Шет

Өндіріспен өзектес

Бұл ауылдың бағын ашқан — өндіріс. Жарты ғасыр жырғады! Кемдік көрмеді. Қоғамдағы құбылыс, экономикалық қатынастағы өзгеріс өзіндік қиындық келтіргенімен, кейінгі он жыл бедерінде көшін түзеп алғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Қырқыншы жылдың ортасына қарай жер қыртысына бұрғы бойлатып, жеті жылдай жемісті жұмыс жүргізген Қайрақты-Вишнев геологиялық-барлау партиясы Қайрақты кен басқармасының тұсауын кесуге негіз қалады. Ол тоғыз жыл толысқасын кеніш болып қайта құрылып, ширек ғасырдай Ақшатау кен-байыту комбинатының құрамында, кейін дербес шығып, ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосты.

Кенішпен қанжығалас бой көтерген байыту фабрикасының құрамында қорғасын мен барит бар өнімін Қазақстанда — Шымкент қорғасын зауыты, Одақта — Башқұртстан, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, шалғайда Пәкістан, Монғолия, Ауғанстан тұтынды. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Көшен Кунякеев — Ленин, Жылқыбай Сарбасов Еңбек Қызыл Ту орденін омырауына тақты.

Нарықтық қатынастың тегеурінді талабы өнімі тұтынушысын таппаған кәсіпорынды тығырыққа тіреді. 2005 жылы жекенің иелігіне беру де қиюы қашқан шаруаның шырайын шығара алмады. Ақыры екі жылдан кейін қаңтарылды. Алғашқыда ауылда абыржу аңғарылғанымен, бірен-саран отбасы болмаса, көпшілік көтеріле көшпеді. 2008 жылы қаңтарда Төменгі Қайрақты ауылдық округінің құрылуы үзіле бастаған үмітті жалғады.

Қазір бір ауылдық округке біріккен қос (төменгі және жоғарғы) Қайрақтыда 757 адам тұрады. Оның экономикалық белсенді бөлігі — 386. Осының отыз шақтысынан басқасы әр саладан несібесін тауып жүр. 49 адам кәсіпкерлікті қолай көрген, білім беру саласында — 32 адам. 110 адам “Шұбаркөл”, “Солтүстік Қатпар”, “Бапы-Майнинг”, “Қамысмола” кәсіпорны да вахтамен жұмыс істейді.

Округтегі 10 шаруа қожалығы төрт түлік малмен және жем-шөп дайындаумен айналысады. Олардың иелігінде 952 ірі қара, 2250 қой мен ешкі, 808 жылқы бар. Ал, ауыл тұрғындарының жеке меншігіндегі екі табын ірі қара мен үш отар қой кезекпен бағылады. Бір үйір жылқы бағылымы да нақты жолға қойылған.

Ауылдық округте қазір әкімшілік, кітапхана, мәдениет үйі, орта мектеп, фельдшерлікакушерлік бекет, малдәрігерлік станса, хатхабар бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Амандық болса, алдағы жылы ауызсу мәселесі шешіледі. Ол “Ақбұлақ” бағдарламасына енгізілген.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button