Жетпіс бестегі жігіт
Фотожурналист Жұмабек Иманәлиев – 75 жаста
Әлі есімде, 1986 жылғы қаңтар айының соңы еді. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына тілші ретінде қызметке орналасқан жас маманмын.
Мен қызмет атқаратын бөлімнің ресми атауы – еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімі. Ол кезде «Орталық Қазақстан» газеті редакциясының қызметкерлері қазіргі Ермеков көшесіндегі тоғыз қабатты еңселі ғимараттың бесінші, алтыншы және жетінші қабаттарында отыратын.
Мен алтыншы қабаттағы кабинеттемін. Сол қабаттағы шеткі кабинет – «Фотолаборатория». Редакцияның машбюросы осы алтыншы қабаттың келесі шетінде орналасқан.

Бөлім меңгерушісі Сапиолла Ансаров ағайдың берген хаттарын қорытамын да, машбюроға барамын. Ол жерде жуық арада кезек тие қоймайды. Қайыркен Сұлтанов, Тоқан Әбуғалиев, Асхат Темірбаев, Зарқын Тайшыбаев, Шайхан Жандаев, Еркін Лұқпанов, Серік Сексенов, Айқын Несіпбаев, Сүйіндік Жанысбаев, Мағауия Сембаев сияқты ағаларым төрт машинистканың қасына алма-кезек отыра қалады да, материалдарына диктовка жасай бастайды.
Таңертеңгі сағат тоғыздан бастап кең кабинеттің төрт бұрышынан «Ятрань» электронды жазу машинкалары сатырлата жөнеледі. Төрт жерде тамақтарын қырнап қойып, төрт ағам материалдарын айтып отырады. Олардың аузынан шыққан сөзді қағып алып, ақ қағаздың бетіне түсіріп отыратын машинистка апайлардың саусақтарына көз ілеспейді.
Бұл көрініске аңтарыла қарап, біраз тұрдым да, материал бастырудан күдер үзіп, алтыншы қабаттың келесі басына беттедім. Иығына асып алған фотоаппарат қоржыны бар сұңғақ бойлы жігіт ағасы шапшаң басып, лабораториясына келді.
– Сен отыра тұр. Қазір келемін, – деді де, столының үстінде дайын жатқан бірнеше фотосуретті алып, бесінші қабаттағы секретариатқа жөнелді.
Ол қайтып оралғанша, фотолабораториясының мүлік-мүкәмалдарымен таныса бастадым. Сан алуан кадрлар түсірілген фотопленкалар, химиялық ерітінді салынған судан алып шығып, кептіруге іліп қойған ондаған фотосуреттер.
Артынша шапшаң басып, әлгі азамат қайтып оралды. Маған күле қарап:
– Жұмабек Иманәлиев, фототілшімін. Ал сен кім боласың? – деді. Мен өзімді таныстырдым. Сол кезде Жұмекең отызды енді орталаған екен. Маған ол өмірдің бірталай белестерінен өткен сақа жігіт сияқты көрінді.
Сол күннен бастап Жұмекең екеуіміздің арамызда ағалы-інілі адамдардай шынайы сыйластық сезімі орнады.
Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын теміржол жұмысшысы болып бастаған. Мектепте жүрген кезінен фотоаппаратқа әуес болған екен. Ақыры Жұмекеңнен теміржолшы шықпады. Осы құмарлығы оны Шымкент қаласындағы фотографтар даярлайтын кәсіптік-техникалық училищеге бастап алып келді.
Училищені ойдағыдай бітіріп, көңілі қалаған мамандық алып шыққан соң ол Қарағанды облысының бұрынғы Мичурин ауданының «За коммунистический труд» газетінде фототілші болып бес жыл жұмыс істепті.
Жұмысына тыңғылықты, елгезек жігіттің түсірген суреттері аудан көлемінен асып, облыстық басылымдардың бетінде де жиі жариялана бастайды. Облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакциясының шақыруымен 1979 жылы осы басылымның фототілшісі ретінде жұмысын ауыстырады. Осы қызметін отыз жылдан аса абыроймен атқарып, «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясынан зейнет демалысына шықты.
