Болмыстың үні – «Бебеу»

Бірнеше республикалық мүшәйра жүлдегері Абай ОРАЗДЫҢ «Бебеу» атты алғашқы жыр жинағы жуырда ел астанасындағы «Кәусар» баспасынан жарық көрді. Кітаптың шығуына қаржылай қол ұшын созған – Сәтбаев қаласының әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ.

Бірден биікке ұмтылмай, өзінің қабілет-қарымын қарапайым қалпымен көпшілікке танытып, әдеби ортаға мойындатып, шынайы бағасын алып барып топқа кірген жас ақын алдымен Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ғимаратында жұртшылықпен жүздесіп, жаңа жыр жинағын таныстырды. Бұл шараға ізін басқан інісіне үлкен үміт артқан танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жоғарыда аталған филиал төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы ұйытқы болды.

Бұдан кейін жаңа жыр жинағын таныстыру кезегі Қарағандыға келді. Н.Гоголь атындағы облыстық ғылымиәмбебап кітапханасына өлеңсүйер оқырман мен жергілікті қаламгерлер, жалпы, зиялы қауым жиналды. Керемет кездесудің, мазмұны бөлек басқосудың тізгінін облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Жәнібек Әлиман ұстады.

Аға буын жылы лебіз білдіріп, Абай Ораздың ойлы өлеңі төңірегінде пайымды пікір айтты. Жарыса оқып қана қоймай, оның туындысын әр қырынан талдаған  үзеңгілес замандастары өрісті өлеңге келісті бағасын берді. Қысқасы, қара өлең мен жалпы поэзия өрелі әңгімеге өзек болып, жиналған жамиғат жас ақынның әсерлі әдеби әлемімен танысты. Абайдың өзі жыр бұлағын ағызып, шабыт дариясын шалқытты.

– Абыз Абаймен аттас ол – атына заты сай ақын. Құнарлы тілмен сусындап, бағзыдан жеткен бабатанымды бойына сіңірген. Оның «Қараша туғанда», «Әжем айтушы еді», «Құдық басында» деген өлеңдерінен көкірегі аңызға толы ақсақалы бар қараша ауылдың иісі аңқиды. Қала қазағынан жырақтап кеткен ғажайып қоңыр болмыс «Бебеудің» бәсін биіктетіп тұр. Бұл қағылез қарабала әлі талай белесті бағындыратынына кәміл сенемін, – дейді «Кәусар» баспасының директоры, жинақ редакторы, ақын Қуат Құрмансейіт.

Әлібек ӘБДІРАШ.