Руханият

«Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген»

Ақын Олжас Сүлейменов 1975 жылы «Жазушы» баспасынан жаңа шыққан «АЗ и Я. Ізгі ниетті оқырманның кітабы» атты еңбегінің бірінші «АЗ» бөлімін «Адамзатта бір ғана соғысқа жол беруге болады – өлеңнің жалғаншы тарихпен соғысы» деген сөйлеммен аяқтайды.

Бүгінгі күні бізге ақын Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я» еңбегінде жазылған «өлеңнің жалғаншы тарихпен соғысы» туралы тұжырымын терең оймен тексеруді міндет етіп отырған себеп – Заң.

Қазіргі заман – адамзат баласы күндестігі қозып, тайталасып тына алмай, телі-тентегін тыя алмай, тату-тәтті тыныш отыра алмай, тура жолды таба алмай жұрттықтан мүлдем кетіп бара жатқан зауал шақ.

Өткен күннен жеткен деректерге сүйенсек, адамзат ежелден, ес білген сәтінен бері толассыз соғысудан жалықпай келе жатыр. Бүгінгі күні де еркіндік, теңдік, татулық мұраттарын тәрк етіп, әлекке түскен әлемнің соғыс құмарлары бір тыным таппауда.

Ақын Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я» жазбасында сөз болған «Игорь полкі туралы сөз» (әрі қарай «Сөз») жырының басты тақырыбы да – соғыс. «Сөзге» сенсек, 1185 жылдың көктемінде князь Игорь Северскийдің дала қыпшақтарымен қыр­ғын соғысы болыпты-мыс.

Бірақ, басқа дәлелі мықты деректер «князь Игорьдің қыпшақтарға жеке өзі шауып, соғыс ашуы өмірде әсте болмаған және де сол кездегі қоғамда билік еткен себептер бойынша болуы мүмкін емес іс еді» деп отыр.

Көне жылнамаларда Черниговтік Игорь князьдер жүйесінде өз орнын, жолын білетін, билікке келер өз кезегін күткен көп әкім-қараның бірі ретінде сипатталған.
Н.Карамзиннің Ресей империясының тарихы туралы еңбегінде 1198 жылы Черниговтік князь Ярославль қайтыс болып, оның орнына Игорь Северский ұсынылғанда «менее других славился кознодействием» деп мінездеме берілген. Сірә, Игорьдің басқаларға қарағанда «арам ойлы, өзгеге қастық қылған» адам ретінде жаман аты аса шықпаған кісі болар.

Рюриктен тараған үлкенді-кішілі князьдер ұлы Киев тақ-тәжі үшін бір халықты от пен суға бөліп, қырық ру болып, қидаласып жатқан кезеңде биік билікті арман еткен князь Игорьдің жалғыз өзі «жау қайдасың?» деп жеке шабуға объективтік мүмкіншілігі де жоқ-тын.

Ұлы князьдік билікке қол жеткізу ісін­де кімге болсын, жеке басының байлығын, ержүректігі, саяси ептілігі арқасында қаһан болған Білге қаһандай аға, Азбан ағынға мініп жау жағасын жыртар Күлтегіндей іні керек-тін.

Қайраты да, қаржысы да өлшеулі Игорьдей шағын князьдіктің билеушісіне қыпшақ даласымен екі ортадағы ежелден келе жатқан құдандалық, әскери-саяси бірлікті бұзуға шамасы да жоқ-тын.

Және де соғыс жолына түсу Игорьге қажеті де жоқ болатын. Қолынан келмес іске ұмтылса, азат басы құл боларын ол да білді. Жалғыз Игорь түгілі, ол кездегі барша Рюриктер жиналса да, Дешті-Қыпшаққа әлі келмес еді. Ұзақ, әлемдік соғыс жүргізе алар империялық дәрежеге олар тек 1721 жылы ғана қол жеткізген.

Игорьдің жалған жорығын кім жырласа да, жалған «Сөзді» не себептен жазса да, адалдыққа, әділдікке таза қиянат қылып, сөз сатқан поэзия жалғаншы тарих жасап шықты. Жалған тарихты жасаушы ақын – халықты адастырушы, ал­даушы, адам аулаушы.

