Қарашаңырақ

Көктемде қар суымен тасып, жазда ойдым-ойдым қарасуларға бөлініп, кей тұстары тіптен, мүлде тартылып қалатын өзен аңғарларында болмаса, тал-дарақтан ада, көсе иегіндей тұлдыр қырат-қырқаларына қожырқожыр, қатпар-қатпар алып тастар шөккен, төбе-белдерінің өзі шөбі сирек, тастақты, иен жазығы маусым туар-тумастан бар жасылынан айырылып, қарақошқылданып шыға келетін Қарсақбай маңайы күндердің күнінде ел үйірілетін, өндіріс дүрілдеп, әлемді аузына қарататын мекен болар деп көптің ойламағаны анық.

ҚИСАПСЫЗ ҚИЫНДЫҚҚА – ҚАЙТПАС ҚАЙРАТ

Шетел интервенциясына түпкілікті тойтарыс беріп, азамат соғысын біржола өз пайдасына шешкен Кеңес өкіметі іле назарын ел экономикасын дамытуға аударды. Жас мемлекетке бойына қуат жинап, аяғына тұруы үшін керек емес нәрсе жоқ еді, әрине. Алайда, соның ішінде ол металға, әсіресе, мысқа қатты зәру болды. 20-жылдары жергілікті және шет ел капиталистерінің меншіктерінде болған барлық өндіріс орындары халық меншігіне тәркіленіп алынды, соның қатарында ел аузында «үш завод» атанып кеткен Қарсақбай мыс қорыту заводы, Жезқазған кеніштері және Байқоңыр көмір орны да бар-ды. 1925 жылы 10 маусымда Еңбек және қорғаныс кеңесі партияның директивасы негізінде одақтық маңызға ие Атбасар түсті металдар тресін құрып, оған Қарсақбай мыс қорыту заводын қайта жарақтап, пайдалануға беруді, Жезқазған кеніштері мен Байқоңыр көмір орнын қалпына келтіруді міндеттеді.

Шынын айту керек, болашақ комбинат құрылысына жауапты тұлғалардың алдында көзге елестетіп, санаға сыйдырудың өзі мүмкін еместей өлшеусіз қиындықтар тұрды. Қарсақбай кентінің сыртқы теміржол желілерінен кем дегенде 400 шақырым қашық жатуы, жергілікті жерде білікті мамандардың жоқтығы, құрылыс материалдарын алыстан тасу қажеттігі, азықтүлік пен тұрғын жайлардың мүлдем жетімсіздігі, ауыр климаттық жағдай – сол қиындықтардың бір парасы ғана еді. Мұның сыртында Қарсақбай заводының ағылшындар сала бастаған құрылыстары мен орнатқан құрал-жабдықтары күннің асты, желдің өтінде тұрып бүлініп, көп ретте жарамсыз болып қалғаны, Жезқазған және Байқоңыр шахталарының іші суға толып, оқпандары құлап, тіреулері бір араларда қисайып, бір араларда мүлдем шіріп, адам өміріне анық қауіп төндіріп тұрғаны және бар-тын.

 Әділдік үшін айту керек, Одақ үкіметі Қарсақбай-Жезқазған өнеркәсіп ауданын қалпына келтіріп, жаңадан өндіріс орнын салудың қиындықтарын жергілікті жердің мойнына біржола артып қойған жоқ. Ф.Дзержинский басқарған ведомствоаралық комиссия түстіметаллургия кәсіпорындарын қаржыландыру қорын жасақтап, Қарсақбай заводы мен Жезқазған кенішін, 120 шақырымдық тар табанды теміржол құрылысын салуды өз бақылауларына алып, күнбе-күн нақты көмек көрсетіп отырды.

ДАЛАДАҒЫ ДҮБІР

Бастапқы кезде комбинат құрылысын қарқынды жүргізуге керекті екі мыңдай жұмысшының орнына бес жүздей ғана жұмысшы іріктеу мүмкін болды. Маман жұмысшылар жоққа тән еді жергілікті халық арасында. Ал, жоғары білімді мамандарды саусақпен санауға болатын: 1926 жылғы деректе 4 инженер, 6 механик қана жұмыс істеді.

 Қазақстан билігі комбинат құрылысына жергілікті ұлт өкілдерін тартуға баса мән бергенін айта кетуіміз керек. Мұны Қарсақбайды тұрақты жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету үшін де, жергілікті қазақтарды өндіріске көптеп тарту үшін де жасалған игі қадам деп түсіну керек. Мысалы, Қазақ КСР Еңбек комиссары Қарсақбай комбинатына қысқа мерзім ішінде 325 тас қалаушы, 150 сылақшы, 25 балташы, 60 ағаш шебері мен 24 пеш қалаушы даярлап берді. Мұның сыртында қарсақбайлық құрылысшылар Шымкент, Қызылжар қалаларындағы қысқа мерзімді курстардан өтіп келіп жатты. Қарсақбайға құрылысшылармен қатар, заводтың ертеңгі мамандарын да даярлау ісі қатар жүрді. Уралдағы түсті металлургия кәсіпорындары жанынан курстар ашылып, меНұрдос КӘРІМ, «Орталық Қазақстан» таллургтер, байытушылар, бұрғышылар даярлау қолға алынды. Осы мамандықтарға орыс тілін ептеп біліп қалған жігерлі 60 қазақ іріктеліп, оқытылды.

