Жаңаарқа

Бозкілемде – балғын балуандар

Жуырда Жаңаарқа ауданында қазақ күресінен ҚР білім беру ісінің үздігі, қазақ күресі мен самбодан спорт шебері Болат Мейізбековті еске алуға арналған дәстүрлі республикалық ашық турнир өтті. Он бесінші мәрте жалауы желбіреген жарыс көрігін елдің әр аймағынан келген 2004-2005 жылдары туған екі жүзге жуық жас балуан мен жергілікті үміткерлер қыздырды.

Балаларды күрес өнеріне баулуда ерекше маңызы бар шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Имантүсіпов қатысушыларды байрақты бәсекенің басталуымен ақжарыла құттықтап, жас балуандарға сәттілік тіледі. Болат Мәжікенұлының бауырлары – Сағындық Тәжібаев, Аллаберген Қарабаев, досы Меркеш Өскенбеков спорт қайраткерінің табыстары мен қазақ күресінің дамуына қосқан зор үлесі жайлы сөз қозғады. Ал Бөкеңнің жары Жұмаш Қасенова жұбайының адами қасиеттерін тілге тиек ете келіп, балғындардың жеңіс тұғырынан жиі көрінуіне тілек қосты.

Сайысқа сақадай-сай қатысушылар Әнұранды қосыла шырқап, көңіл төріне қуаныш ұялатты.

Талантты әнші Абзал Сағындықов әсем әнмен шашу шашып, балауса сайыпқырандар мен жанкүйер қауымға әдемі көңіл-күй сыйлады.

Бозкілемде балуандар 38, 42, 46, 50, 55, 60, 66 және 73 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Үміткерлердің бәрі де белсенді қимыл танытты. Төрешілер де туралықтан танбады.

Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиістілігі бойынша қаржылай сыйақы табыс етіліп, омырауларына арнайы әзірленген медальдар тағылды.

Нұргүл ШАМАЕВА.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button