«Бес пақыр» мазары

«Бес пақыр» күмбезді мазары – Қазақ даласындағы ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарына тән сәулет өнері хақында «сыр шертетін» ескерткіштердің бірі. Аңыз деректері көне мазар қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық күресі кезінде ұрыс даласында қаза болған бес адамның құрметіне салынғанын айтады.

Есімдері күні бүгінге дейін белгісіз сарбаздар жерленген мазар Ақмола облысының Қорғалжың ауданы аумағында, Нұра өзенінің оң жақ жағалауында тұр.

Сол кезеңнің қабылдауымен қарасақ, тартымдылығымен ерекшеленетін құрылыс нысаны 30х23х10 және 50х10 сантиметр көлеміндегі шикі кірпіштен салынған. Атауы «шикі кірпіш» делінгенмен, оның құрамы кімді де болсын таң-тамаша қалдырып, таңдай қақтырады. Зерттеуші мамандар жасаған ғылыми тұжырым кірпіш лайы жылқының жал-құйрығы, қойдың жүні тең көлемде қосылып, қой сүтіне иленгенін айғақтайды. Оның су мен желге, жалпы табиғат құбылыстарының әсеріне төзімділігінің түп-тамыры осы қасиетінде жатыр.

Мазардың екі бөліктен тұратын жалпы ұстыны, негізгі қабырғасының асқан шеберлікпен өрнектелуі, ұтымды ойластырылған кіреберіс пен қос камералы бөліктердің бір-бірімен жымдаса қиюласуы – сол шақтағы сәулетші-құрылысшылардың нысанды жобалау мен кірпіш қалау машығының жоғары деңгейде болғанының көрінісі. Марқұмдар мекені қабырғасының биіктігі үш метрді құрайды.

Құба жон, құла дүзде «мен мұндалап» тұрған мазар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енгізілген. Көне күндердегі сәулет өнерінің ерекшеліктеріне қызығушылық танытушылар бұл жерге атбасын жиі бұрады.

Өз тілшімізден.