Балқаш қаласының құтқару бөлімшесіне өтімділігі жоғары «Байкал» жол талғамайтын жаңа көліктің кілті табысталды. Сонымен қатар, Қарқаралы мен Осакаров ауданының құтқару қызметінің бөлімшесіне республикалық бюджет есебінен «Трэкол Вега» жол талғамайтын көлігі берілді. Аталған көліктер төтенше жағдай кезінде құтқару операцияларын жүргізуге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеспек.
Қарқаралы ауданының ТЖ бөлімінің бастығы Нұршат Қайыр үлкен дөңгелекті техникаларға ештеңе кедергі болмайтынын айтады.
– «Трэкол Вега» – бұл кез келген ауа райы жағдайында жолсыз жерлермен жүре алатын техника. Тіреулері үлкен арнайы шиналар көктемде батпаққа, қыста қарға тоқтамайды. Құммен де жүріп, тауға да шығады. Машинаға 10 адамға дейін сыяды. Төтенше жағдай кезінде осы көліктер құтқарушылар мен жүктерді жеткізу үшін аса қажет. Әзірге техника іс жүзінде қолданылмады. Бірақ, біз оны далада сынақтан сәтті өткіздік, – деді ол.
Сонымен қатар, Нұра ауданының төтенше жағдайлар бөліміне де «Трэкол Вега» жол талғамайтын көлігі, Ақтоғай ауданына «Нива Марш Бронто» автокөлігі берілді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»