Балқашта тамогрфиялық кабинеті ашылды

Жуырда Балқаш қаласының орталық ауруханасында магниттік-резонанстық томография кабинеті ашылды. Енді қала тұрғындары томография іздеп тентіремейтін болды. Бұл мүмкіндік облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Гиппократ» медициналық фирмасының арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты.

Жапондық «Hitachi Medikal Corp.» фирмасының «Airis» маркалы аппараты Балқаш қаласына облыс орталығынан жеткізілген. Құны 299,4 млн. теңге болатын жаңа құрылғының көмегімен мамандар бас және жұлын миын, сондай-ақ сүйек, бұлшық ет, буын және қантамырлар жүйесін тексере алады. Бұған қоса, аталған магниттікрезонанстық томография онкологиялық аурулар мен адам бойында өзге де жасырынған сырқаттарды анықтауда елеулі рөл атқарады. Дайын болған кескіндерді лаборанттар Қарағандыға жіберіп, емделушінің нәтижесін облыстық мамандар қарап, нәтижесі келесі күні дайын болады.

Ем жүргізу кезінде науқасқа сөйлеуге, жұтынуға, тіпті ұйықтауға болады. Тек түшкіру мен жөтелуге болмайды. Томографиядан өту уақыты 30 минуттан 1 сағатқа дейін созылады. Науқас бойында алқа, сырға, сақина, сондай-ақ, пластик карталары, ұялы телефон, кілт сынды заттар болмауы керек. 110 келіден артық салмақты аппарат көтермейді, – дейді магниттікрезонанстық томография кабинетінің лаборанты Мәдина Абдрахманова.

Тұрғындар игілігіне ұсынылып отырған МРТ кабинеті – Балқаш қаласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы төртінші жоба. Мұнда емделушілерді орталық аурухананың үш лаборанты қабылдайды. Медбикелер Қарағанды, Талдықорған және Балқаш қалаларындағы үш айлық оқыту курсынан өткен. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының Балқаш қаласындағы аумақтық өкілеттілік бөлімінің жетекшісі Шолпан Қалықбекова емделудің бұл түрі еш қауіпсіз, сәулесіз, электромагниттік емес, тіпті, балалар мен жүкті аналарға да арналғандығын айтады. Томография 18 жасқа дейінгі балаларға, орталық аурухананың стационарлы (тұрақты) сырқаттарына, жүкті әйелдерге, 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, зейнеткерлерге алғашқы медициналық-санитарлық дәрігер маманның арнайы жолдамасы бойынша тегін жасалады. Ал, ақылы түрін аптаның бес күнінде сағат таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін өтуге болады. Сенбі күні таңғы сағат 8.00-ден түскі 13.00-ге дейін жұмыс істейді. Емнің бағасы мен алдын ала жазылу үшін 6-63-10 нөміріне хабарласуға болады. Соңғы онжылдықта медицина саласында магниттік-резонанстық томография емделуі қиын аурулар мен жасырынған сырқаттарды емдеуде маңызды рөл атқарып келе жатқандығын ескерсек, аталған емдеу құрылғысы балқаштықтар үшін де қолжетімді әрі тиімді болары анық.

Еркеназ БАҚТОРАЗ.

БАЛҚАШ қаласы.