Қарағанды облысының ТЖ режиміндегі тыныс-тіршілігі (20 наурыз)

Қарағанды облысында covid-19 коронавирус инфекциясын 2 адамның жұқтырғаны анықталды. Олар ауруханаға жатқызылып, барлық қажетті ем алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев тікелей эфирде хабарлады.


Ауырғандардың екеуі де – 18 наурызда Қарағандыға қонған Минск-Нұр-Сұлтан ұшағының жолаушылары. Бұл шешім елордада жолаушыларды карантиндік режимге анықтау кезіндегі қиындықтарға байланысты қабылданды. Бір уақытта Нұр-Сұлтанға үш халықаралық рейс келді. Қазірде елордада жолаушыларды орналастыру мәселесі шешілді.
Минск-Нұр-Сұлтан ұшағының бортында болған 67 адам қонғаннан кейін карантинге жатқызылды.
– Рейс жолаушыларын қарсы алу бойынша барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Медициналық тексеру тікелей бортта жүргізіліп, автобустар трапқа жеткізілді. Осылайша, бірде-бір жолаушы әуежай ғимаратына және қала аумағына кірген жоқ. Науқастардың жағдайы қазір қанағаттанарлық, олардың ешқайсысы Қарағанды облысының тұрғыны емес, – деді Ержан Нұрлыбаев.
Ол сондай-ақ, қазіргі таңда Қарағандыда карантин жариялауға негіз жоқ екенін атап өтті.
Стационарларда 109 адам карантинде жатыр.
Облыста үй карантинінде – 21 адам, бақылауда – 336, ал тағы 275 адам – қашықтықтан мониторингте.
Қарағанды облысында коронавирус инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған 300 жұқпалы төсек және 48 реанимациялық төсек бар. 770 провизорлық және 1325 карантиндік төсек орын ашылды. Барлық жұқпалы аурулар мен карантиндік бөлімшелер дәрі-дәрмектермен, медициналық маскалармен, медиктерге арналған қорғаныш костюмдермен толық жабдықталған.
Республикалық бюджет есебінен өңірде 36 өкпені жасанды желдету аппараты, 48 монитор, 52 аспиратор, 114 перфузор, 96 пульсоксиметр, 8 фибробронхоскоп, ЭКМО аппараты, 100 тепловизор және 857 бірлік жеке қорғаныс құралдары сатып алынды.
Демеушілік қаражат есебінен коронавируспен ауыратын науқастарды тасымалдау үшін екі капсула сатып алынды.
Санитарлық дәрігерлер адамдардың көп жиналатын орындарын бақылайды. Бутиктердің, дүкендердің, кафелердің және басқа да мекемелердің иелеріне «Пандемия кезеңінде Қазақстан Республикасында коронавирус инфекцияның әкелінуі мен таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулылар мен жадынамалар таратылуда.
Қарағанды облысында 12 кинотеатр, сауда-ойын-сауық кешені жанындағы 44 балалар ойын алаңдары, 167 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары және басқа да ойын-сауық мекемелерінің жұмысы тоқтатылды. 20 наурызда ауданы 2 мың шаршы метрден асатын ірі азық-түлік емес дүкендер мен сауда-ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтатты. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар 10.00-ден 20.00-ге дейін ашық болады.
Кәсіпкерлік басқармасы ғимарат иелеріне тұрып қалу кезеңінде жалға алушылардан төлемақы алмауды ұсынды.
Санитарлық режим 1971 нысанда күшейтілген. Облыста жаяу патрульдер саны артты. Полиция қызметкерлері адамдардың көп шоғырлануын анықтап, әлеуметтік желілерде арандатушылық және жалған жарияланымдарға бақылау жасайды.
Шіркеулерде, мешіттерде, синагогаларда және соборларда келушілердің санын  уақытша шектеу ұсынылған.

Өңірде азық-түлік қоры жеткілікті. Қоймалар мен тұрақтандыру қорында 66 мың тонна бакалея өнімдері бар. Облысқа азық-түліктің үздіксіз жеткізілімі жалғасуда.
Вокзалдар мен автостанцияларда үнемі дезинфекция жүргізіледі. Сондай-ақ, автобустар мен маршруттық такси салондары өңделеді.
Облыс орталығында күн сайын дезинфекциялық ерітінділермен аялдама павильондары, урналар мен орындықтар өңделеді.
Өңірдің барлық оқушылары мен студенттері қашықтықтан білім алуға көшірілді. Жоғары оқу орындарының, колледждер мен мектептердің оқытушылары толық көлемде жалақы алады.