Жеті жұрттың тілін білген
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген қазақ халқы. Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектепте сабақ беретін француз, неміс, орыс, қазақ тілін білетін мұғалім жайлы естуіңіз бар ма?! Біз бүгін қаншама буынды тәрбиелеп, шәкірттерінің бойына өнеге мен ізгіліктің дәнін сепкен ұлағатты ұстаз Ажар Жылқышенова туралы айтпақпыз.
Ажар Жылқышенова – Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Шоқ-Қарағай ауылында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Тіл үйренуге жас кезінен зерек болыпты. Бір қызығы Қостанай облысындағы мектептерде оқушыларға шет тілі ретінде неміс тілі оқытылады екен. Оның себебі де бар. Алақандай ауыл тұрғындары өзге ұлт өкілдерінен құралған, арасында 3-4 қазақ отбасы ғана болған көрінеді. Ажар Жылқышенова сол жанұяда өскен.
Ажар Ермағамбетқызының айтуынша, «Казахстанец» совхозындағы орта мектепте 5-сыныптан кейін неміс тілін оқыған. Тілге деген қызығушылығы сол кезде оянған. Мектепті бітірген соң, 1978 жылы Қостанай педагогикалық институтына, Шет тілі факультетіне ағылшын-неміс тілі пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түскісі келеді. Алайда, тағдырдың айдаған желі ме, өзі қалаған мамандыққа емес, сол факультеттегі француз тілі мамандығына оқуға түскен. 1982 жылы аталған оқу орнын тәмамдап, Қостанай облысы, Урицк (қазіргі Сарыкөл) ауданы, Севастополь орта мектебіне француз тілі мұғалімі болып, жолдамамен ауылға аттанады.
Қарама-қайшылық деген осы шығар, мектепте француз тілінен сағат болмаған соң, неміс тілінен сабақ беруге тура келген. Французша әрі немісше тіл білетін жас маманға қандай ұсыныс түссе де, іліп алып кететіні анық. Сөйтіп жүріп, жас мұғалім Севастополь орта мектебіне француз тілін енгізеді. Дәл осы мектепте Ажар ханым енгізген француз тілі әлі күнге дейін оқытылады екен.
Ажар Жылқышенова 1997 жылы отбасы жағдайымен Қарағанды қаласына көшіп келеді. 1997-1999 жылға дейін Қарағанды қаласы медициналық колледжінде неміс тілі пәні оқытушысы болып жұмыс істеген. 1999 жылдан 2008 жылға дейін №58 орта мектебіне неміс тілі мұғалімі болып қызмет атқарған. Кейінірек неміс тілі пәні оқытылмайтын болған соң, мектеп директорының ұсынысымен колледж бітіріп, қазақ тілі мән әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан. Содан бері осы мектепте, қазіргі Нұркен Әбдіров мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етуде. 2021 жылы зейнетке шықты.
«Әл-Фараби бабамыздың өзі 78 тіл білген. Өзге тіл білгеннің артықшылығы – басқа халықтардың мәдениетімен танысасың, кітаптарын түпнұсқасынан оқисың, көңіл көкжиегің ашылады», – дейді Ажар Жылқышенова.
Шәкірттеріне білім беріп, Нұркен Әбдіров мектебінің үш буын оқушыларын тәрбиелеп шығарып, қияға қанат қақтырған мұғалімнің еңбегі ерен. Әр жылдары Ажар Ермағамбетқызы дайындаған оқушылары қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды.
Ардагер ұстаз Ажар Жылқышенованың еңбегінің арқасында Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы ЖББ мектеп ЮНЕСКО мектептерінің тізіміне кірді.
Дәурен АДАМОВ,
Нұркен Әбдіров атындағы ЖББ мұғалімі.