Басты тақырыпОблыс әкімі

Білім беруге – байыпты көзқарас

Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын талқылау жиыны – кеншілер шаһарында ұйымдастырылған білім беру жүйесіндегі педагогикалық қызметкерлердің тамыз кеңесімен басталды. Жиынға қатысқан аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ білім мен тәрбие берудегі жаңашыл көзқарастарға кеңінен тоқталды.

Бұл ретте, жаңа оқу жылына даярлық жұмыстарына қоса, білім сапасын арттыруда Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы үштілділік, инклюзивті білім беру, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жағы сөз болды.

Жиында сөз алған аймақ басшысы қатысушылардың назарын облыстың білім беру жүйесін жаңартудағы өзекті мәселелерге аударды. Мәселен, отандық білім беру жүйесіне қосқан облыстың жыл бойғы жетістіктері, білім ошақтарының, ұстаздардың қосқан үлесінің маңызды шарттары айғақталды. Педагогикалық қызметкердің білім сапасын арттырудың басты кепілі – жан-жақты ізденіс және жоспарлы бағдарламалармен жұмыс жасай білу екендігі де баса айтылды. Кеңеске қатысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Елбасының «Білім – ғылым – инновация» үштігі басқаратын постиндустриалды әлемге жылжып келеміз» деген сөзін тілге тиек етті. Тамыз кеңесінің Мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалдық реформаны іске асырудағы бағыттарды айқындауда маңызы зор екенін баса айтты.

Сондай-ақ, алқалы кеңеске қатысқан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы К.Шәмшидинова, Бри­тан кеңесі директоры Д.Буттери, «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасының республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасы төрағасының орынбасары М.Әбенов кеншілер шаһарындағы педагогикалық қызметкерлердің ғылыми инновациялық жобалардағы, білім сайыстарындағы жетістіктеріне тоқталды. Сөз алған ««Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіп­керлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары М.Әбенов, «Кәсіпқор» холдингінің индустриалды-инновациялық даму бағдар­ламасына сәйкес, облыс бойынша жас мамандарды кәсіпке дайындау жүйесіне тоқталды. Жастардың жұмысқа тұру кепілдігін қамтамасыз ететін өңірдегі зауыттардың холдингпен тығыз байланыста екенін жеткізді.

Британ кеңесінің директоры Д.Буттери Қарағанды облыстық білім басқармасымен бірлескен жұмыстар аясында, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасына орай үштілділікті дамытудағы облыс педагогтерін ағылшын тіліне үйрету қарқын алғанын айтты. Белгілі болғандай оқу жұмыстары «Aptis» тестілеу жүйесі бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатында онлайн түрде өтетін сынақ жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, мәжілісте Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы А.Аймағамбетов, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын талқылау барысында соңғы жылдары аймақтың білім деңгейі республика көлемінде үздік үштіктен көрініп жүргенін жеткізді.

Сондай-ақ, Бұқар жырау және Жаңаарқа аудандарында жаңа мектептер, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілгенін айтты. Білім басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың маусым айында Абай ауданының Құрма ауылында 320 орындық мектептің құрылысы аяқталса, қазан айында Ұлытау ауданының Бетбұлақ ауылында салынып жатқан 80 орынды мектеп қолданысқа енгізілген. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша үш ауысымдық оқытуды жою мақсатында Сәтбаев қаласында 600 орынды және Қарағанды қаласында 1200 орынды мектептерді салу құрылысы аяқталуда. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін осы нысандар аяқталады.

Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданында, Қарағанды және Балқаш қалаларында 3 жаңа балабақша ашылса, жыл соңына дейін Жезқазған қаласында жаңа балабақша ашылмақ. Келесі жылы Қарағанды және Абай қалаларында балабақшалар құрылысы басталады.

Жиын соңында бірқатар білім қызмет­керлеріне Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілер табысталып, білім мен ғылымдағы еңбегі үшін медальдар мен облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталды.Алдағы уақытта тамыз кеңесінің мектеп және мектептен тыс ұйымдардың мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне арналған секциялық кеңес жиындары жалғасады. Отырыс талаптарына сай оқытуды жетілдіру бойынша тәжірибеге негізделген нақты жұмыстар қарқын алады.

Аяулым СОВЕТ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button