Тарих

Аға сұлтанның мөрі

Қарқаралы өлкетану-тарихи музейі – көптеген құнды жәдігер жинақталған орталық. Өңірдің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін бағалы дүниелерді осы жерден көруге болады. Жүздеген жәдігер арасында 1853-1861 жылдары Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болған Түлік Тұрсынұлы Шыңғысовтың мөрі ерекше көзге шалынады.

Түлік Тұрсынұлы дуанға Құнанбай Өскенбайұлынан кейін аға сұлтан болған. Төре тұқымынан. Әкесі Тұрсын Шыңғысұлы да (Жамантай хан) Қарқаралы дуанының алғашқы аға сұлтаны. 1824-1844 жылдары ел тізгінін ұстаған.

  • Музейдегі құнды жәдігердің бірі – осы. Алайда, Түлік Тұрсынұлы туралы нақты деректер музей құжаттарында сақталмаған. Ал, Қарқаралы дуанының аға сұлтандарының тізімін Бейбіт Сапаралының «Құнанбай қажы» кітабынан және өлкетанушы Әбіл Ақыновтың деректерінен алып, қағазға түсірген – жергілікті өлкетанушы Саят Оспанов. Сонымен қатар, Түлік сұлтанның қылышы мен өзі ұстаған құран кітабы да біздің қорымызда сақтаулы. Бұл жәдігерлерді бізге Түлік Тұрсынұлының туысы Мұрат Сәдуақасов тапсырды. Мөрде аға сұлтанны аты-жөні араб қарпінде жазылған. Біздің ендігі мақсатымыз – тарихи тұлға туралы туыстарымен әңгімелесе отырып, дерек қорын толтыру, – дейді музей қызметкері Сәтбек Сламбеков.

Аға сұлтан кейбір деректерде «Төлек Шыңғысов» деп те көрсетілген. Музей қызметкерлері алдағы уақытта осы деректерді жүйелеп, сұлтанның туыстарымен сөйлесіп, жәдігерлер қорын толтыруға күш салмақ.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button