Жаңалықтар

Журналистер жүлделі болды

     6Сәрсенбі күні Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және «Жезқазған қаласының жастар Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен журналистика саласы қызметкерлеріне арналған облыстық «Шаңырақ» шығармашылық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған сайыста әріптесіміз, газетіміздің Бас редакторының орынбасары Ерсін МҰСАБЕКОВ қатарынан қара үзіп келді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға облыстағы БАҚ өкілдерімен қатар, қала және аудан әкімдері жанындағы ішкі саясат бөлімдерінің мамандары, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшылары және қызметкерлері қатысты. Мұндағы мақсат – этносаралық тақырыпта қалам тербеген журналистерді ынталандыру арқылы қоғамдағы этносаралық татулық пен келісімді нығайту, жастардың этномәдени төзімділігін қалыптастыру. Сонымен қатар, БАҚ-та конфессияаралық қарым-қатынастар туралы сапалы және объективті материалдарды жариялауға және таратуға ықпал жасау.

Қадірлі БАҚ өкілдері, сөз бастамас алдында сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Қоғамдық келісім» мекемесінің күнделікті жұмысын, атқарып жатқан ауқымды істерін газет бетіне жария етіп, телеарна арқылы халыққа жеткізіп келесіздер. Сол, еселі еңбектеріңізге деген біздің алғысымыз шексіз. Облыстық байқауға қатысуға ниет білдіріп, төрт көзіміз түгел жиналып отырғандарыңыз да көңіл қуантады. Еңбектеріңіз жемісті болып, шығармашылық табыстарға жете беріңіздер! – деді облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Тілеубек Камалиев.

Бірлік пен ынтымақтың қарашаңырағына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы да журналистердің төл мерекесін ескерусіз қалдырмады. Бейсенбі күні Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының «Рухани жаңғыру: сананың ашықтығы» тақырыбындағы кеңейтілген отырысы өтті. Шараға облысымыздың «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшысы Мерей Қалиасқар қатысты. Отырыс барысында журналистер қауымының алдында тұрған жаңа мақсаттар, рухани жаңғыру және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды ақпараттық сүйемелдеу мәселелері талқыланды.

Қазіргі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубы республикалық деңгейде жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта аталған клубтың облыстық нұсқасын құруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Мәңгілік Ел» бағдарламасының аясында «Достық аймағы» атты арнайы альманах шығаруды қолға алудамыз. Биыл журнал шығару бойынша, әлеуметтік тапсырыс шеңберінде конкурс ұйымдастырылып, оны «Граждане Казахстана» қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Яғни, тың бастамаға аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы, «Вектор Инфорум» аймақтық жастар журналының Бас редакторы – Дмитрий Полтаренко жетекшілік ететін болады. Сондықтан, бүгінгі біздің кездесуіміз – ортақ қызметтің бастамасы болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы, этносаралық, конфессияаралық қатынастар, бірлік, толеранттылық тақырыптарында қалам тербеген журналистер алдағы уақытта журналымызға мақала ұсынып, журналымыздың белсенді мүшесі болады деп сенемін, – деді облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қоғамдық көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру және Қазақстан халқы Ассамблея­сының құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Айшагүл Тасмағамбетова.

Облыстық байқауға барлығы 18 БАҚ өкілі қатысты. Ұйымдастырушылар жүлделі орындарға ілікпеген қатысушылар еңбегін де ескерусіз қалдырмай, Алғыс хатпен, түрлі аталым бойынша арнайы сыйлықтармен, марапаттады. Сонымен, жүлделі ІІІ орынға облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің қызметкері Светлана Свич, ІІ орынға «Қазақстан» Ұлттық арнасының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі – Руслан Тұрсынғалиев, І орынға Теміртау қаласындағы «Құрыш қала» газетінің жауапты хатшысы Серікгүл Алтайбаева иелік етті. Ал, облыстық байқаудың бас жүлдесі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторының орынбасары, әріптесіміз Ерсін Мұсабековке бұйырды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button