Ақмола орнын алғаш нұсқаған

Қоңырқұлжа Құдаймендин – XIX ғасырдың ортасындағы қазақ элитасының көрнекті өкілі, Ресей армиясының полковнигі, Ақмола сыртқы округының аға сұлтаны болды. Ол 1794 жылы атақты Есім ханның, Хан Салқам Жәңгір, Әз-Тәуке хан және орта жүз ханы Сәмеке (Шах-Мұхаммед) хан ұрпағы сұлтан Құдайменді Есімхановтың отбасында дүниеге келеді. Құдайменді сұлтан қуандық, алтай, қарпық руларымен арғынның бірнеше еліне басшылық етті. Өз қарамағындағы ел ішінде үлкен бедел мен құрметке ие болды. Ал, патшалық үкімет болса, оны «қырғыздың (қазақтың) ең батыл сұлтаны» санаған. Өйткені, ол басқа да төре-шыңғызидтер сияқты мінезді жігіт еді.

1822 жылы Ресей бодандығына өткен соң «Сібір қырғыздарының уставы» атты заңдық акт пайда болған тұстан бастап сыртқы округтер ашыла бастады. 1829 жылы Қоңырқұлжа Құдаймендин Батыс Сібір әкімшілігіне өзі басшылық ететін Қарпық және Алтай болыстарының негізінде Ақмола жерінің тұсынан сыртқы аймақтық округ ашу туралы ұсыныс жасайды. Ал, 1830 жылдың жазында Омбы облысының бастығы полковник Броневскидің бұйрығымен подполковник Шубиннің отряды қазақ жеріне келеді. Олардың мақсаты сыртқы окургтың орталығын орналастыратын қолайлы жер таңдау болатын. Сол кезде Қоңыр Құлжа Құдаймендин, бүгінгі Астана, кезіндегі Ақмола орналасқан, яғни, Нұра мен Есіл өзендерінің ортасы, Ақ мола мен Қара өткел, яғни, орта жүздің нақ орталығын көрсеткен еді.

1832 жылы 22 тамызда патшалық үкіметтің әскери отрядының қатысуымен өткен жиында Қоңырқұлжа Құдаймендин Ақмола округының аға сұлтаны болып сайланды. Ол кезде оның аумағы қазіргі Ақмола облысының территориясынан да көлемдірек еді. Сол жиында аға сұлтанның орынбасары болып туған інісі Арыстан Құдаймендин, қарпық руынан бақылаушы би Қотыраш Қабанбаев, алтай руынан би Матақбай Бакташов бекітілді.

Округ халқының саны – 34,7 мың адам, немесе 5 мыңнан астам отбасы еді. Мал басы: 140 мың жылқы, 220 мың қой, 16 мың түйе және 30 мың ірі қара.

Көшпелі мәдениеттің ескі дәстүрлеріне сай округтың барлық бекеттеріне құдаймендиндер өкілдері қойылды. Мысалы, Бек Құдаймендин Тоқа-қарпық болысын басқарушы болды. 1833 жылы, 9 наурызда Николай I Батыс Сібір генерал-губернаторы Вельяминов пен Омбы облысының бастығы де Сент-Лоранға Ақмола округіне аға сұлтан ретінде жаңа тағайындалған Қоңырқұлжа Құдаймендин Санкт-Петерборға келуге дайын екенін хабарлады. Оның жанында төрт қосшысы бар еді.

Делегация құрамына Қоңырқұлжа белгілі би Сеңгірбай Макөтовті, болыс басқармасы Айнабек Жарқыновты, өз ұлы Жаналы Қоңырқұлжинді және бір саудагер өзбекті қосқан. Аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин осы қабылдау кезінде патшадан қазақтарды әскер қатарына шақырудан, ресми ясак салығынан басқаның бәрінен босатуды сұрауды жоспарлаған болатын.