Қазақ әдебиетінің тарихында «Сөзді» қазақ тіліне 1941 жылы бірінші болып аударған Сәбит Мұқанов еді. Бертінде Б.Аманшин, Н.Айтовтар тәржімелеген. Біз де «Сөзді» қазақ тіліне өзіміз көне орыс тіліндегі мәтінінен тікелей аудара отырып, оның барша мән-мәнерін, мән-мәнісін ақтарып, әрбір сөзінің шыққан түп-төркінін терең тексеріп көрдік. Нәтижесінде «Сөз» мәтінінің өз бойында да автордың соғыс болды деген тұжырымын жоққа шығаратын деректер барлығын анықтадық. Бірінші дерекке табылған «Сөздің» тұтас, бүтін дүние еместігін жатқызуға болар. Көпшілікке ұсынылған «Сөз» бір беймәлім көне шығармадан бөлініп алынған бірнеше бөлшектерден тұратындығы анық. 1797 жылы «Сөздің» көшірмесі табылғандығы жайлы хабарды әлемге бірінші болып таратқан Карамзин болатын. Карамзиннің жария сөз қылғаны 1787 жылы граф А.Мусин-Пушкиннің қолына түскен бума қағаз – қолжазбаның XVI ғасырда көшірілген бір данасы деп саналады. Табылу мен жария болу арасында бақандай он жыл өткен соң ғана жария етілуінде де жұмбақ сыр бар.

Алманияның Гамбург қаласын паналаған француз оппозиционерлерінің «Le Spectateur du Nord» журналының 1797 жылы қазан айының 10-шы нөмірінде басылған тарихшы Н.Карамзиннің орыс әдебиетіне қатысты «Un mot surla Litterature russe» мақаласында «Игорь жауынгерлері» атты жырдың үзіндісі табылды» деген. Әдебиет теориясы мен тарихына жүйрік Карамзин мақаласында тайға таңба басқандай, ап-анық қып, тура «fragment» деп жазған. Фрагмент – үзінді, яғни, табылған жырдың қолжазбасы тұтас, толық, бас-аяғы бүтін шығарма емес, әртүрлі үзінділерден құралған, жа­ға­сы жыртылған, жаралы жәдігер.

Екінші дәлел болар дерек – «Сөз» мәтінінде орын тепкен: «ту пиръ докончаша храбрии русичи: сваты попоиша, а сами полегоша», біздің аудармада: «Қызыл қанға бөгіліп, Соғыста русич ері қырылды: Құдалар тойып араққа, қарашасы қан төкті. Орыс жері үшін». Жыр авторының «сваты» деп меңзеп отырғаны – князь Игорь мен хан Кончак. Ертедегі тілде «сват – человек из своего круга» деген әлеуметтік-құқықтық мағына беретін, біздің «құдандалы» термині іспеттес. Қазақтың «Тең адам анда, текті ауыл құда» деген заң нормасынан «құдандалы» термині тарайды. «Құдандалы» терминіндегі «Kud» (kut) – өсімдіктің тамыры, қорек алатын түпкі бөлігі. Өсіп-өну формуласы. Алла Тағала адам баласын өсіп, өнсін деп жаратқан. Осы өсу жолында туған терминдер: «Құда, тамыр, дос-жарың, қатын-балаң». Князь Игорь хан Кончакқа қарсы соғыс ашып, өз ұрпағының тамырына балта шабатындай ақымақ адам қатарынан емес-тін. Өйткені, князь Игорь Дешті-Қыпшақ елімен құдандалы болған текті жұрттан.

Атасы Олег, әкесі Святослав қыпшақ қыздарына үйленгендіктен, қыпшақ – Игорьдің нағашы жұрты. Игорьдің ал­ғашқы әйелі де қыпшақ болған соң, бұл ел – қайын жұрты. Игорьдің үлкен ұлы Владимир де қыпшақ ханы Кончактың қызын алғандықтан қыпшақ елі оған мың жылдық құда. Ертедегі ғалым Голубовскийдің дерегі бойынша, Игорьдің немересі Изяслав Владимирович бар уақытын нағашы жұртында өткізген. Князь Игорь шыққан Чернигов князьдігінде жалғыз князьдер ғана тұрмаған, ол жердің далалықтардың да мекені болғанын ескі жыр мәтіні де бекітеді: «Көрінбейді көзіме, Берік билік, алпауыт, қолы қалың, Бауырым Ярославль, Черниговтік Білгілер, Мықты, Татран, Қаңлы, Қыпшақ, Барын, Ал бөрі, Қайда ерлер жалаң төс, құр қол, қонышта тек пышағы, Аламандап жау жеңген, Атайман-сойлы ұрпағы, Атағы шыққан арғыдан». Жырдағы «Білгі, Мықты, Татран, Қаңлы, Қыпшақ, Барын, Ал бөрі» – бәрі-дағы байырғы қазақ рулары.

Ескі бір монастырьден табылды деген «Сөздің» көне шығарма екендігіне күмән келтіргендерге ақын Пушкин тойтарыс бере келе, жырдың сырын айтып-та қойыпты: «Қайдағы бір белгісіз князьдің, күмәнді жорығын өз жырының тақырыбы қылып алуға кімнің (өз замандастарын айтып отыр) ойына келер еді». Алғыр Пушкин «Сөздегі» князь Игорьдің 1185 жылғы аттанысын «күмәнді жорық» деп тап басып дұрыс атаған. Пушкин біліп айтқандай, 1185 жылғы Игорьдің жолы қанды жорық емес, құдалық жолы еді.

