Ашаршылық туралы деректер

1916-1918. Бірінші ашаршылық

Қайтыс болғандарды есептеп, деректерге талдау жасағанда кемі 1,5-2 млн. адамды құрады.

Босып кеткендер – 300 мыңнан 1 млн. адамға жетті. 1916-1917 жылдары 300 мыңға жуық қазақ басқа өңірлерге, атап айтқанда Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға және оңтүстік облыстарға ауып кетті.

Мысалы, «Наша газета» 1918 жылғы 13 тамыздағы нөмірінде: «Сыр өңірінде басталған аштық пен індеттің халықты қырып, қаусатып тастағанын сол кездердегі тарихи деректерден көреміз. Бір ғана 1918 жылдың өзінде Түркістан халқының 30 пайызы аштықтан қырылған» деп жазыпты.

1917-1920 жылдар аралығында халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға кеміген.

1919-1922. Екінші ашаршылық

Ашаршылыққа ұшырағандар саны: КазОАК-нің Төрағасы С.Меңдешев 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАКнің III сессиясында жасаған баяндамасында Қазақстан бойынша аштыққа 2 832 000 адам ұшырағанын мәлімдеді.

Ал, Қазақстан тарихы институтының директоры, тарихшы Бүркіт Аяған «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткенін» мәліметтерге сүйене отырып жазды. Қазақстандық саясаттанушы Данила Бектұрғанова «Ұлы жұт немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы» мақаласында 1921-1922 жылдары Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша аштыққа ұшырағандардың саны 2 млн. 286 мың 591 адам болып, соның 68,2% – 1,5 млн. қазақ қаза тапқан.

Нәтижесінде Қазақстандағы халық саны 1917 жылы 6 218 300, 1920 жылы 4 679 795, 1923 жылы 3 786 910 адам болды.

1929-1933. Үшінші ашаршылық

Қайтыс болғандар: Ресми халық санағы мен түрлі мұрағаттардың, құпиялығы жария болған мәліметтер бойынша 1930-1933 жылдары 2,4 млн. адам аштықтан қырылды. 1929 жылдан 1933 жылға дейін Қаз АСР-дағы ОГПУ тобы толық емес мәліметтерге сәйкес, 9805 іс қаралды және 22 933 адамға қатысты шешімдер қабылданды. Оның ішінде, 3386 адам өлім жазасына кесіліп, 13 151 адам сотталды.

1932 жылы РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген Т.Рысқұлов Сталинге бірнеше мәрте: «…Балқаш ауданындағы (жергілікті ОГПУ деректері бойынша) 60 мың адамның 12 мыңы көшіп кетсе, 30 мың адам өлген. …1932 жылдың мамырында Қарқаралы ауданында 50,4 мың адам болса, қарашада 15,9 мың адам қалғанын» мәлімдеген.