Басты тақырыпРуханият

«Жыр- жауһар» – жаңа белесте

«Жыр-жауһар» поэзия клубы – 10 жас­та. Н.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапхана жанындағы қайнаған қара өлеңнің ордасы – бұл. Ол туралы еш мекеме ресми хабарламайды. Есесіне, қазір Қарағандының қасиетті топырағы осы клуб жастарының тілімен толғанып сөйлейді. Жаны қазақ жалынды жастар осы клуб жайында тебіреніп айтады. Осындағы әдеби орта ордалы ойдың тиегін ағытады… «Жыр-жауһар» клубы жайлы.

    Осыдан он жыл бұрын құрылған клуб қазір ат жалын тартып мінген бала жігіт. Бала жігіт болса да, дара жігіт. Әуелі жазушы Алмаз Мырзахмет пен ақын Қуаныш Медеубаевтың бастамасымен, аталған кітапхананың директоры Дина Аманжолованың қолдауымен құрылған поэзия клубы 10 жылдығын Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты түрде атап өтті. Әдеби-сазды кешті көрген – арманда, көрмеген – шерменде. Азуын айға білеген Алаштың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы бастап, профессор, ақын Қойлыбай Асанов қостап, күллі Қарағанды руханияты көшіп келіпті десе де болғандай. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дан филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов, облысымызда жоғары лауазымды қызметтер атқарған өнер жанашыры Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Қадыр Аскеев, ақындар – Руслан Нұрбай мен Қайрат Асқар һәм қазақтың қос бұлбұлы – Сейіл Аяған мен Сержан Мұсайын да осында. Жекелеген өнерпаздарды айтпағанда.

Бимен ашылған сахнаға клуб мүшелері шықты. Аты аймаққа, әрісі ел көлеміне мәлім клуб құрамында кімдер бар дейсіз ғой? Республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының жауапты редакторы, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің аға оқытушысы, «Ханшайым», «Қала мозаикалары» кітаптарының авторы, жазушы Алмаз Мырзахмет, ІІД баспасөз қызметкері, «Жан-арым», «Қара жәшік» жыр кітаптарының авторы, ақын Қуаныш Медеубаев, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, «Соңғы раушан», «Бекзат» жыр кітаптарының авторы, ақын Мирас Асан, осы газеттің қызметкері, «Ақ қайың болсын есімің» атты жыр кітабының авторы Рауан Қабидолдин, аймақтық «Арқа ақшамы» саяси-қоғамдық газетінің редакторы, «Тәңір таңбасы» жыр кітабының авторы Жанат Жаңқашұлы, облыстық спорт басқармасының бас маманы, «Құмдауыт» жыр кітабының авторы Жәлел Шалқар, аймақтық «Арқа ақшамы» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі, «Сынық айна» жыр кітабының авторы Ерболат Қуатбек, Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапхананың бөлім меңгерушісі, ақын Жадыра Байбұланова, Кеншілер мәдениет сарайы басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары Эльмира Сайлауқызы, тағы басқа жас ақындар мен өнерпаздар қосынының саны қырық шамалы. Өңшең «сен тұр, мен атайын» деген өнерпаздарды мерейлі мерекесімен Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапхананың директоры Дина Базарбайқызы құттықтап, ақ тілегін арнады. Абадан ақын Серік Ақсұңқарұлы «Жыр-жауһардың» әдеби ортада алатын орнын айшықтады. Жансая Жарылғапов клуб мүшелерінің алды әдеби айналыста ерекше аталып жүргенін мақтанышпен айтты. Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Қадыр Аскеев облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген клуб жетекшілерін Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады. Қазақ сахнасының бұлбұлдары – Сейіл Аяған мен Сержан Мұсайын бірі гитарамен, бірі домбырамен әннен шашу шашты. Жоғарыда аты аталған поэзия клубының мүшелерімен қатар олардың өкшесін басып келе жатқан жас ақындар жалындап жыр оқыды. Бүгінде Арқа жұртына танылып қалған әншілер – Аман Ахметжанов, Марғұлан Уәлиев, Ербол Алшынбаев авторлық әндерін орындап, көрермендерді тәнті етті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button