Қасым әндері Алатаудың биігінде

Қазақ поэзиясының жанартауы Қасым АМАНЖОЛОВ әндері Алатау бауыры – Алматыда шырқалды. Еліміздің рухани астанасына айналған қаладағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен «Қасымның әндері-ай!» концертіне Қарағанды өнерпаздары мен біздің газет өкілі арнайы ат ізін салды. Ақынның жанартау жүрегінен туып, әсем әнге оранған отты жырлары Алатау биігінде қалықтап, алматылықтарды айтарлықтай әсерге бөледі.

Тау мен тау, жер мен жер кездеспейді. Әйтсе де, Арқа даласын Алатауға, Алатауды Арқа даласына жалғаған әйгілі ақынның әнге айналған өлмес туындыларына қалайша бас имеске?! «Қазақстан деген менің бар елім, Жатыр алып жарты дүние әлемін» демей ме шайырдың өзі? Бас игенінің белгісі шығар, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының залы тыңдарманға лық толды. Екі сағатқа созылған концертте тұтасымен Қасым әндері әуеледі. Ақынның 100 жылдығынан бері қолға алынған «Қасымның әндері-ай!» жобасының авторы әрі продюсері – танымал әнші Гүлбаршын Тергеубекова. Астана, Қарағанды, Алматы шаһарларында ақын әндерінің кешін жыл аралатып тұрақты түрде өткізіп келе жатқанының өзі бір ерлікке пара-пар іс. Оны концерт барысында қазақтың күміс көмей, жез таңдай әншісі Роза Рымбаева да ерекшелеп айтты. «Қасым атамыздың әндері орындаушысын тапса, жүректен жүрекке жетпей қоймайды. Орындауға да жеңіл, тез жатталады» дейді Роза апай. Халықтың сүйіктісіне айналған әйгілі әнші Қасымның «Жыр жазамын жүрегімнен» және «Туған жер» әндерін орындап, тыңдармандардың ықыласына бөленді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова «Сарыарқа» мен «Аһ, Самара, жас қаланы!» шырқады. Сұлушаш апай орындаған кейінгі әнді орыс тілінен аударған Қасым екенін былайғы жұрт білсе керек. Концертке Қарағандыдан арнайы маңдай тіреген әнші Сейіл Аяған «Айтшы, жаным» әнін тамылжытып салса, белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали «Дәриға, сол қыз» сынды шоқтығы биік туындысымен тербетті елді. «Өзім туралы» шығармасын дәстүрлі әнші Саян Бөдес қалықтатты. Қасым сөзіне жазылған әндер арасында ақынның «Қазақстан» атты өлеңін қарағандылық Еркеназ Русланқызы атты кішкентай бүлдіршініміз мәнерлеп жатқа оқыды. Сонымен қатар, биыл алғаш рет республикалық көлемде ұйымдастырылған Қасым атындағы жыр мүшәйрасының жеңімпазы, «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Жәнібек Әлиман жыр дүлдүлінің рухына арналған «Дауылпаз» өлеңін тарту етті. Мұқағали Мақатаевтың «Жыр сапарға аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын» дегеніндей, дауылпаз ақыннан кейін қалам ұстағандардың оның рухына бас иіп, арнау жазбағаны кем де кем. Бүгінді болашаққа жалғаған Қасым рухына құрмет қазақ барда толастамайды деген сөз – бұл.

Қасымның атақты «Ақ сәуле» әнін концертті ұйымдастырушы Гүлбаршын Тергеубекованың өзі шырқап, кешті қортындылады. Мұның сыртында Өкен Таңсықхан, Қазыбек Әдікей, Өмірқұл Айниязов, Бейбітгүл Нұрымхожина, Айбек Мұхаметқалиев, Алма Аманжолова, Бекзат Абитов, Айжан Керімқұлова сынды белгілі өнерпаздар Қасым әндерін эстрада жанрында және домбыраның сүйемелдеуімен орындап, халықтың қошеметіне бөленді.

 Өз тілшімізден.