Арқада айтыс өтті дүбірлеген

     Қарағандының Кеншілер сарайында Алаштың Ұлы биі Қаздауысты Қазыбек би КЕЛДІБЕКҰЛЫНЫҢ 350 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс өтті. Арқа жұртының көптен күткен айтысын облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ тамашалап, ақжарма тілегімен ашып берді.

– Қайырлы күн құрметті жерлестер! Айтысты сағынып қалғандарыңыз көрініп тұр. Залда ине шаншар орын жоқ. Былайғы уақытта айтыс Қарағанды жерінде жиі болып тұрады деп ойлаймын. Кешеден бері Ұлы Қазыбек би бабамыздың тойы басталып кетті. Елбасымыздың құттықтау хатымен ашылды. Біз жиналған ақындардан не күтеміз? Әрине сапалы айтыс күтеміз. Терең өткір ой, әдемі теңеулер, жақсы ұйқастар күтеміз. Қазылар алқасында ағамыз Серік Ақсұңқарұлы отыр: «Мен отпын ғой, өртпін ғой мен лапылдаған, лебіме жан шыдамас жақындаған» бұл рух, немесе «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деп Несіпбек Айтұлы ағамыз айтпақшы әдемі теңеулер айтылып халықтың жадында қалады деп ойлаймын. Қаздауысты Қазыбек би – әділдіктің символы. Сондықтан, қазылар алқасынан әділдік күтемін. Айтыстың әділ бағасы берілетіндігіне сенімдімін. Сіздердей халық барда айтыс өлмейді, мәңгілік жасайды,– деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ақындардың қадамына құт тілеп, Асанәлі Әшімов пен Жүрсін Ерманға, жиналған халыққа алғысын жеткізді.

Қазақтың ақсүйек өнерін көруге келген көрерменде шек жоқ. Кеншілер сарайын кернеп, облыс әкімі айтып өткендей залда ине шаншар орын болмады. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бастаған елдің атқа мінер азаматтары құрметті қонақтар қатарынан орын алды. Шәкәрім ақынша айт­сақ: «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», бұл айтыста ақындардың ханның баласындай би аталарындай тік сөйлер адуынын байқадық. От ауызды, орақ тілді ақындар сынға түскен аламан айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізіп, КСРО, ҚазКСР, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бас қазысы болды.

Айтыс өнері заман  ағымына  ілесіп жасап келе жатқан қазақтың асыл мұрасы екені анық. Мұны баба тойында ақындар айырықша атап өтті. 16 ақын жыр жалауын желбіреткен жыр додасы алғашқы болып, алдын ала тасталған жеребе бойынша Алматының атынан аламанға түскен Рүстем Қайыртай мен Шиелілік Ержан Әміров бастады. Баба жайлы толғанған қос ақын бірін-бірі әзілмен қағытты. Қарсыласының келбетін көмірге теңеген Рүстемге, Ержан Қазыбек бидің сөзімен «Сен темір де, біз көмір, еріткелі келгенбіз» деп жауап қайырды. Сонымен қатар, ер азаматтардың әйел кейпіне еніп бара жатқандығын жырлап, «Қыздауысты көбейген бұл қоғамға, Қаздауысты Қазыбек керек боп тұр» деп бір шапалақ соқтырды.

Екінші болып  сахна төріне көтерілген семейлік Сара Тоқтамысова мен қарағандылық Дидар Қамиевтың айтысы да әзіл-шыны аралас жауаптасу арқылы өрбіді. Алаштың арысы Әлихан Бөкейханға аудан атын бере алмай жүрсіңдер деген Сараға салмақты жауап қайырған Дидар Әлиханның мәселесін өзіңіз назарыңызға аласыз ба деп, облыс әкіміне уәжін жеткізді. Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. «Қазыбектің жаугершілік заманда жасағанын, бейбіт күнде жасай алмай жүрміз» деп тіліп айтты Дидар.

Үшінші жұп Астаналық – Серікзат Дүйсенғазы мен бес жылдан кейін айтысқа қайта оралған ақын Аманжол Әлтаев арасында өтті. Тәжірибелі ақындар әдептен аспай, қайын аға мен күйеу бала болып сөз жарастырды.

Төртінші жұп болып төрге озған Қызылорданың атынан топқа түскен Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан да сүбелі айтыс жасады. Бесінші жұп Қытайдан келген Ұларбек Минатхан мен Оралдан осы сында бой көрсеткен – Жансая Мусина қыз бен жігіттің айтысын өз биігіне көтерді. Жансая елге келсең бір бөлме пәтерімді босатып беруге әзірмін деп, алыста жүрген ағасына қарындастық пейілін танытты. Алтыншы болып шыққан Моңғолиядан арнайы келген Серік Қуанған мен қарағандылық Мақсат Ақанов арасындағы айтыстың да алқалаған жұртқа берері көп болды. Жетінші жұп Қырғызстандық  Баян Ақматов пен Қарағандының дүлділі Айтбай Жұмағұлов екі елдің арасындағы сыйластықты сөз етті. Соңғы жұп торғайлық – Айбек Қалиев пен Баянаулдың ақ сәлемін әкелген Аспанбек Шұғатаевтың айтысында ақиқаттың алмасы жарқылдап, халықты бір дүркіретті.

Айтыстан бөлек, елдің делебесін қоздырып, Арқа жұртының өнерпаздары әуелетіп ән салып, күмбірлете күй төкті.

Ақтық айналымға төрт жұп шықты. Қытайдан – Ұларбек Минатхан, Қарағандыдан– Аманжол Әлтай, Дидар Қамиев, Арқалықтан – Айбек Қалиев, Оралдан – Жансая Мусина, Қызылордадан – Мейірбек Сұлтанхан, Баянаул­дан – Аспанбек Шұғатаев шырайлы айтыс жасап, сөз өрнегін көрсетті.

Айтулы шараны қорытындылаған  Асан­әлі Әшімов айтыстың жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етті. Шабыттандыру сыйлығы Сара Тоқтамысоваға, Рүстем Қайыртайұлына, Серікзат Дүйсенғазыға, Мұхтар Ниязовқа, Мақсат Ақановқа, Баян Ақыматовқа, Айтбай Жұмағұловқа берілді. Арнайы Төле би атындағы 500 мың теңгелік сыйлық Айбек Қалиевқа, Әйтеке би атындағы 500 мың теңгелік сыйлық Ержан Әмірге, ғалым Ерқара Балқараұлы тағайындаған Әлихан Бөкейхан атындағы 500 мың теңгелік сыйлық Аспанбек Шұғатаевқа тапсырылды. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов арнайы әкелген жүлдесін Серік Қуанғанға табыстады. Үшінші орын Жансая Мусинаға (750 000 теңге), Мейірбек Сұлтанханға (750 000 теңге), екінші орын Дидар Қамиевқа (1 млн. теңге), бірінші орын  Ұларбек Минатханға (1,5 млн. теңге) бұйырды. Айтыстың Бас жүлдесін (3 млн. теңге) Аманжол Әлтаев қанжығалады. Бас жүлдені өзі тапсырған Ерлан Қошанов бұл айтыстың әлі де жалғасын табатындығына уәде берді.

Нұрдос КӘРІМ

Cуреттерді түсірген

Л.ГАЛИМОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.