Бас тақырып

Қарағанды – Коньков: “Еділдің бойы ен тоғай…”

«Мұнда үш жүзге жуық жауынгер жатыр. Әртүрлі ұлт өкілдері. Бірақ, өзгелерге қарағанда қазақ солдаттарын іздеп келетіндер қарасы қалың». Бұл – Коньков хуторының маңындағы «бауырластар зиратына» бізді бастап барған казак Максим Обнизовтың сөзі. Ростов облысындағы Боковская станицасының басшысы – осы. Әлгі айтқаны – үш мың шақырымды артқа тастап, қазақ жерінің кіндігі – Қарағандыдан ат терлетіп келгенімізге тәнті болған түрі. Баба қабіріне туған топырақтың бір шөкімін салу үшін үш ұлы өзенді кесіп өткенімізге тамсанғаны… Ал, сол сәтте біздің кеудемізді кернеген сезімді тілмен суреттеу мүмкін емес-ті… Иә, күн – сейсенбі болатын. Ел ағасы Сағадат Дүйсебеков бастаған топ Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіров мәңгілік тыныс тапқан топырақты басып тұрмыз…

ӘУЕЛГІ ҺӘМ ӘУЕДЕГІ ӘҢГІМЕ

Биыл жерлесіміз Нұркен Әбдіровтың туғанына бір ғасыр толады. Қарағанды жұрты қыран қазақтың мерейтойын ауқыммен атап өтуге дайындық жүргізуде. Осыған орай, жақында облыс әкімдігінде тойды өткеру мәселесін талқылаған жиын өткен-ді. Бірқатар маңызды міндеттер нақтыланған басқосуда Сағадат Дүйсебеков ағамыз Батыр қабіріне барып, тағзым етіп қайтуды ұсынды. Бұл бастаманы облыс басшылығы құп көрді. Міне, аталған отырыстан кейін арнайы топ жасақталды.

Сағадат ағам бастап, Нұркеннің ағасы Сәрсен ақсақалдың немерелері – Данияр мен Бақтияр Әбдіров қоштап, жолға шықтық. Дүйсенбі күні таң бозара біз мінген ұшақ елордадан Атырауға қарай көтерілді.

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Сағадат Жапабайұлын білмейтін жан жоқ шығар Арқада. Кеңес уағында Ұлытау ауданын басқарды, бұрынғы Жезқазған облыстық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Жерлестерінің шақыруымен Ақтоғай ауданының алғашқы әкімі болды. 1992-1997 жылдары туған топырақты түлетуде тер төкті.

Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізген уақыттағы қиын ахуал замандастарымыздың жадында болар. Шаруашылықтар шатқаяқтап, елдің берекесі кеткен тұс. Сәкең осы тоқырау жылдарын елімен бірге өткерді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, әлеуметтік саладағы қордалы мәселелер түйінін тарқатуға бар күш-жігерін салды. Алаш үкіметінің көсемдері, ақтоғайлық арыстар – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақбаевтың есімдерін жаңғыртуға сүбелі үлес қосты. Бүгінде үш арыстың аудан орталығында қасқайып тұрған еңселі ескерткіші Сәкеңнің тұсында тұрғызылған-ды. Бұдан кейін өңірдегі белгілі билер мен батырлардың кесенелерін жаңғырту бағытында үлкен жұмыстардың бастауында тұрды. Бүгінде Ақтоғай жұртының Сәкеңді іш тартып, жақсы көріп тұруының да бір себебі осы болар.

Сәкең – Нұркеннің туған бөлесі. Анасы Ұлжан қайтарынан бір жыл бұрын Батырдың анасы Бағжанға табыстаған екен. Содан Сәкең Бағжан шешейдің бауырында өскен. Сонда жүріп мектеп бітірді, диплом алды, шаңырақ көтерді. Өмірінде жеткен жетістіктерінің басында Бағжан анасы тұрғанын Сәкең ыстық ықыласпен еске алады.

– Бүгінгі сапарға сол Бағжан шешейдің алдындағы парыздан, Нұркен батырға деген сүйіспеншіліктен шығып отырмын. Әйтпесе, Дон деген тиіп тұрған жер емес. Көптен бері осы шаруа ойымда жүрді. Бірақ, тұрмыстың, тіршіліктің күйбеңімен көптеген жылдар бойы ретін келтіре алмадым. Міне, Алла сәтін салса, орайы келіп қалған сияқты. Бір жағынан мына балаларға жол көрсетіп кету жағын ойлап келгенім бар. Бұл менің аруақ алдындағы азаматтық һәм адами борышым деп білемін, – деді өз сөзінде Сағадат ағам.

Біздің ұшақ Атырауға қонғанда күн қыза түскен еді. Қарағандыдан кие шыққан жылылау киіміміздің ауырлығын осында сезіндік. Мұнда бірнеше күннен бері аптаптың беті қайтпай тұр екен. Қарағанды жаз басталғалы күн көрмеді ғой…

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен келген өкіл ұшақтан табанымызды жерге тигізбей күтіп алды. Қос темір тұлпарды алдымызға тосты. Нұркеннің бауыры Төкеннің қызы Әлия Әбдірова Атырауда тұрады екен. Жездеміз Сабыртай Шомиров те күтіп алушылар қатарынан табылды. Қайынжұрты келгеніне мәз болып жүрген жайы бар.

