Руханият

“Бітпестің баяны”

Автор бұл туындыда «бітпес» деп аталатын ою арқылы түйе жануарын өрнектеген. Қазақтың бітпес ұғымы ою-өрнекке байланысты айтылады, ғылымдағы шексіздік ұғымымен мәндес. Автор «дала кемесі» атанған түйе жануарын «бітпес» оюымен салу негізінде Ұлы Даладағы мәңгілік өмірді әйгілегендей.

Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ түйені көбіне көшке жеккен. Дала кемесі! Суретшінің жасыл және қызғылт сары түстерді осы түйелердің бейнесі арқылы бөлгені де тегін емес. Жасыл – жердің түсі, қызғылт сары – күннің түсі (бейнелеп айтқанда), яғни, аспан мен жер арасындағы адамзаттың өмір жолы, көш-керуені (мәдениет, өркениет, басқа құбылыстар да тоқайласа жатады ғой онда). Ал, ою арқылы жер мен көктің мәңгі екенін меңзейді. Түйелердің бейнесін күңгірт қызыл әрі жасыл түспен ортаңғы бөлікке тастап, туындының оң жағы мен сол жақ шетін әдіптемегендігімен кеңістікті беріп отыр. Дала философиясын ұлттық ою-өрнек пен бояу арқылы тамаша көрсете білген.

Өміркелді ӘБЕУОВ, суретші:

  • Табиғатта екі мезгіл бар: көктем мен күз. Көктем – тіршіліктің, өсудің бастауы, күз – өсіп-толысып бітетін мезгіл. Яғни, табиғат жемісін беретін кез. Осының өзі тіршіліктің үзілместігі ғой, қайталанып отырады. Мысалы, көктемде өніп бастайды да, күзде жемісін береді. Жылда солай қайталанып отырады. Ол – мәңгілік, тоқтамайды. Бәрін көтеретін түйе жануары арқылы табиғаттың қиындықтарын бердім. Табиғаттың өсіп, жеміс беруі ешқашан үзілмейді. Қайталана береді.Адам баласы да сондай, өседі, жемісін береді де қайтады. Оны кейінгі ұрпағы жалғастырады. Ол да өседі, ер жетеді, жемісін береді, қайтады. Адам мен табиғаттың тығыз байланысы.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button