Ресми

Жобалар жоспарға сай

Аймақта мүгедектігі бар адамдардың 53%-ы еңбекке қабілетті. Оларды жұмыспен қамту – жергілікті атқарушы билік өкілдері міндеттерінің бірі. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кешегі аппарат жиынында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту шараларын жандандыруды тапсырды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, жұмысқа қабілетті мүгедектігі бар 29 606 адам тіркелген, оның 10 980-і жұмыспен қамтылған.

– Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу үлесі – 37,1%. Республика бойынша көрсеткіш – 28,2%. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін 2-4% квота белгіленген. Квотаға сәйкес 143 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер тарапынан есту кемістігі бар адамдар үшін 11 арнайы жұмыс орны ашылды, – деді басқарма басшысы.

Әсем Жүніспекова жұмыспен қамту шараларымен 1 121 адам қамтылғанын, оның 800-і жұмысқа орналастырылғанын айтты.

– Бос жұмыс орындарына 358 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 15 адам, қоғамдық жұмыстарға 290 адам жіберілді. Сонымен қатар, «Күміс жас» жобасымен – 106 адам, «Жастар практикасы» бойынша 16 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 14 адам жұмыс тапты. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 251 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды, оның 172-сі сертификаттарын алды. Қысқамерзімді курстарға 25 адам жіберілді. Оның барлығы 3 топ мүгедектігі бар жандар. Әлеуметтік аз қамтылғандар арасында биыл 61 грант берілген. Оның 44-і мүгедектігі бар жандар болса, 17-сі мүгедек адамға күтім жасайтын тұлғалар, – деді ол.

Қазіргі таңда террикон алқабындағы ІТ базада мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа жоба жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек. Жоба барысында 300 адам осы саладағы мамандықтарды игеріп шығады. Оқытудың бірінші легі аяқталды. Осы аптада екіншісі басталады. Әсем Айтжанқызы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Сонымен қатар, аппараттық жиында аймақтағы тұрғын үй құрылысының барысы туралы айтылды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысы Мұрат Мағзин баяндады.

Облыс бойынша биыл 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,2%-ға артық.

– Сегіз айда 330,933 мың шаршы метр іске қосылды. Жалпы, барлық қаржыландыру көздерінен салынатын тұрғын үйдің 376,6 мың шаршы метрі, яғни, 3 407 пәтер коммерциялық, 51,4 мың шаршы метрі – 534 пәтер мемлекеттік тұрғын үй және 72 мың шаршы метр 393 пәтер жеке тұрғын үй болмақ. Биыл тұрғын үй құрылысы іс-шараларын іске асыру үшін 23,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Оның ішінде, дайын жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға 16,7 млрд теңге, кредиттік тұрғын үй құрылысына 5 млрд теңге қарастырылған, – деді басқарма басшысы.

Белгілі болғандай, Қарағандыда – бес, Балқаш қаласында екі, Абай қаласында бір кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Ол аяқталған кезде 633 кредиттік пәтер пайдалануға беріледі. Кредиттік тұрғын үйді сату «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатынын ескерген жөн. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен жалдамалы бес тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Оған 1,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Бұл Саран, Шахтинск қалалары мен Қарқаралы, Осакаров, Ақтоғай аудандарында. Нысандардың құрылысы аяқталған кезде 790 пәтер жалға беріледі.

– Әлеуметтік тұрғыдан осал тобы санатындағы кезекте тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 1733 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде, 382 пәтер – жалға беруге, 233-і – кредиттік пәтер, 1 118 пәтер сатып алынады. Биылдан бастап, жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатып алынады. Бұл мақсатта 16,7 млрд теңге бөлінген. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы кезекте тұрған отбасылар үшін 1 118 жалға берілетін пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 548 дайын пәтерге конкурстық рәсімдер жарияланды, – деді Мұрат Сәкенұлы.

Аталған конкурстар тоғыз аймақта жүргізіліп жатыр. Қарағанды бойынша 335 пәтер, Теміртауда – 16 пәтер, Сараннан – 110, Приозерскте – 8, Бұқар жырау ауданында – 10, Нұрада – 7, Осакаровта – 18 және Шет ауданында 30 пәтер сатып алынады. Конкурс қорытындысы бойынша Шет, Бұқар жырау және Нұра аудандарында 31 пәтер сатып алынды.

Бұл ретте Ермағанбет Қабдулаұлы тұрғын үй құрылысы жоспары орындалуын тапсырды.

– Құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы болуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдаңыздар. Бұл құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына және аудандар мен қалалар әкімдеріне тапсырма. Қай жерде кездесу өткізсек те, халықтың көп сұранысы осы тұрғын үймен қамту мәселесі. Сондықтан, ол – шешілуі тиіс негізгі мәселелердің бірі, – деп атап өтті облыс әкімі.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button