Жаңалықтар

Жолшы Әселдің әлемі

Биыл өңіріміздегі бірнеше жол жөндеу көреді. «Қарағанды- Жезқазған» бағытындағы күрежолдың да құрылысы басталады. Салынар жолдың сапасы әуелгі кезекте. Сол себепті Жол активтері ұлттық сапа орталығының жұмысы қарбалас күй кешеді. Әсіресе компанияның зертхана қызметкерлері таңның атысы, күннің батысы дамылсыз жүріп қызмет атқарады. Тақтайдай жол ұзақ жыл кәдеге жараса, онда Әсел Хасенова секілді білікті жол құрылысы инженерінің қосқан үлесі зор болмақ.

Жол саласының сапасын қадағалауға жауапты бірден-бір мекеме ол – Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы. Жауапты мекеменің негізгі міндетіне жол салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп ұстау жұмысын қадағалау кіреді. Яғни салынар жолдың қатпарына, төселіп жатқан жол қабатына сараптама жасайды. Әр өңірде филиалы бар мекемедегі инспекторлар жыл сайын 17 мың шақырымнан астам халықаралық және республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға диагностика жүргізеді. Жол-құрылыс материалдарына 220 түрлі жан-жақты зертханалық зерттеу жасалады. Орталықтың осыншама сын садағынан сәтті өтіп, тәмамдалған сапалы жол әлбетте сапар жүгін жеңілдетеді.

Сол себепті құрылысқа қажетті материал да, тәжірибелі маман да – жолға кепіл. Жол активтері ұлттық сапа орталығының Қарағанды облысындағы филиалының жол инженері Әсел Хасенова – жылжымалы жол зертханасы арқылы өңірдегі жол саласына елеулі үлес қосып жүрген жұмысшы маман.

Жылжымалы зертханада жолды тексеруге қажеттінің бәрі бар: жол датчигі, геометриялық параметрлерді өлшеу жүйесі, тегістікті және көлденең тегістікті өлшеуге арналған жүйе, бейнежазба, GPS, мұнымен қоса ақаулардың сызықтық өлшемдеріне дейін өлшейтін құрылғы. Мұншама технологияның тілін терең түсінген бірегей инженер – ұжымында бағалы маман.

Жасырары жоқ, жалпы жол құрылысы саласында маман тапшылығы деген мәселе өте өзекті болып отыр. Жол салып жатқан мердігер компанияларда зертхана меңгерушілері мен жол-құрылыс материалдарының инженерлері жетіспейді. Мұнымен қоса асфальт төсеуші, жол тегістейтін техника, бульдозер мен автогрейдер операторлары тапшы. Білікті механизаторлар, геодезия, картограф мамандар, метеорологтар мен механиктердің жоқтығы жұмыс күшін тежейді. Сол үшін орталықтың қызметкерлері бос жұмыс орны жәрмеңкелерін қалт жібермей, қатысады. Колледж, университет түлектерімен кездесіп жастарды жұмысқа тартады. Жол саласына қызығып келгендерді Әсел секілді жетекші инженер қуана қарсы алып, білгенімен бөлісіп, технологияның түрлі тәсілін үйретеді. Сөйтіп саладағы білікті маман саны жыл өткен сайын өсіп отыр.

Жетекші сарапшы Әсел қазіргі қызметіне дейін түрлі салада қызмет атқарып келді. Алматыдағы Халық шаруашылығы университетін қаржыгер мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдайды. Содан өзінің өмірлік жарын жолықтырып, Қарағандыға қоныс аударады. Қолындағы қызыл дипломымен Қарағанды қаласының тергеу изоляторының есеп бөліміне жұмысқа орналасады. Осында жемісті еңбек етіп жүрген ол басқа жұмысқа ауысуды ойластырады. Сол кезде қайын атасы Қаражал қаласындағы жолға жауапты мекемені басқарып тұрған көрінеді. Атасы ақыл айтып, нұсқау көрсеткен соң «Казахавтодор» мекемесіне жұмысқа тұрыпты. «Осы кезден бастап жол құрылыс саласы баурады», – дейді. Дәп осы жерде еңбек ете жүріп, жол инженері мен заңгер мамандығын оқып алыпты. Қазір қос дипломы, оқыған білімі өзіне үлкен көмек. Ол жыл сайын біліктілікті арттыратын курстан да қалмайды. Өйткені технология ай сайын жаңарып, жаңғырып отырады.

Жол инженері салауатты өмір салтын берік ұстанады. Спорттың түр-түрінен хабары бар. Жыл сайын орталықтың барлық өңірдегі филиал қызметкерлері арасында түрлі спорттық сайыс ұйымдастырылады. Соның бәріне белсенді қатысып, өңірдегі қосынның қоржынын жүлдеге толтырып жүр. Волейбол секілді доп додалары, дойбы, теннис секілді тақтадағы тартыста да алдына жан салмайтын қабілеті бар.

Әсел – аяулы жар, келісті келін, асыл ана. Шаңырағына шуақ шашып отырған оның көзінің ағы мен қарасындай болған қос құлыны бар. Отағасы жеке кәсіппен айналысады. Отбасындағылар білікті жол құрылыс инженеріне үлкен қолдау көрсетеді. Жетістіктерімен мақтанады, марқаяды. Әйтпесе жауапты жұмыстың жүгі ауыр. Білікті инженердің жол саласына сіңіріп жүрген еңбегі осындай.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,

ortalyq.kz

Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button