Жерлестер жеңіс тұғырында
Ресейдің Якутск қаласында өткен VIII Халықаралық «Азия балалары» спорттық додасында қарағандылық сайыпқырандар ұлттық құрама қоржынын 15 медальмен толықтырды.
Бүкіл Азия континентін қамтыған жарысқа 30 елден 16 жасқа дейінгі жас спортшылар қатысты. Қатысушылар дүбірлі додада 24 спорт түрінен бақ сынасып, 39 медаль жиынтығын таласқа салды. Ал, ел құрамасының намысын 200 жас спортшы қорғады. Бұл сында қарағандылықтардың үлесі басым болды. Турнирдің жас жеңімпаз боксшысы – Тимур Тайбеков. Ол алдағы аға буын өкілдерін үлгі тұтып, жеңісін жерлестеріне арнайтынын жеткізді. Естеріңізде болса, бұл сында 2012 жылы 15 жастағы Абылайхан Жүсіпов жарқ етіп, алтын медаль жеңіп алған еді.
– Боксқа келгеніме бес жыл болды. Мені осы спортқа әкем алып келді. Қарағанды қаласынан шыққан мықты боксшылар бар. Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Абылайхан Жүсіпов ағаларымнан үлгі аламын. Ал, бұл жеңісім барша қазақстандықтарға арналады, – деп атап өтті Тимур Тайбеков.
Расында, Тимурдың қарсыластары өте тәжірибелі бесаспап болғаны мәлім. Ол алғашқы екі жекпе-жегінде сайыстың сақа боксшыларымен қолғап түйістіріп жеңді. Одан кейін Беларусь пен Өзбекстаннан келген спортшылармен кездесті. Барлығы өз елінің мықтысы әрі чемпионы. Қарсыластарының барлығын қапы қалдырған Тимур қарағандылық бокс сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, желаяқ Юлия Демкина үш марапатқа ие болды. Қарағандылық жеңіл атлеттер құрмет тұғырына он рет көтерілді. Жерлестер дзюдо, альпинизм, үстел теннисі және шахмат жүлдесінен де құр алақан емес.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz