Облыс әкімі

Қайта түлеген Қарағайлы

    Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ үш айда атқарылған жұмыстардың нәтижесін көру үшін Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде болды.

Еске салайық, 17 мамырда аймақ басшысы Қарқаралы ауданының бірнеше кәсіпорнында, оның ішінде, Қарағайлыдағы кен-байыту фабрикасында болған-ды. Сол жолғы жұмыс сапарында Ерлан Қошанов тұрғындармен кездесіп, ауылдың өзекті мәселелерімен танысқан болатын. Ең маңызды мәселелер – тұрмыстық қоқысты шығару, жолды жөндеу және ауыз су мәселесі.

2,5 ай өткен соң әкім аталмыш мәселелердің қалай шешіліп жатқандығын тексеріп қайтты. Қарағайлы тұрғындарымен кездесуде Қарқаралы ауданының басшысы Хәлел Мақсұтов бүгінде қандай жұмыстар атқарылғандығын баяндады.

Қарағайлы кен-байыту фабрикасы, «Байбатыр» ЖШС мен «Қармыс» және «Аслан» шаруашылық қожалықтарының және де аудан бюджеті есебінен әрі тұрғындардың көмегімен осы аралықта ауылдан 11060 тонна құрылыс қалдықтары шығарылды, – деді Хәлел Мақсұтов. – Тамыз айының соңына дейін тағы 1500 тонна қоқысты шығару жоспарлануда. Алайда, тағы 7000 тонна қалдық қалады, оны келесі жылы шығаруды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, ауылда 3 бос тұрған үйге 52 терезе салынған. ЖЖС аумағы мен «Самал» ғимараты абаттандырылған. Жол бойындағы 20 контейнер қалыпқа келтірілген. Және де ауылда 380 қоршау, 5 билборд орнатылған, ойын аулалары мен 6 автобус аялдамалары жабдықталған. Тағы 30 контейнер сатып алу үшін бюджеттен 1,5 млн. теңге сұралды. «Қазақмыс» корпорациясы» ауыл тұрғындарына сыйымдылығы 200 келілік қоқыс шығаратын құрылғыны алып беруге уәде етті.

Сондай-ақ, ауыз су мәселесі де сөз болды. Бүгінгі таңда «Балдырған» балабақшасына дейін 280 метр су құбыры өткізілген. Ал ұзындығы 3,3 шақырымдық ауылішілік су жүйесін алмастыру үшін аудан бюджетінен 7,7 млн. теңге бөлінген. Жалпы, су құбыры және кәріз жүйелерін құру бойынша жобалық құжаттарды даярлау үшін облыстық бюджеттен 67,5 млн. теңге сұралған. Оның қорытындысы 19 тамызда белгілі болады.

Ауылдағы жолдарға келер болсақ, екі жарым айда 4 млн. теңгеге 23 шағын ауданда жолдағы ойықтарды жабу жұмыстары жүргізіліп, Төлеубаев көшесі мен 13 және 18 шағын ауданға ұсақ тас төселген. Жолдардың орташа жөндеу жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 87,3 млн. теңге бөлініп, бүгінге конкурс өткізілді. «МРИЯ-НС» мердігер ұйымы жұмыстарды биылғы жылдың 1 қазанына дейін бітіруге уәде беріп отыр.

Сонымен қатар, көшелерді абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. 2018 жылға бағасы 229,3 млн. теңгелік 25 орынға арналған дәрігерлік-амбулаториялық кешен құрылысы жоспарлануда.

Аудан әкімінің есебін тыңдаған соң аймақ басшысы Ерлан Қошанов тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Екі жарым ай бұрын уәде еткендей, мен бүгін сіздермен кездесуге келдім. Өздеріңіз көріп отырғандай, нәтиже бар, жұмыстар атқарылып жатыр. Мүмкін, кей жағдайларда жұмыс баяу жүріп жатқан болар, бірақ, қайсыбір жұмыстар үшін уақыт қажет, – деді облыс әкімі. – Сіздерден сабырлық сақтауды сұраймын. Өз ауылын абаттандырып, дамытуға ауыл тұрғындары да үлес қосса екен деймін. Жергілікті жастар үшін біз ресурстық орталық үшін ғимарат бере аламыз, ал оны дамыту – ол сіздердің еншілеріңізде. Біз өңірді көркейтіп, халықтың тұрмысын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті жасауға тырысамыз.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button