#Biz birgemiz!

Ізгілік ізсіз кетпейді

Қанына қайырымдылық қасиеті сіңген халқымыз күрделі кезеңде бір-біріне қапысыз сүйеу болуда. Бұған облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылып, қысқа уақытта қыруар шаруа тындырған «Saryarqa Jastary» волонтерлер штабының қызметі дәлел.

 

Олардың негізгі қызметі – карантин режиміне байланысты қарттардың, мүмкіндігі шектеулі және көмекке мұқтаж жандардың дүкенге, дәріханаға шықпайақ, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету. Еріктілер демалыс күндері де тыным таппайды. Мәселен, өткен сенбіде демеушілер қаржысына алынған азық-түлік, гигиеналық құралдар мен бетперделерді 15 отбасына жеткізіп берді. Ал, жексенбі күні «Vogue» мейрамханасы ұйымдастырған қайырымдылық акциясы аясында аз қамтамасыз етілген 23 отбасына көмек көрсетілді.

Карантиндік режимдегі тұрғын үйлерге де азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды солар жеткізіп беруде.

«Saryarqa Jastary» волентерлер штабына «Senim 109» жедел желісінен күніне жүзден аса қоңырау түседі.

– Егде жастағы адамдар дәрігерге көріну, коммуналдық төлемдерді төлеу мәселесінде де біздің көмекке жүгінеді. Штаб сайтында 200-ге тарта волонтер тіркелген. Ерікті болуға ынтасы барлар ba09.kz сайтына кіріп, «Волонтер болу» нүктесін басса жеткілікті. Ол үшін міндетті түрде жас болу қажет емес, – дейді штаб мүшелері.

Егер Сіз, қайырымдылық жасап, өзгеге көмек қолын созғыңыз немесе еріктілер көмегіне жүгінгіңіз келсе, 40-21-33 телефонына, 8 700 123 2396 ұялы байланыс нөміріне хабарласа аласыз.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button