңбектеріне әл-Машани деп фамилиясын өзгертіп жазып жүрді.

Тарихи деректер бойынша әл-Фараби жетпіске жуық тіл білген. Ғалым ретінде әл-Фарабидің ат салыспаған, зерттеу жүргізбеген ғылым саласы жоқ деуге болады. Энциклопедиялық білімге ие болған ғалым өзінің трактаттарында жоғары эрудиция мен терең зерттеушілік ізденісті ұштастыра отырып, философия, логика, математика, астрономия, медицина, музыка, тіл білімі, әдебиет теориясы және тағы басқа ғылым салалары бойынша қыруар көп ғылыми еңбек жазды. Баға жетпес еңбектерімен әл-Фараби энциклопедист-ғалым, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы саналды. Ақжан әл-Машанидің болжауы бойынша кейінгі орта ғасырлар дәуірінде Еуропалық ренессансқа әл-Фарабидің шәкірттері себепші болған. Олардың ең атақтылары ретінде Әбу Әли ибн-Сина мен ибнРушдты айтуға болады.

Ақжан әл-Машани әл-Фараби жөніндегі өз ойын былай деп тұжырымдайды: «Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ, олардың ішінде дәл әл-Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш ғылым саласына бірдей ұлы үлес қосқан, аса ірі жаңалық ашқан ғалымды табу қиын. Платон, Аристотель, Птоломей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағанын өздері жазып кеткен».

Зерттеуші ғалым, профессор С.Сыздықов: «Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен Шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің реалийлеріне сәйкес, «Мәңгілік Ел» идеясының саяси-философиялық, теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» шығармаларында баяндайды», – деп ежелгі түркілерден бері келе жатқан Мәңгілік Ел мемлекеттік идеологиясының теориялық-методологиялық негізінің әл-Фараби еңбектерінде жарияланғанын тұжырымдайды.

Әл-Фараби заманында түркі жұртының қала-мемлекеттері басым болған. Сондықтан, әл-Фарабидің «қала» түсінігін «мемлекет» түсінігімен сәйкес қарастыруы орынды. Ол қала-мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін бере отырып, ізгі қалалардың жетілдірілген әлеуметтік құрылымының анықтамасын берді. Кейбір мәселелерге түсінік берген кезде ақыл-ой мен терең философиялық білімге ие болған әлФараби өз дәуірінен асып түсті. Әл-Фарабидің мемлекеттік басқарудың механизмдерін жетілдіріп, билікті ізгілендіру үшін ұжымдық, топтық басқарудың үлгілі идеясын, демократиялық әділетті, ақылды басшы туралы идеясын ұсынды. Әл-Фарабидің ойы бойынша қоғамның жетілген алғашқы үлгісі «қала-мемлекет» билігі болып есептелінді. Ғұлама ғалым анықтаған адамның адамгершілік құндылықтарына басымдық берілуі ізгі қоғамның неғұрлым орнықты сипаттамасы болып саналады, бұл қағида қазіргі заманғы таным үшін маңызды да өзекті болып отыр. Данышпан билеуші бейнесінде көрініс тапқан кемел адам идеясы оның шыңы болды.

2007 жылы Ақжан әл-Машанидің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Сонда қазақ халқы ұлы тұлғаларының есімдерін әл-Фараби мен әлМашани деп үлкен құрметпен бірауыздан атағанына барлығымыз да куә болдық. Академик Салық Зиманов Ақжан әл-Машаниге «Бүгінгі күннің тірі жүрген Фарабиі», – деп баға беруі де ғалымның ұзақ жылдарға ұласқан ізденісінің жалпыхалықтық тұрғыдан мойындалғаны деп түсінеміз. Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани – әл-Фараби мұраларын зерттеуге жарты ғасырлық ғұмырын арнап, әлемнің екінші ұстазын туған еліне «қайтарып», оның Отаны бүгінгі қазақ жері екенін өзінің нақты ізденісімен ғылыми тұрғыдан дәлелдеген патриот ғалым.

Ақжан әл-Машанидің зертеулері арқылы әл-Фараби идеялары бүгін де өмір сүріп келеді. Себебі, 1971 жылы Ақжан әл-Машанидің бастамасымен әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде Алматы қаласында өткізілген еді. Енді келесі жылы Ақжан әл-Машанидің шәкірттерінің бастамасымен әл-Фарабидің 1150 жылдығы да ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,

 Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының аға оқытушысы,

 PhD докторанты.

Басқа материалдар

Back to top button