Бас тақырыпОблыс әкімі

Жол картасына қол қойылды

Қарағанды облысы әкімдігінде кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда жергілікті бизнестің өзекті мәселелері талқыға салынып, оларды оңтайлы шешу жолдары қарастырылды. Жиын соңында Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек пен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетов кәсіпкерлік қызметті қолдау жөніндегі 2020 жылға арналған Жол картасына қол қойды.

Аталмыш құжат кәсіпкерлердің күрмеулі мәселелерін жүйелі шешуге мүмкіндік бермек. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, шағын және орта бизнес өкілдерінің көпшілігі орталықтандырылған жылу және электр желілеріне қосылудың қиындығын айтып жиі шағымданады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерін алудың да машақаты көп. Енді бұл мәселелерді шешуге Жол картасы жөн сілтемек. Яғни, кәсіпкерлер коммуналдық қызметке қосылуға арналған техникалық шарттарды бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан алу мүмкіндігін иеленеді. Болжам бойынша, аталмыш жүйені 1 600 кәсіпкер пайдаланады. Кәсіпкерлердің күрделі мәселелерін шешуде «Atameken Services» онлайн-порталының да тиімді жұмыс істеп тұрғанын да айта кеткен жөн. Сонымен бірге, келесі жылдың наурыз айынан бастап, кәсіпкерлер атқарушы органдар тарапынан қысым көрсе, облыс әкімдігі жанынан құрылатын келісім комиссиясына шағымдана алады. Комиссия жұмысы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Сонымен қатар, 2020 жылы аймақта жер телімдеріне мониторинг жүргізетін жұмыс тобы құрылады. Олар пайдалануға берілген жер телімдерінің игерілу барысын қадағалайды. Жұмыс тобының құрамына облыстық кәсіпкерлер палатасының, облыстық прокуратураның өкілдері және кәсіпкерлер енеді. Бұл аймақтағы жер телімдерінің тиімді пайдаланылуына жол ашады.

Болат Палымбетовтің айтуынша, кәсіпкерлердің көпшілігі болмашы заң бұзушылықтардың кесірінен қылмыстық қудалауға ұшыраған. Сондықтан да, қазіргі таңда қылмыстық кодексті ізгілендіру жұмыстары жүргізілуде.

– Бұл мәселе Жол картасы аясында шешілуде. Біз Бас прокуратурамен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлестікте қылмыстық кодексті ізгілендіру, салық заңнамасын жетілдіру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Бұл экономикалық құқық бұзушылықтардың азаюына ықпал етті, – дейді Болат Палымбетов.

Осы орайда, аймағымызда екі жыл бұрын құрылған кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның облыс аумағындағы бизнестің ахуалын жақсартып, күрделі мәселелерді жүйелі шешуге оң ықпал еткенін айта кеткен жөн. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, бүгінде облыстық комиссияның тәжірибесі бойынша аудандар мен қалаларда жергілікті деңгейдегі комиссиялар құрылған. Олар бүгінге дейін екі жүзден астам жиын өткізіп, 260 мәселені қарастырған.

Жиын барысында, сондай-ақ, «Сарыарқа» газ магистралі туралы да сөз қозғалды.

 – Бүгінде магистраль тартылды. Желтоқсан айында 3 елді мекен газға қосылады деп жоспарлап отырмыз. Ал, келесі жылы 5 ауданға газ тарту бойынша жобалықсметалық құжаттарды әзірлейміз. Аймаққа газдың келуі жеке тұрғындар үшін де, кәсіпкерлер үшін де маңызды. Өйткені, газ – арзан әрі экологиялық тиімді отын. Десек те, біз көмірдің үстінде отырған облыспыз, сондықтан да, кеншілердің ертеңін де ұмытпау керек. Өндіріс ошақтарын дамыту мәселесі назарға алынуы тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Аймақта кәсіпкерлер үшін қолайлы климат қалыптасқан. Бұл шетелдік инвесторларды тартуға да оң септігін тигізуде. Олар облыс аумағына газ құбырларын тартуға инвестиция құюға әзір екендігін жеткізген. Бұл істен жергілікті кәсіпкерлер де тыс қалмапты. Олар да қалаға келетін газды асыға күтіп отыр.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button