Соныменен, «Сөз» авторының жоқ соғысты бар қылуының себебі қай тарапта жатыр? Ақын не іздеді, қай жол, қай майданда жүрді? «Бәрекелді» дер серіктесі, сырласы кімдер еді? Оның бәрін бір-ақ Алла білері һақ.

Дегенмен, қалай айтсаң да, жалғанның аты жалған. Жалған жырды «тарихи повесть» деп мемлекет тарихына қосқан Карамзиннің сөзі де жалған. Жалған жырдан жаралған жалған тарихпен соғысқаннан не пайда табасыз? Және де жалған тарихпен соғысуға жарарлық түзу сөздің ауылы қайда бар? Пушкин айтқандай, князь Игорь «қайдағы бір белгісіз князь» емес-тін, Бұл князьдің ата-бабасы ХІ ғасырдан белгілі Черниговтік Ольговичтер болатын, шежіреде бір атасы Тмутаракань (салық төлеуден босатылған қала) еркін экономикалық аймаққа басшылық еткен, Лондонмен де сауда жүргізген. Арғы тарихта Черниговтік князьдердің ұрпағынан тараған деп саналатын князь П.Горчаков 1836-1851 жылдары Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметін 14 жыл атқарған, Кенесары ханға қарсы жазалау әскерін жұмсаған патша қызметкері. Кенесары ханның көтерілісінен сескенген князь П.Горчаков 1838 жылы үкіметке барлық сұлтандарды қазақ даласындағы атқарушы, әкімшілік ісінен, сот билігінен мүлдем аластатуды ұсынды. Халық көтерілісінен қорыққан князь Сібірдегі әкімшілік билікті империя чиновниктеріне тезірек өткізуді қалаған. Князь Горчаков бұрынғы төре сұлтандарды биліктен шеттету мақсатында олармен қатар сайлау­ға түсуге елге белгілі, беделді, қолынан іс келетін кісілерді тауып, ұсыну практикасын енгізе бастаған.

Князь Горчаков өз ұстанымын жүзеге асыру барысында Құнанбай Өскенбайұлын 1849 жылдың қазан айында Қарқаралы уезінің аға сұлтаны қызметіне тағайындайды.

Міне, осы князь П.Горчаковтың қолына 1847 жылы қырғыз жерінде қаза тапқан Кенесары ханның бас сүйегін көп манаптың бірі әкеп тапсырады.

Бұл қанды оқиға «Сөздегі» хан Кончакқа серігі Гзактың қыздарынан туған жиендері туралы айтқан сөзінің шындыққа шыққанын еріксіз еске салады. «Сөз» мәтінінде князь Игорьдің соғысы сәтсіз аяқталып, өзі тұтқынға түскені айтылады. Шамалы уақыт өткенде амалын тауып қамаудан қашқан Игорьдің соңынан хан Кончак пен Гзак қуа шыққанда екеуі сыр айтысады. Екі ханның сөзін өз аудармамызда беріп көрелік, тыңдаңыздар: «Бүй дейді Гзак Кончакқа: «Көксіл ұшса ұяға, Балапанын оққа байлайық». Тілі қатты Кончак оған: «Ұшсын қыран шәулі. Балғынын қызбен шырмайық». Кончакпен келіспей Гзактың дегені: «Басын оның қызбен байласақ, болмас бізде жаңа менен қыз-дағы, жиендер желкелер өз жеріңде, жетер, жетер түбіңе, түбінде өз Еліңде».

Гзак пен Кончактың айтып отырған «көксілдері» – князь Игорь. «Ұясы» – Киев князі Святослав. Кончак Игорьдің баласына қыз бермек, ежелгі құдандалық әдетпен, уыстан шығармас үшін.

Автор Гзак пен Кончактың диалогы ар­қылы түркілердің құдандалық жолымен орыс кінәздерімен бірігу уақыты өткен, заманы біткен саясат екенін меңзейді. Гзак князьдердің тарихи-әлеуметтік дамуы жалғыз ғана Рюриктер бірлігіне тартып бара жатқанын бағамдай білген.

Бұрынғы бірлік бұзылды, ортақ, одақ орда күйреді, ағайындықтан айырылдық, жат болдық. Енді опа таппаймыз, жеке хандық құрайық, егемен, тәуелсіз болайық. Жиендер ержете келе желкемізді өз жерімізде қияды, түбіңе жетеді депті.

