АЛАШ ДЕЙТІН БІР АНА БАР ҒАЛАМДА
Алладайын нұрын төккен Адамға,
Алаш дейтін бір Ана бар ғаламда.
«Ақтабан шұбырынды —
Алқакөл сұламадан» да
Өтіп,
Міне, келді Біздің Заманға.
Алла Оны бостан босқа алқай ма:
«Мал қайда?! деп айтқан емес, – Ар қайда?!»
Үш Ұлынан Үш Жүз өсіп,
ел болды —
Атырау – Арқа – Алатау мен
Алтайда!
Арша-арша арқасына жұртын ап,
Келе жатыр үмбетім деп шырқырап;
Даласынан Жусан исі бұрқырап,
Баласынан Баба исі бұрқырап!
Бір тауына құлады бір тауы кеп.
Дүрбелеңнен өтті талай —
Дауы көп.
Бір баласы ұстап берді
Жендетке,
Бір бауырын: «Мынау
«Халық Жауы!» деп.
Маңдайы енді келе
жатса жарқырап,
Нарық келді екі қолы қалтырап;
Бір баласы пысық болды, жұртының
Жиған-терген несібесін
тартып ап!
Іші толы — өрт пен дерт қой —
Қайғы-мұң!
«Байлығыңа – дейді Ол ыза
боп — шайлығым!»
Босанар деп қашан, қайран,
Кейуана
Келінінің санап отыр ай-күнін…
Келініне кигізбеген тар көйлек,
Қазақ деген, шіркін, қара нар
ғой деп;
Қайран, шешем, Һалифа
жоқ болғанмен,
Мен де келем: «Алаш – Анам
бар ғой!»деп…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