Қоңырқұлжа қосшыларымен 1834 жылдың 9 наурыз күні Мәскеу қаласына жетеді. Санк-Петерборға да табаны тиеді. Қоңырқұлжа Император Николай I қабылдауында болады. Қоңырқұлжа Құдаймендин императордың қабылдауында екі рет болып барлық мәселелерін шешті. «Сібір қырғыздары Ресей әскер қатарына шақырылмаған және алдағы уақытта шақырылмайды» деген арнайы хат берілді. Сонымен қатар, қазақ халқына жер игерумен айналысу, басқа да өндірісті қолға алу және өз еркімен ауылдарға, қалаларға қоныстануға мұрсат беру туралы құжат берілді. Сол жылы 28 мамыр күні патша «Сібір қырғыздарының әскерден босатылуы туралы» Сібір комитетінің ережесін бекітті. Бұған дейін де, кейін де бірде-бір хан, сұлтан халық үшін дәл осындай жеңілдіктерге қол жеткізген жоқ. Мысалы, оның өтінішімен, Аягөз, Баянауыл, Қарқаралы, Көкшетау, Үшбұлақ және басқа да сыртқы округтерге қазақтардың әскерге шақырылудан босатылатыны туралы грамотаның литографиялық көшірмесі жіберілді. 1842 жылы Ақмола бекінісінің ішінде алғашқы ағаш мешіт салғызды. Осы мешіт қабырғасында алғашқы білім ордасы да пайда болды.

Қоңырқұлжа Құдаймендин аға сұлтан қызметін 1832-1842 жылдары, кейін 1945 жылы қайта сайланып, 1849 жылдың тамыз айына дейін атқарды.

Қоңырқұлжа Құдаймендиннің өмірбаянының ерекше беттерінің бірі – оның қандасы, танымал тұлға, Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымұлымен арадағы қарым-қатынасы. Мұрағатта сақталған кейбір құжаттарға қарағанда, Қоңырқұлжа қалай дегенмен, Кенесары Қасымұлына жасырын қолдау да көрсеткен. Аға сұлтан Кенесары әскерлерін өз жайлаулары арқылы өткізіп, атпен және басқа да керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп отырған. Бұл фактілер Омбы мен Ақмоладағы жазалаушы отрядтардың жоғарыға жеткізіп отырған ақпараттарында көрініс тапқан. Алайда, Құдайменді аталған әрекеттерін өте шеберлікпен жасаған болуы керек, өйткені билік оны жауапқа тартып, жазалай алмаған.

Қоңырқұлжа Құдаймендин 1865 жылы қазіргі Астана маңындағы ауылдардың бірінде дүниеден өтті. Оның бейітінде XIX ғасырдың ескерткіші сақталған. Бұл – қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ахмет ауылы. Қоңыр Құлжа Құдаймендиннен 18 ұл 5 қыз қалды. XIX ғасырдың соңында Қоңырқұлжаның ұлдары сұлтан Абылғазы, Әлімхан, Есай, Токе, Әкетай, Әкім және немерелері Жәңгір, Сейтмұрат(Сейтен), Тәкей, Қошан, Самұрат, Махмұт, Ахмет, Құсайын, Аппас, Жәдік, Сұлтан, Мұрат, Алтындар өз төленгіттерімен Ақмола уезінің Шерубай-Нұра болыстығында өмір сүрді.

Қалай дегенмен, ол өте қиын және қайшылықты фигура болды. Тіпті, қайғылы десек те артық болмас. Сондықтан, оның тұлғалық бет бейнесін қайта жаңғыртып, Хан Жәңгір Бөкеев, генерал Ғұбайдолла Жәңгіров, полковниктер Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов және басқа да елдің белгілі ұлдарының қатарына қойған жөн деп санаймыз.

Ақмола бекінісінің құрылуына орыс полковниктері Броневский мен Шубин қатысты. Бірақ, Қоңырқұлжа Құдаймендин 1830 жылы дәл осы жерді қазақ даласының нақ ортасы, географиялық жағынан ыңғайлы және тиімді деп белгілеп берген болатын. Ал, бұл жер – қазір Еуразияның да кіндігіне айналды.

Сондықтан, Ақмола бекінісінің алғашқы қазығының қағылуына себепкер болған тарихи тұлғаның есімі ескерілгені жөн. Яғни, оның есімі Ақмола облысымен Нұр-Сұлтан қаласының картасына жазылса деген тілек бар. Меніңше, бүгінде гүлдей жайнаған астананың алғашқы қазығы қағылған жердің осыдан екі ғасыр бұрын анықталғаны өскелең ұрпақтың жадына жазылуы тиіс. Ал, сол кезде Ақмола атанған бекіністің кейін қалаға айналғаны тарихи дерек.

Мұрат ӘБДІРОВ,

тарих ғылымдарының докторы,

Халықаралық Бизнес университетінің профессоры