Комбинат пен трест басшылығын зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды, құрал-саймандар мен қосалқы бөлшектерді және Атбасардан тасымалданатын азық-түлікті жеткізу мәселесі бастапқыда қатты тұйыққа тіреді. Олардың есептеулері бойынша осылардың барлығын толық атқару үшін 200 машина қажет болды. Мұншама машинаны бөлуге жас өкімет дайын емес еді, оның үстіне өңірдің қытымыр табиғаты бұл көліктердің қысы-жазы тоқтамай жұмыс істеуіне мүмкіндік те бермес еді, әрі оларды күтіп-баптау үшін шеберханалар, білікті жүргізушілер, механиктер керек болатын. Сондықтан, бұл идеядан көпшілік жылдам бас тартты. Ақыры, өңір табиғатымен бірге өсіп, біте қайнасқан «дала кемелерін» – түйелерді пайдалану керек деген уәжге тоқталды. Сөйтіп, Қарсақбай комбинаты 1500 арба сатып алып, жергілікті халыққа түйе жалдау жөнінде жар салды. Және сол жылы-ақ түйе керуенінің саны 3 мыңға жетті.

 Комбинат басшылығы мен құрылысшыларының осыншалық аса қажырлы еңбегінің, ұтымды ұйымдастыру жұмыстарының арқасында 1928 жылы Қарсақбай мыс қорыту заводы пайдалануға беріліп, сол жылдың 19 қазаны күні 23 сағатта шарпу пешінен алғашқы мыс балқымасы алынды. Бүкіл қазақ даласына сүйінші айтып, барша халыққа ұмытылмас қуаныш сыйлаған сол күн бүгінде Жезқазған мысының даңқын бүкіл әлемге асырып отырған «Қазақмыс» корпорациясы» тарихының бастауы болып табылады!

ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ БАҒЫН ЖАНДЫРҒАН ҒҰЛАМА

Қарт Қарсақбайдың, бүгінгі Үлкен Жезқазғанның қалыптасу, даму, өркендеу тарихы осынау өлкенің жерасты байлығын зерттеу, зерделеу жұмыстарының тарихымен аса тығыз байланыста болды, болып келеді де.

Бұл ретте қасиетті Жезқазған-Ұлытау өңірінің шын мәнінде бағы жанды. Оның бағына қарай келешек ғұлама ғалым, ұлы геолог, өз елінің шексіз патриоты – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Қарсақбай комбинатына геолог болып келген еді.

1928 жылы Қаныш Имантайұлының ұсынысымен Қарсақбай комбинатының жанынан геологиялық кен барлау бөлімі құрылып, оны өзі басқарды.

Бөлім деген аты болмаса, оның материалдық-техникалық базасы тым әлсіз, маман кадрлары тапшы, жоғарыдан бөлінетін қаржы көлемі мардымсыз болатын. Қ.Сәтбаевтың алдында осынау зор қиындықтарды жеңіп, өңірдің мол кен қорын бұлтартпай дәлелдеп беріп отыратын білікті ұжым құру міндеті тұрды. Және ол бұл міндетті асқан абыроймен атқарды.

Қажырлы еңбек, ұтымды ұйымдастыру, білікті басшылық өз жемісін бере бастады. 1933 жылдың басында кен барлау партиясында 80- ге жуық инженер-техник, 400-дей жұмысшысы болды.

Алайда, Одақтың Бас мыс басқармасы күтпеген жерден геологиялық кен барлауға бөлінетін күрделі қаржының 1933 жылғы көлемін сметада бұрынғыдан он есе кемітіп бекітті. Бұл, әрине, кен барлау ұжымы үшін аспаннан жай түскендей әсер етті. Бұл бір жағынан өңірде геологиялық барлау жұмыстарын әлденеше жылға тоқтатып қоюмен пара-пар болатын. Және ол өз қолымен, білік-білімімен, қажыр-қайратымен тірнектеп жүріп қалыптастырған, ендігі ұйымшыл да білікті ұжымға айналған кен барлау партиясын таратып жіберетін шешім еді. Сондықтан, Қаныш Имантайұлы дереу іске көшті.

 Қ.Сәтбаевтың Мәскеу сапары мәселені толық шешпегенімен, қаржы көлемін сол бөлінген соманы екі еселеуге мүмкіндік берді. Қалған қаржының Қ. Сәтбаев басқа көздерден іздеп табуға ұмтылды. Оны тапты да, алтын тауып бермек болып «Главзолотомен», отын кенін тауып бермек болып Көмір институымен, ретін келтіріп «Лак-бояу» тресімен шартқа отырып, қосымша қаржы алды.