Жездеміздің шаңырағында аз-кем тыныстап алғаннан кейін Еділ бойына аттандық. Алда сегіз жүз шақырым жол жатыр еді…

АҚАЛА ОРДАМ ҚОНҒАН ЖҰРТ…»

Атыраудан Астрахань бағытындағы күрежолмен жүрдік. Күрежол деген аты ғана болса керек. Қашан төселгені беймәлім асфальттің жұрнағы жатыр. Шекараға дейінгі аралық жүруге мүлдем жарамсыз. Ресейден жүк артып, жолаушы тасыған жұрт осы жолдың азабын тартып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болыпты. Десек те, әкімдік те жерге қарап отырған жоқ екен. Шекарадан бері жол жөндеу жұмыстары басталғанын көрдік. Бұйыртса, екі жылдың мұғдарында шекарадағы Котяев бекеті мен Атырау арасын жалғаған даңғыл жол пайдалануға берілмек.

Шекараға ат басын тірегенімізде күн төбеден ауған еді. Бір жарым сағаттық кезектен кейін арғы бетке өттік. Мұнда да тексеріс. Бір қызығы, біздің жақтағы шекара бекеті Котяев аталса, Ресей жағындағы бекеттің атауы Қараөзек екен.

«Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім», – деген Махамбеттің қолы жетпей кеткен өлке ғой бұл. Одан әріде күштінің қыспағымен ата қонысынан ауып бара жатқан Қазтуған жырау

«Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт», – деп аһ ұрып:

«Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Біздерден қалған Еділ жұрт!», – деп аңырап қоштасатын құтты қоныс. Сан тараулы су жотасын тілген Еділ бойы. Қадым заманнан түркінің мекені болған ұлы өзен. Жарты құрлықты алған Жошы ұлысының бір бөлігі. Біз бара жатқан Волгоградтан алпыс шақырым жерде Алтын орданың астанасы Сарай-Беркенің жұрты жатыр.

Мұндағы халықтың орыстан кейінгі саны басымы – қазақтар. 26,3 пайыз. Жол бойындағы елдімекен атаулары қазақтан орысшаланғаны көрініп тұр. Аксарайский, Ясын-сокан, Ахтубинск деген сияқты. Содан болар, біз өзімізді Қазақстанның орыстанған өңірінде жүргендей сезіндік.

«У Россий две беды: дураки и дороги» дейді. Ақымақтарын қайдам, бірақ, жол мәселесі мұнда шешілгендей. Қараөзектен әрі асқаннан Ростов облысына дейінгі аралықта тақтайдай тегіс жол керіліп жатты. Бұл жағынан келгенде теріскейдегі көршілеріміз бізден артып түскендей.

Бір байқағаным, Ресейде бензин қымбат екен. «Лукойлдың» жанармай бекеттеріндегі АИ92 маркалы бензиннің құны 44,47 рубльді көрсетті. Бұл біздікіне шаққанда, шамамен, 267 теңге. Бізде АИ92 «Қазмұнайгаздың» бекеттерінде 149 теңге тұрады. «Мұнайға бай, зауыты көп Ресейден біздің жағдай тәуірлеу екен-ау» деген ой келді сонда.

Жолда екі жанармай бекетіне аялдағаннан кейін Батыр қала Волгоград – Еділшаһардың жарығы көрінді. Волга – Еділ екені белгілі. Ал, «град» орыс тілінде «город» сөзінің поэтикалық тұрғыда түрленген түрі. Город – шаһар. Яғни, біздіңше, Еділшаһар. Осы Еділшаһардың қақ ортасында бізді әйгілі «Волгоград» қонақүйі күтіп тұрды…

БАҒЖАН АНА ТОҚТАҒАН «ВОЛГОГРАД»

«Волгоград» Құрбан болған күрескерлер алаңында орналасқан. Тарихи нысан. Біздегі «Қарағанды» қаланың бас қонақ үйі болса, «Волгоградтың» да мәртебесі жоғары екен мұнда.

Алғаш іргетасын 1890 жылы көпес Василий Воронин қалаған. Ол кездегі атауы – «Астаналық номерлер». Орысшасы – «Столичные номера». 75 орындық ғимарат үш қабатты болған. 1918 жылы маусымда мұнда Сталин мен Орджоникидзе тұрыпты.

Сталинград шайқасында ғимарат толық қираған. Кейін, 19541956 жылдары сәулетші Куровскийдің басшылығымен бұрынғы іргетас үстінде бес қабатты қонақүй тұрғызылады. «Сталинград» атауы беріледі. Ал, 1961 жылдан бастап қала атауымен бірге қонақүй де «Волгоград» атала бастайды.

Қонақүй алдында князь Александр Невскийдің ескерткіші тұр. Әріректе князьдің есімін иеленген собор тұр. Алаң талай тарихи тартыстың, сындарлы сәттің куәсі болғаны сөзсіз.

Бір айтары, сонау 1965 жылы Нұркеннің басына барып қайтқан Бағжан ана да осы «Волгоградқа» тоқтаған екен. Сол жолы Бағжан анамызға немерелері – Әукен мен Әлия, қарағандылық қаламгер Г.Якимов ере барған еді. Дондағы Ростовта облыс басшысы С.Соломенцев, казак Ф.Невмудрякин қарсы алады. Кейінірек «Тынық Донның» авторы Михаил Шолохов Вещенск станицасында Бағжан анамызды қонақ қылып күтеді. Міне, арада 54 жыл өткенде Әбдіровтер әулетінің табаны Еділ бойына тиіп тұр…

Жалғасы бар…

Нұрқанат Қанапия,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button