Қаражал

Ағайындылар жасөспірімнің өміріне араша түсті

– Қаражалдық 13-15 жас арасындағы бір топ жасөспірім, Қылыш су қоймасы маңындағы өзенге шомылуға келген. Біраз уақыттан кейін, жақын жердегі демалушылар балалардың көмекке шақырған дауысын естиді. Олардың бірі дәрменсіздіктен суға батып бара жатады…

 

Балалардың айқайына жетіп келген екі ағасы Қанат пен Дәулет Әбсәдіров дереу баланы іздеуге кірісіп, оны жағадан шамамен 6 метр жерден, 2 метр тереңдіктен тауып жағаға алып шыққан. Бала ес-түссіз және дем алмай жатыпты. Ағайынды Әбсәдіровтар жылдам жасанды тыныс алу және жүрекке тікелей емес массаж жасай отырып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланың өмірін сақтап қалған. Жағдайы қиын болғандықтан ағайындылар оны өз көліктеріне салып, шақырылған жедел жәрдемнің алдынан шығыпты.

Құтқарылған жасөспірім қалалық ауруханаға жеткізілді. Бүгінгі күні оның жағдайы қанағаттанарлық.
Құтқарушылар баланы құтқаруға қатысқан барлық азаматтарға алғысы шексіз, ал, ағайындылар Қанат пен Дәулет Әбсәдіровке жеке алғыс білдіреді.
Осындай жазатайым оқиғаның куәгері болған әр адам “жедел жәрдем” келуін күтпестен зардап шегушіге көмек көрсете білуі тиіс.
ТЖД-де хабарлағандай, зардап шегушіні тыныс алу тоқтағаннан кейін 5-6 минуттан соң өмірге қайтаруға болады.

Басқа материалдар

Back to top button