Жомарт жандар пейілі
Оқу жылының басында Қарағандыдағы облыстық №3 арнайы мектеп-интернатында қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шараға тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсетуге ниеттенген «Tenqri Bank» АҚ филиалының директоры Ербол АЯҒАНОВ, «Құю зауыттарының кәсіпорындық бірлестігі» ЖШС өкілі Юрий ТЕН, «АМВ Company» ЖШС уәкілетті тұлғасы Алтынай МҰХАМЕДИНА қатысты.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитеті бірнеше жылдан бері «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын сәтімен жүзеге асыруда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілген жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылы Министрліктің әлеуметтік бастамасы «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» қамқорлық ұранының негізінде өткізіліп отыр.
Жүргізіліп жатқан акцияның мақсаты – күнкөрісі төмен және көпбалалы жанұялардан шыққан балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектептен қалуын болдырмау болып табылады.
Кездесудің ең қуанышты сәті – сыйлықтарды тарту ету екені сөзсіз. Бұл – нағыз мерекелі һәм берекелі күн болды. Мектеп-интернат оқушыларына қуаныш сыйлаған қолдаушылар шын мәнінде игілік, мейірімділік пен қамқорлық танытты.
Шара барысында 40 бала мектепке қажетті оқу құралдарына ие болды. Сыйға тартылған оқушы сөмкелері, құрал-жабдықтар оқушыларды шатыққа бөледі. Балалардың қуанышында шек болған жоқ. «Қайырымдылық жасағанның мейірімі таусылмасын», – деп өз кезегінде алғысын білдірді ата-аналар. Аталған күні көрсетілген көмектің сомасы үш жүз мың теңгеден асты.
Акция соңында мектеп-интернат ұжымы мұқтаж жандарға қол ұшын созған ұйымдар өкілдеріне шынайы ризашылығын білдірді.
Мәдина ДӘУЛЕН.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.