Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жылПоэзия

Қаздауысты Қазыбегім

Қаңқылдаған қазым едің,

Жарқылдаған жазым едің,

Саңқылдаған сұңқарым ең,

Қаздауысты Қазыбегім.

 

Жеті жаста билік айтып,

Ел алдында көрініп ең,

Он төрт жаста билік айтып,

Төр басында төгіліп ең.

 

Əз Тəукенің заманында,

«Жеті жарғы» жазып едің,

Қазағымның бар тарихын,

Шежіре боп қазып едің.

 

Ұлытауға шақырып ап,

Əйтеке мен Төле биді,

Маңдайыңа бақ жазылып,

Таңдайыңа өлең үйдің.

 

Бар қазақтың бірлігіне,

Қызмет еттің ғұмыр бойы,

Тəуелсіздік тірлігіне,

Өзің айтқан тірілді ойы.

 

Сарқылмайтын сазым едің,

Айтылмайтын назым едің,

Қасқайып сен тұрсың тірі,

Қаздауысты Қазыбегім.

 

Қазағымның ұраны боп,

Шырқалатын жыр əні боп,

Берекенің тұрағы боп,

Ырыс-құттың шырағы боп,

Жанып тұрған сазым едің,

Қаздауысты Қазыбегім.

 

Қалмақпенен шайқасқанда,

Ел ғып кеткен қайран бабам,

Жоңғарменен айқасқанда,

Жер ғып кеткен қайран бабам,

Орыспенен бітістіріп,

Бел ғып кеткен қайран бабам,

Қытайменен тіл табысып,

Төр ғып кеткен қайран бабам.

 

Абылайға қорған болған,

Қаракесек орман болған,

Сыр бойында туып едің,

Қаратауда тарлан болған,

Арқаға кеп алты алашқа,

Атың сенің арман болған.

 

Атығайым, Қарауылым,

Баяндағы бар ауылым,

Шыңғыстау мен Абыралы,

Қарқаралы – нар ауылым,

Ақмолада дара нұрым,

 

Жаңаарқада Жаңа ауылым,

Шет пен Кентім, Балқантауым,

Сарыарқада сан ауылым,

Басын иді бүгін саған,

Тағзым етіп дара ұлым,

 

Жезқазған мен Қарағанды,

Жауыртау мен Нұрадағы,

Балқаш пенен Сарышаған,

Мөлдір-мөлдір Тұмадағы.

 

Торғай менен Семейдегі,

Қыздырды елің Арқа төрін,

Қалды сөзің көмейдегі,

Қалды бізге қамқа тоның.

 

Кереку мен Көкшетауым,

Атбасар мен Ақшатауым,

Қызылжар мен Ақтоғайым,

Тарақтылар ноқтадайын,

Бүгінгі күн тарихымда,

Жазылып тұр хатқа ағайын.

 

Бүкіл қазақ тағзым етіп,

Аруағыңа бас иетін,

Түркістанда жəннат көрген,

Қайталанбас қасиетім.

 

Бастауымды сенен алдым,

Байбөріден тарағанмын,

Қаратеке ұраным бар,

Мойынымда тұмарым бар,

Қойынымда құраным бар.

 

Сенің дауысың сияқтанып,

Қаздауысым қаңқылдаса,

Бір түйіршік қаның бүгін,

Сұңқардайын саңқылдаса,

Сенен қайнар жырын алам,

Сенің арқаң ұлы бабам.

 

350 жыл тірісің,

Қазағымның бір пірісің,

Қолда баба аруағыңмен,

Жас ұлыңның ұмтылысын,

Жас еліңнің бұлқынысын.

 

Шомыламын шұғылаңа,

Тəуелсізбін дулығаға,

Елім бүтін, жерім түгел,

Сен тұрғанда Ұлы баба,

Қаздауысты Қазыбегім.

Бауыржан ЖАҚЫП,

«Дарын» мемлекеттік  жастар сыйлығының  жəне

М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button