Ұлы Жеңіске – 76 жыл

Жоғалып кеткен жауынгер табылды

Қарағанды, жезқазғандық Жағыпар ОРАЗБАЕВ атты сарбаздың сүйегі Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында табылып отыр. Бәлкім жауынгер опат болғалы бері 78-80 жылдан кейін бе, ешкім дөп басып айта алмайды. Архив деректерінде жауынгер Жағыпар ОРАЗБАЕВ 1941-1943 жылдар аралығында бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласының түбінде ізім-қайым жоғалып кеткені көрсетілген екен. Майданға Қарағанды облысы, Жезқазған қаласынан (ол кезде аудан) аттанған қазақ сарбазының сүйегі табылғанымен, соңындағы ұрпақтары мен туған-туыстары табылмай отыр.

Бізге жеткен ақпарат бойынша оқиға былай болған: Биылғы 24 сәуірде «Ржевкалинское фронт» халықаралық экспедициясының «Пионер» іздестіру тобы Ресейдегі Ржев ауданынан қызыл әскердің 5 сарбазының сүйегінің үстінен түскен (окопта жатқан болуы мүмкін). Әлгі жерден жазба сақталған медальон қоса шығады. Сол оқ (гильза) ішінде сақталған жазбадан «Оразбаев Жағыпар, 1914, Қарағанды облысынан» деген ақпарат шыққан бойда іздестіру тобының жігіттері интернетке, әлеуметтік желілерге жайып жіберген де, біздің облыстағылардың көзіне түскен. Бірақ әлі де болса, ұрпақтары не туған-туыстары табылмай отыр.

Іздестіруші топ жазбадағы адамның жылдар бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болғанын анықтаған.

«Із-түссіз жоғалған қазақ солдатын 1956 жылы анасы іздеп жанжаққа шыққан екен. Бұл ақпаратты біз ашық мұрағаттан әскери комитеттің сұранысы бойынша таптық. Сондай-ақ, желіде туыстарының 2014 жылы сұрау салғандары бар, бірақ өкінішке қарай онда байланыс деректері көрсетілмеген. Біз қазақ әріптестеріміз бен оқырмандарынан қазақ сарбазының денесін өз еліне табыстауға көмектесуін сұраймыз» – депті «Пионер» іздеушілер тобының өкілі.

«Жағыпар Оразбаев атты жауынгердің аты-жөні облыстық мемлекеттік мұрағаттан да шығып отыр. Бірақ туған жері белгісіз. Әскерге Жезқазғаннан шақырылыпты. Әскери атағы – жауынгер атқыш. Қатардан шығарылған себебі, Ресейдегі Ленинград маңында қаза тапты делінген. Қатардан шығарылған уақыты – 1941-1943 жылдар аралығы» дейді мұрағат директоры Жаңагүл Тұрсынова.

Дәл осындай қуанышты хабар былтыр да болған. Онда да осы уақытқа дейін белгісіз болып келген Медет Аманжолов деген сарбаздың сүйегі табылып, елге жеткізілген. Ол кісі туралы мәлімет те сүйегімен бірге табылған осындай медальонның ішінен шыққан. Медальон дегеніміздің мәнісі былай: Соғыс кезінде көбіне барлаушылар (жауынгер) құжатын өзімен алып жүрмеген деседі білетіндер. Винтовка оғының ішін алып тастап, оған (гильзасына) барлаушының аты-жөні, туған жылы мен жері жазылған тілдей қағаз салынып, тығынын бұрап, киімінің бір жеріне тігіп жібереді. Оны «Капсула» дейді екен. Ғаламторда тараған хабарландыруда медальоны қоса шықты делініп жүргені сол капсула. Яғни, винтовканың гильзасында барлаушымен бірге жүретін аз-кем дерегі. Түсінікті болу үшін ежіктеп отырғанымыз, сондықтан, құрметті оқырман. Жоғалып табылған жауынгердің есіміне қатысты деректер білетін болсаңыздар, хабарласуларыңызға болады.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button