Қарағанды

БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

  Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтуге сеп.

Осыған орай, жуырда Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың ескерткіші орнатылды. Тарихы Кеңес үкіметі кезеңінен басталатын қаламыздағы Октябрь ауданында орналасқан Республикалық әскери-техникалық мектептің 1982 жылдан Кеңестер Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың атымен аталып келе жатқанына 35 жыл болғанына қарамастан, Батырға мектеп алдында ескерткіш орнату жөніндегі мектеп әкімшілігі мен аудандық Ардагерлер кеңесінің іс-әрекеттері Қарағанды қаласы сәулет және архитектура бөлімінен қолдау таппай, нәтижесіз аяқталып келе жатқанына бір талай жыл болған еді.

Міне, «Сабақты ине – сә­тімен!». Ескерткіш орнатудың қаражаты – демеушілерден, бюд­жеттен сұралған жоқ. Ес­керткіш дайындалып, арнайы шақырылған мамандардың, Мамыраевтың туған-туыстарының пікірлерінің нәтижесінде, ескерткіш орнатылуға лайықты деп саналды. Алайда, ескерткіштің өзіне және оның қойылатын орнын анықтауда айтыс-талас жалғаса берген еді. Осы мәселеге қала, аудан әкімдігі, қалалық мәслихаттың хатшысы Қ.Бексұлтановтың тікелей араласуымен тартыс тоқтатылып, М.Мамыраевтың ескерткіші орнатылатын болды.

Жуырда осы қуанышты мерекенің куәсі болдық. Мектеп оқушылары құрметті сапқа тұрды. Салтанатты жиынға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы басшысының бірінші ор­ынбасары Б.Аманжолова, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, Батырдың қызмет істеген мекемелерінің өкілдері, аудан жұртшылығы және осы ауданда тұратын барлық ардагерлер шақырылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан қалалық мәслихаттың хатшысы Қ.Бексұлтанов мұндай іс-шаралардың ескерткіш жанында ұйымдастырылуы патриоттық тәрбие беруде өте маңызды екенін атап өтті. Салтанатты жиында Ұлы Отан соғысының ардагері Б.Есжанов, аудан әкімі Ә.Канаев, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Аймағамбетов, Батырдың қызы К.Мамыраева, тағы басқалар сөйлеп, өз қуаныштарымен ой бөлісіп, рухани жаңғыруда осындай іс-шаралардың жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Ақ жаулықты аналар ескерткіштің ашылу құрметіне шашу шашты.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button