Руханият

Жезді дала көшіп келгендей

   Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының өміршеңдігіне мен Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің көрмесін тамашалағанда тереңірек көз жеткіздім. Неге дейсіз ғой?

Қазір Қарағандыға облыс музейлерінің апталығы аясында М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі мен академик Қ.Сәтбаевтың Қарсақбай кентіндегі музей-үйі келіп жатыр. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы көрме тамыз айының 7-ші жұлдызына дейін жалғасады бұйыртса. Сәті түсіп сейсенбі күні біз тамашалаған көрмеден сіз де қапы қалмауыңызға тілектеспіз.

Елбасы айтпақшы «Туған жерге туың тік» дегеннен шығады бәрі. Мәкен Төрегелдин атындағы аталмыш музей Жездіде 4 гектар жерді алып жатқан аспанасты жәдігерлер галереясы десе болғандай. Оның территориясында қазір өңіңде көрмек түгілі түсіңе де кірмейтін ең ежелгі техникалар тізбегі топтасқан. 1913 жылдан бастап Қарсақбай зауытын салу үшін Жездіден 35-ақ шақырымдағы кенді аймаққа ағылшындар келген. Сонда зауыт салу мақсатында олар мұнда Англиядан, Франциядан «Динамо», тағы басқа қаптаған машиналар қосынын жеткізген. Оның әңгімесі тіпті қызық. Ол баста шетел капиталистері машиналарын Қызылорданың Жосалы бекетіне дейін пойызбен жеткізеді. Жосалыдан Қарсақбайға дейін 360 шақырым Бетпақты қиып өту үшін әр 13 км сайын жол салып, қайта бұзып, қайыра төсеп отырып тұяқ іліктіреді. Сонда төселген рельстердің фрагменті музейде әлі күнге тұр.

Қарсақбайда кен балқыту үшін әуелі Байқоңыр деген жерден көмір өндірілген. 1950 жылдарға дейін істеп тұрған зауыт жұмысын тоқтатады. Осыдан қалған ежелгі техникаларды көріп қызыққан Мәкен Төрегелдин 1986 жылдан бастап музей ашуды қолға алып, нәтижесінде 1994 жылы мұражайдың тұсауы салтанатты түрде кесілді. Ашылу салтанатына Елбасының өзі келді. Бұл музейдің ерекшелігі сол, үлкен көлемді ескі техникалар орналасқан және Жезқазған маңайындағы кеніштерден табиғи таза кен түрлері қойылған.

Мәселен, мұражайдағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің артында тұрған ХХ ғасырдың басына тән паровозды халық дауыс шығаруына байланыс­ты «Кукушка» деп атап кеткен екен.

«Сарыарқа – ежелгі шеберлер мекені» көрмесіндегі алғашқы тақырып – «М.Төрегелдин – тау-кен балқыту ісі тарихы музейінің негізін қалаушы». Музейді алғаш ұйымдастырушы бұл кісі – соғыс ардагері. Соғыстан кейін бұрынғы Жезді ауданында әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, аудан басшысы болған. Қарсақбайда геологиялық экспедицияда Қаныш Сәтбаевпен бірге істеген. Сөйте жүріп, ауданды басқарып қана қоймай, «туған жерге туын тіккен». Елбасы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырушыларға бірден-бір үлгі – осы Мәкен Төрегелдин, ендеше.

Қарсақбайда Қаныш Имантайұлы тұрып, қызмет еткен баспана қазір – академик Қ.Сәтбаевтың музей-үйі. 1969 жылы академиктің 70 жылдық мерейтойында музей болып ашыл­ған үйді кезінде ағылшындар салған екен. Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі екеуі – біртұтас тарихи-мәдени кешенді құрайды. Осыған байланысты көрменің тағы бір бөлімі – «Қ.Сәтбаев – Қазақстан геология мектебінің негізін қалаушы» аталыпты. Жезқазған, Жезді, Қарсақбайды Қанышсыз қалай елестетпекпіз расында?!

«Жезқазған – көне металлургия орталығы» тақырыбын тану үшін Әлкей Марғұлансыз аттап баса алмайсыз. Қазақ даласында, әсіресе, Жезқазған, Ұлытау аймақтарында кем дегенде 4-5 мың жыл бұрын алғашқы кен өндірушілер өмір сүргенін ғылыми түрде дәлелдеген – жалғыз осы кісі. «Кейінде «Жібек жолы» дейміз ғой, қола дәуірінде қазақ даласында «мыс жолы» болған» деген де Әлкей Хақанұлы. Орталық Қазақстанда 60-қа жуық көне қалашықтардың орындарын анықтап, оның ішінде Ұлытау маңайындағы ондаған қаланың орнын ашып зерттеген. Соның бірі – Милықұдық, Жезқазған қаласы маңында. Қазір үстіне зауыттар салынып кетті. Сол Милықұдықтан табылған ежелгі металлургтер пешінің макеті Жезді тау-кен және балқыту ісі музейінің ауласына орнатылған. Ол пешке көрік жалғап, ежелгі технологияны тамашалауға әбден болады. Көрме ашылған жылы дәл сол пеште кен балқытқан Елбасының суреті – осы көрменің айтарлықтай жаңалығы.

М.Төрегелдин атындағы Жездідегі мұражай өңірдегі тау-кен және балқыту ісінің ежелгі дәуірден бүгінгі замандарға дейінгі тарихын көрсетеді. Музей қоры 17819 экспонатты құрайды. Оның 14692-сі негізгі қорға жататын түпнұсқа жәдігерлер. 1994 жылы 3 қарашада Президент Н.Назарбаев музейде болып, оны ұйымдастырушылардың еңбегіне жоғары баға берді.

Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І мың­жылдықтарға жататын Милықұдық балқыту пешінің жұмыс үлгісі мен өндіріс процесінен бөлек, көрмеде қола дәуіріндегі өндіріс индустриясымен танысуға болады. Көне кәсіп – ұсталық өнер қалпына келтірілген ұстахана көшірмесі арқылы таныстырылады. Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музей-үйі экспозициясының түпнұсқа жәдігерлері, минералдар коллекциясы және өлкедегі тұңғыш техникалық кітапхана қорының ХХ ғасырдың басындағы раритет басылымдары да бар. Археологиялық зерттеулер мен академик Ә.Марғұлан қолжазбалары, Ұлытау-Жезқазған индустриалды аймағының тарихынан сыр шертетін өлке өндірісі жайлы деректер мен 1928 жылы түсірілген архивтік бейнежазба да осында көрсетілді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button