Фототілші Жұмабек Иманәлиев облыс көлеміндегі жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болды. Оның түрлі іс-шаралар мен оқиғалар орнынан түсірген фоторепортаждары «Орталық Қазақстан» газетінде күн құрғатпай жарияланып жататын. Газет қызметкерлерінің өтініштері бойынша керек болған фотосуреттердің көбісі Жұмекеңнің қоржынынан табыла кетуші еді. Ал табылмағанын Жұмекең жедел түрде түсіріп әкеле қоятын.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы болатын. Бірде газеттің «Авторлық нөмірін» дайындау барысында облыс аумағындағы «Көксу» әйелдер колониясынан материал дайындауым керек болды.
Алдын ала құзырлы мекеменің рұқсатын алдық та, Жұмекең екеуіміз «Көксу» колониясына тарттық. Бірнеше қабат темір есіктер мен тексерулерден өтіп, қапастағы қаракөздердің хал-хауалдарымен жақын танысып, материалға қажет деректерді қойын дәптеріме түртіп алдым.
Жұмекең фотоаппаратын жарқылдатып, жанымда жүрген. Бір қарасам, ағам жанымда жоқ. Сөйтсем, колонияның жалпы көрінісін жоғарыдан түсіріп алмақшы болып, бізге жол бастап жүрген майордың рұқсатымен мұнараның басына шығып кетіпті. Әлден уақытта шапшаң басып, қайтып оралды. Сәтті түсірген кадрларына деген ризалығы жүзінен байқалып-ақ тұр. Екеуіміздің сол сапарымыздың белгісі ретінде кешікпей газеттің бір бетінде «Көксу колониясы» деп аталатын көлемді материалымыз жарияланды.
Кеңес баспасөзінің қырағы цензурасы кезінде мұндай тақырыпқа қалам тарту мүмкін емес еді. Сол кезеңде бұл түндігі енді түріле бастаған жабық тақырыптың бірі болатын.
Жұмекең оңтүстік өңірінің тумасы екенін айттым. Тілі майда, мінезі биязы. Екі тілге де бірдей жүйрік. Содан да болар, кез келген адаммен аяқ астынан оп-оңай тіл табыса кетеді.
Журналист пен қасқырды аяғы асырайды. Жұмекеңмен бірге кезінде облыстың біраз жерін шарладық. Қай жерге барсақ та, басшылар құрақ ұша қарсы алады.
Жасыратыны жоқ, сол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезі ауырлау болған еді ғой. Жалақы мардымсыз. Оның өзі уақытында берілмей қалатын. Дүкендерде азықтүлікті талон жүйесі арқылы сата бастаған.
Аудандарға шыққан сондай сапарларда редакция тапсырмасын да орындаймыз. Жергілікті басшылармен келісіп, өзіміз бен әріптестерімізге шаруашылық алқаптарынан картоп пен көкөністер де алып қайтамыз. Әсіресе, бұл жағынан сол кезде облыстың Мичурин ауданының басшысы болған Тілеубек Зейнешев ағамыз редакцияға үлкен қолдау көрсетті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе? Тілеубек Ережепұлының 50 жасқа толған мерейтойына орай Жұмекеңнің түсірген суреттерімен бірге 1992 жылдың қазан айында «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде «Қамын ойлар ері бар ел бақытты» деген тақырыппен бір бет материал жарияладық.
Фототілші Жұмабек Иманәлиевтің ұзақ жылдар бойы атқарған адал еңбегі өзінің лайықты бағасын алды. Ол алғашқылардың бірі болып, 2006 жылы облыс әкімінің журналистика саласындағы «Алтын сұңқар» сыйлығына ие болды. Қазақстанның Құрметті журналисі төсбелгісімен марапатталды.
Жұмекең өзімен бірге қызмет атқарған әріптестерінің арасында да сый-құрметке бөленді. Біз сияқты ізетті інілеріне қамқор аға болды.
Бүгінде ол өз отбасының асыл жар, аяулы әке және ардақты атасы ретінде немерелерін тәрбиелеп, зейнеткерлік өмірінің жемісін көруде. Әлі де елгезек, әлі де шапшаң басатын ширақ қалпында.
Желбір жекен қалпыңызда желіп жеткен 75 жасыңыз құтты болсын, қадірлі Жұмабек аға!
Сізге барлық әріптестеріңіздің атынан мықты денсаулық, ұзақ өмір және отбасыңызға амандық пен береке тілеймін.
Алланың берген жасын алшаң басып, аман-сау қалпыңызда жасай беріңіз!
Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
ҚАРАҒАНДЫ