Жомарттыққа не жетсін?!

   Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ елін көркейтіп, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа дәріптеуді көздейтін «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Елбасын үлгі тұтатын Жезқазған «Білім-инновация» лицейінің түлектері туған жердің, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытуға атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі екенін тағы бір дәлелдеді.

Бүгінгі таңда лицей ұстаздары Динара Қапарова және Зәуреш Жанұзақова әрбір түлектерін мақтанышпен айтады.

– Қазақ халқында «Туған жерге туың тік» деген мән-мағынасы тереңнен тарайтын нақыл сөз бар. Кіндік қаның тамған жерге, өскен ауылыңа, өңіріне деген сүйіспеншіліктен шынайы ұлтжандылық сезім басталады. Түлектеріміздің өздері білім алған ұясына, інілеріне арнап футбол алаңын салып бергені – патриотизмнің белгісі. Осы бір игі іс – Жезқазған «Бі­лім-инновация» лицейіне, онда білім нәрімен сусындап жатқан жас ұрпаққа тамаша сый болды, – дейді ұстаздар.

14 млн. теңге қаражат жұмсалған, 50х25 көлемді стандарт­қа сай футбол алаңын салуға  «KazProEnginiring» компаниясының бас директоры Кеңшілік Мырзабеков, мұнай саласында құ­рылыс қызметімен айналысатын «Мирас» компаниясының құрылтайшысы Тимур Мусин және «DANNESS» ЖШС директоры Данияр Несіпбаев, сондай-ақ, басқа да түлектер демеушілік көрсеткен.

Футбол алаңының ашылу салтанатына лицейдің ата-аналары мен ұстаздары, оқушылары қатысты. Іс-шара барысында лицей оқушылары ағаларына арнау оқыды. Алғыс айтты. Салтанатты шарада ардагер ұстаз Күнтай Искакова қуаныш сыйлаған түлектерге шашу шашты.

Лицей түлектері өздерінің мектеп қабырғасында өткен қызықты сәттерін еске ала отырып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Лицей ата-аналары зор ілтипат көрсетіп, «Мың жүрекке қуаныш сыйлаған түлектер» атауымен тәтті торт ұсынды.

Азаматтардың жомарттығы мен мәрттігі көпке үлгі болды. Патриот жастар көп болса, болашағымыз жарқын болары хақ.

Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.