Қарағандыда он көшенің атауы өзгереді

Кеше Қарағанды тұрғындары қаладағы 10 көшенің атауын өзгерту бойынша көпшілік тыңдауға қатысып, дауыс берді. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы аталған көшелердің атауын өзгерту мәселесі бойынша көпшілік тыңдау өткізілетінін бірнеше күн бұрын жұртшылыққа хабарлаған болатын. Көптен күткен тарихи сәтке қатысып, өз пікірін білдіруге жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Тіркелген тұрғындар санының өзі мыңнан асты. Жиында басында ұсынылған атаулар бойынша Тілдерді дамыту бөлімінің басшысы екі тілде жан-жақты ақпарат беріп, бұдан соң қатысушылар пікірлерін білдірді. Сөз алғандардың дені жаңа атауларды құптап, талқылаудың соңында жиналғандардың басым көпшілігі көшелердің атауларын өзгертуді қолдап дауыс берді.

 

Өзгерісті қай көшеден күтеміз?

Отырыс тізгінін ұстаған қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов өзгертудің жай-жапсарын, тәртібін, жиынның регламентін екі тілде баяндап бергеннен кейін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Сейтбекова Ленин көшесін – Абай Құнанбайұлы, Приканальная көшесін – Сарыарқа, Кривогуз көшесін – Қасым Аманжолов, қазіргі Қасым Аманжолов көшесін – Балқантау, Защитная көшесін – Григорий Потанин, Зональная көшесін – Александр Затаевич, Олимпийская көшесін – Нарманбет Төлепов, Волочаевская көшесін – Камали Дүйсенбек, Кувская көшесін – Қазыбек Нұржанов, қазіргі Қазыбек Нұржанов көшесін – Мерей көшесі деп өзгерту ұсынылғанын жеткізді. Осыдан соң залда қызу пікірталасқа кезек берілді.

Тұрғындардың басым көпшілігі көшелердің жаңа атауын қолдайтынын айтты. Сонымен қатар, ескі атаулар қаланың тарихына қатысты екенін алға тартқан азаматтар да болды. Көше атауларын өзгерту бюджетке қосымша салмақ салатыны жөнінде мәселе көтерген тұрғындар да пікірін алға тартты. Соның ішінде сөйлегендердің көпшілігі Қарағанды қаласында ұлы Абай атындағы көшенің болуы заңдылық екенін, әсіресе ақынның 175 жылдығы қарсаңында бұл шараның тағылымдық мәні зор екенін баса айтты. Солардың қатарында ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, ҚарМУ профессоры, тарихшы Жұлдыз Сақтағанова, әнші Меруеш Башай, сонымен қатар өзге ұлт өкілдері бар. Сондай-ақ көпшілік Кривогуз көшесіне Қасым ақынның есімін беру ұсынысын да қуана құптады. «Ақынның ескерткіші тұрған көшеге есімін де берсе жарасымды болар еді» десті.

Осы орайда, Қарағанды қаласында дауылпаз ақын Қасым Аманжолов пен Қазыбек Нұржанов атындағы көше бұрыннан бар екенін айта кеткен жөн. Әйтсе де, олар қаланың шетінде орналасқан және ұлы тұлғалардың есіміне лайық емес. Сондықтан орталықтан басқа көшелердің атын беру қарастырылды. Ал, бұрынғы Қ.Аманжолов және Қ.Нұржанов көшелері Балқантау және Мерей деп аталатын болды.

Интернет есепке алынбайды

 Қала көшелерінің атауын өзгерту мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланғаны мәлім. Тұрғындардың бірі сондай сауалнаманың бірінде көше атауларын ауыстыруды құптамағандардың саны басым болғанын айтты. Бұл пікірге жауап берген қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов интернетте жүргізілген сауалнамада дауыс санаудың анық болмайтынын түсіндіріп өтті.

 – Интернет барша әлемге тарайды. Ондағы сауалнамаға қатысқан адамдардың кім екенін біз білмейміз. Бәлкім, олар басқа мемлекеттің азаматтары болар? Мүмкін фейк-аккаунт шығар? Сондықтан да оны есепке ала алмаймыз. Азаматтар көпшілік тыңдауға келіп, өз пікірін ашық білдіруі керек, – деп атап өтті ол.

Құжат рәсімдеуде қиындық болмайды

Көше атауын өзгертуге қатысты алаңдаушылық білдіргендердің тағы бір көтергені – қаражат мәселесі. Яғни, көше атаулары өзгере қалған жағдайда жұрт үйінің, жерінің құжатын ауыстырып әуре-сарсаңға түсе ме? Ол қаражатты кім төлейді? Бұл сұрақтарға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Сейтбекова жауап берді.

– Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 6-бап, 2- тармағында «Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондайақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекен-жайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады» делінген. Яғни, «көше атауы өзгерсе қаншама қаражат жұмсалады, халық құжат ауыстыру машақатына ұшырайды» деген пікір – орынсыз. Барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады. Тұрғындарға құжат ауыстырып, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Үйдің немесе жердің құжаттары алып-сату немесе басқа адамның иелігіне берілген жағдайда ғана жаңа дерекпен рәсімделеді, – деді Баян Сейітбекова.

Бұл дегеніміз тұрғындардың қалтасына қосымша қаржылық салмақ түспейді дегенді білдіреді. Қаражат көше бойындағы мекен-жай тақтайшаларын ауыстыруға ғана жұмсалмақ. Әрі, ол желге ұшқан ақша емес. Яғни, атауын ауыстыру ұсынылған көшелердегі мекен-жай тақтайшалары ескірген. Олар көше аты өзгерсе де, өзгермесе де ауыстырылуы тиіс. Сондықтан да, «сіз бен біздің салық желге ұшты» деп алаңдауға еш негіз жоқ. Әрі бұған жергілікті кәсіпкерлер де қолдау білдірмек.

Бюджет қаржысы жұмсалмайды

 Жұртшылықты алаңдатқан мәселенің түйінін кәсіпкер, «Нәтиже» компаниясының жетекшісі Ерлан Әшім тарқатты. Ол аймақтағы кәсіпкерлік ұйымдардың көше атауларын өзгертуді қолдайтынын жеткізіп, барлық шығынды өз мойнына алуға уәде берді.

Сіздер салық туралы айтып жатырсыздар. Мен кәсіпкер ретінде республикалық бюджетке жыл сайын 250-300 млн. теңге, ал, облыстық және қалалық бюджетке 500 млн. теңге көлемінде салық төлеймін. Егер көше атаулары өзгеретін болса, бұдан да көп соманы төлеуге дайынмын. Көше бойындағы тақтайшаларды ауыстыру шығындарын өз мойныма аламын, – деді Ерлан Әшім.

Кәсіпкердің мәрттігі зал толы адамның қошеметіне ие болды.

Түйін

 Сонымен, бір сағаттан астам уақытқа созылған тыңдау барысында барлық тараптың пікірлері тыңдалып, мәселе дауысқа салынды. Зал толы адамның басым көпшілігі көше аттарын өзгертуді қолдап, қолдарын көтерді. Әсіресе, талқылауға өзге ұлт өкілдерінің көп қатысуы және көше аттарын өзгертуді қызу қолдауы көңілге қуаныш ұялатты.

Қ.Бексұлтанов жиын соңында бұл тыңдаудың нәтижесі алдағы уақытта қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, бұдан соң республикалық ономастикалық комиссияның қарауына берілетінін, яғни, әлі жан-жақты қаралатынын атап айтты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