Дегенмен, бұл өз маңайыңды ғана тырмалаған мардымсыз тірлік еді. Үлкен Жезқазғанның жарқын болашағы үшін кен барлау жұмыстарын кең көлемде жүргізу қажет болатын. Ал, ол үшін қаражаттың мол қоры керек. Одақ басшыларының Жезқазғанның қойнауында жасырынып жатқан орасан мол кен қорының барлығына көздерін жеткізу арқылы ғана ол қаржыны бөлдіруге болар еді. Осы оймен жүргенде 1934 жылдың күзінде КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасында өтетін ғылыми кеңеске шақырылып, баяндама жасады. Әлі көпке таныла қоймаған қазақтың жас ғалымы Қ.Сәтбаевтың бұлтартпас цифрлармен сөйлеген баяндамасы белгілі академик ғалымдарды ұйытып отырды. Қаныш Имантайұлы Жезқазғанның жерасты байлығының орасан көптігін, оны алу әлдеқайда арзанға түсетінін тиянақты дәлелдеп шықты. Ғылыми кеңес Үлкен Жезқазған құрылысын таяу араларда бастау қажеттігі жөнінде шешім алды. Бұл үлкен жеңістің алды еді.

Ендігі кезекте Жезқазғанның мол байлығы жөніндегі есеп-қисабын іс тетігі қолдарында тұрған жоғары жақ алдында дәлелдеу міндеті тұрды. Мәскеуде жүрген ол КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссары Серго Орджоникидземен жүзбе-жүз кездесіп кетуді ұйғарды. Кездесу өзі ойлағаннан ықыласты жағдайда өтті. Нарком Қ.Сәтбаевтың Жезқазғанның орасан зор мыс қорын игеру қажеттігі жөніндегі тиянақты ойларын, алдан кездесіп отырған қиындықтар жөнінде бүкпесіз әңгімесін мұқият тыңдады. Кездесу соңында С.Орджоникидзе Үлкен Жезқазғанның мәселесін түбегейлі шешу керектігіне назар аударып, оны Орталық Комитеттің алдына қоятынын айтты. Және кен барлау жұмыстарын одан әрі өрістетуге қажетті қаражат бөлдіруді өз мойнына алды.

Көп ұзамай, 1935 жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесі Жезқазған-Нілді теміржолын салу жөнінде қаулы қабылдады. Құрылысшылардың қажырлы еңбегі арқасында ол 1937 жылы толық салынып бітіп, Жезқазғанға сыртқы әлеммен теміржол арқылы байланыс жасаудың кең мүмкіндігі ашылды. Ал, соның алдында, 1936 жылғы 25 наурызда Серго Орджоникидзе Үлкен Жезқазғанның құрылысын бастау туралы бұйрыққа қол қойды.

 ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕКТІҢ ЕРЕН ЕРЛЕРІ

Алыптың тынысымен бірге тыныстап, бұрын-соңды түстеріне де еніп көрмеген жаңа жұмысшы мамандығын қуана игеріп, елдің алдына шыққан, көптің көзіне түскен еңбек озаттары көбейе түсті. Міне, нақ осы тұста қасындағылардан қалай оза шабудың ретін таппай тыпыршыған табиғи бұла күш пен жаңа істің әдіс-айласын меңгерген атпал азаматтарға дүр еткізе серпін берген Одақтық деңгейдегі айтулы оқиға болды. Донбасс жұмысшыларының озат өкілі Алексей Стаханов бір күнде ауысым нормасын 14 есе асыра орындап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл оқиға іле Одақ бойынша атақты стахановшылар қозғалысына негіз салды. Міне, осыдан бастап Қарсақбай мыс комбинаты құрамындағы барлық өндірістік буындарда – Жезқазған кеніштерінде, мыс қорыту заводында, байыту фабрикасында, Байқоңыр көмір орнында (1953 жылы жабылды), Қорғасын кеніштерінде, әктас және құрылыс материалдарын өндіру цехында стахановшыларды қоштаған бастамалар екпін берген.

Қарсақбай мыс комбинатынан Әжікен Жанғабылов, Зияда Түсіпбаев, Мұқан Үлкенбаев, Бортан Ералинов, Қозыкен Жанпейісов, Мұзапар Жүсіпов, Григорий Рыбалко, Шажай Мырзатов, Майкел Көккөзов сынды еңбек озаттары көш бастап шықты.

 Еңбек ерлерінің ерен қимылы комбинаттың еңбек өнімін айтарлықтай арттыруға серпін берді. Қарсақбай заводы 1933 жылы 3526 тонна қара мыс өндірсе, келер жылдан бастап оның көлемін арттырып отырды. 1936 жылы оны 5500 тоннаға дейін жеткізді.

 Қарт Қарсақбай мыс өндіруін 1975 жылы толық әрі біржола тоқтатты. Алайда, оның жүрек дүрсілін «Қазақмыстың» шойын өнімдерге тапсырысын орындайтын Қарсақбай металлургия заводының құю-механикалық цехы және кешегі өзі шыңдап өсірген даңқты металлургтердің бүгінгі ұрпағы – қарашаңырақтың нағыз патриоттары бірқалыпты соқтырып тұр…

Төлеш АСАНОВ

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.