Басты тақырыпРуханият

Жомарт жүрек

     Жомарттық – жанның байлығы. Мұндай қасиетке ие болған кісі жақсылық жасауды көңілі қалап, көпшілікке қолұшын беруге дайын тұрады. Жомарттық – қазақтың төл мінезі сынды. Астындағы атын түсіп, беретін, жапалақша басып жемей, сұңқардай шашып жейтін азаматтар елімізде көп. Солардың бірі – қырандай жомарт жан, «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы Қайрат КӨПБАЕВ.

Кәсібінен нәсібін тапқан жігіт ағасы – игі іс жасап, туған өлкесінің түлеуіне тер төгіп жүр. Байлыққа жүрегі байланбай, халқының қорғанына айналған атымтай Түгіскен ауылында бой көтерген спорт кешенінің құрылысына қыруар қаржы салды. Жалпы құны 110 миллион теңгені құрайтын спорт кешенін ауылдағы ағайынға сыйлау үшін еңбек етті. Жаңа спорт кешенінде ауыл тұрғындары волейбол, баскетбол, шағын футбол және күреспен айналысуына зор мүмкіндік жасады. Жаттығу залын заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жабдықтады. Ол қазақтың туын желбіретер спортшылардың ауылдан шығатындығына сенімді. Жастардың спортқа жаны құмар әрі шымыр, шыдамды болып өскенін қалайды. Жауырыны жер иіскемеген Қажымұқандай балуанның ізін жалғар жас ұрпаққа қолдау көрсетуге қашанда әзір.

Сонымен қатар, Қайрат Көпбаев басқарып отырған «Мақсат» шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырларының етті тұқымын өсіріп-бағумен айналысады. Қазіргі уақытта шаруашылықта отызға жуық адам жұмыс істеп, отбасын асырап отыр.

Расымен де шын мұқтажға, арлы, адал кісіге жомарттық жасаудың сауабы мол. Сауапты іске – самалдай есілген, тұлпардай көсілген кейіпкеріміздің жақсылығы жетерлік. Ол – бергенін ұмытып, алғанын ешқашан ұмытпайтын адам. Қашаған жырауша айтсақ, «Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам» – деген азамат. Алла жолын оңғарсын!

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button