«Сөз» жазған дәуірлерде князь да, хан да өз заманының заңына бағынғаны белгілі. Рюриктен тараған князьдердің бәрі-дағы тақ таласы майданында одақтас іздеп, күшті көрші елдің хандарымен құда болып, қыз алуға ынталы еді.

Өйткені, қыздың төркіні өздерінің жиендерінің билікке келуіне мүдделі болған соң өзіне одақтас болған күйеу балаларына қаржы мен қаруымен көмек беруге міндетті еді.

Бұл ежелгі заң бойынша тұрмысқа шық­қан қызы тиісті мерзімінде дүниеге бала әкеле қоймаса, күйеудің қайын жұрты қалың малсыз басқа бір қызын беруге тиіс.

Ғалым Бауэр, Сьюзен Уайс «Көне әлемнің тарихы» атты еңбегінде осы заңға сай келетін мысал келтірген. Біздің дәуірімізге дейінгі 1760 жылы Ефрат өзенінің жағалауындағы Мари қорған-қаласының билеушісі Зимри-Лима өзінің үлкен қызын басқа егемен Иланшура қамалының басшысына ұзатады. Оның арманы дүниеге келетін жиендерінің Иланшура тағына жетуі болатын, оған дейін Иланшураның басшысы өзінің көп бәсекелесінің бірі емес, одақтасы болмақ. Алайда, үш жыл күткен жиендері дүниеге келуге асықпаған соң, Зимри-Лима кенже қызын Иланшураға әйелдікке қалың малсыз өткізеді. Ефраттық Зимри-Лима жиендерінің Иланшура тағына жетуін арман етсе, М.Мағауиннің «Аласапыран» тарихи-романындағы Абалақ сұлтан: «Алмас қылыштың ақырғы сынығы едім, қу бас қалып барамын, тұқымым құрығалы тұр, Ұмай Ана жарылқаса, ұл болып туған алғашқы жиенімді бауырыма салсын, саба қымыздан шашырап төгілген тамшы болмас, есендікте өсіп ержетсе, менің атағымды алар, жұртыма иелік етер» депті. Абалақ сұлтан жиеніне тағын, атағын, ел-жұртын бермек.

Ықылым заманнан келе жатқан бұл заң қазақ даласында ХХ ғасырда да салтанат құрған. Осы заңның нақты нормалары жайында «Абай туралы естелікте» айтылады (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі қорынан. Қаламгер Алматы 2018;).

Абайдың әкесі Құнанбайдың Тайбала атты қарындасы бір алыс елге тұрмысқа ұзатылады. Аласапыран заман. Екі ел хабарсыз қалған. Тайбала бала көтере алмай жүрген соң, оның күйеуі басқа әйел алып, одан егіз ұл көріпті. Бұл жайды естіген Құнанбай құдаларының ісіне шағынып, сол елдің билер кеңесіне жүгінеді. Құнанбай заң нормасына сілтеме жасап, құдасына келесідей кінә қойған. Тайбала бала көтеруге қабілеті болмаса, төркіні оның орнына басқа қыз беретін еді. Қыз бермесе, не бере алмаса күйеу басқа жұрттан әйел алуға құқығы болған. Алайда, құдасы хабарласпай іс қылғандықтан, екі егіздің біреуін Тайбаладан туған жиен есебінде Құнанбайдың асырап алуға құқығы бар. Құнанбай сол жолы егіздің сыңарын ауылына алып келіп, өз бауырына басып, оны «Ізғұтты» деп атандырады.

Ізғұттының Құнанбайұлы болып жазылған фактіні біз Омбы архивіндегі «Құнанбай Өскенбаевтың» ісінен кездес­тірдік. Ол істе Ізғұтты – Құнанбаев деген ата-тегімен әйгілі. Жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Ізғұтты Құнанбайдың ең сенімді серігі болып суреттелгені де жаңағы тарихи деректі бекіте түседі. Көне тарихтың анық ізі қалған ғылымға толы кітаптардағы деректерге ақыл көзін салсаңыз, қай заманғы елге барсаңыз да, алдыңыздан Алла Тағаланың адам баласы өсіп, өнсін деген сөзі тәтті, мәні түзу заңы шыға келеді.

Алланың адамзаттың үзілмес нәсіліне қалдырған осы заңының түпкі мән-мағынасы, қызметі – соғысқа тыйым салу. Өйт­кені, әркімнің өмір сүруге құқығы бар! Бейбіт күнде өмір сүру – Құдай берген құқық!

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Еш уақытта рас сөз жалған болмас». Жалғаны жоқ жаратушының заңына сай Өлеңге де соғыс ашуға жол берілмейді!

P.S. «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген»* – Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың «Бейбіт күн тілегі» әнінен алынған өлең жолы.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button