Жерлесімізде – Жапон елінің марапаты


Арқаға сүйіншілі хабар жетті! Жерлесіміз, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі ғалым-заңгер Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ Күншығыс елі Жапонияның мәртебелі орденімен марапатталды. «Жапония Үкіметі 2018 жылдың қорытындысы бойынша мәртебелі марапатқа ие болған шетелдік қайраткерлердің тізімін жариялады. Арасында қарағандылық ғалым, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-Жапония парламенттік достық лигасының мүшесі Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ бар» деп жазды Ұлы Дала еліне сүйіншілі хабарды алғашқылардың бірі болып таратқан «Казинформ» Халықаралық ақпарат агенттігі.
«Күннің шығуы – Алтын шапақ» аталатын императорлық марапат тек қана Жапон елімен достық қарым-қатынасты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан шетелдік қайраткерлерге беріледі екен. Білесіздер, Нұрлан Орынбасарұлы – ҚарЛаг тарихын зерделеумен тынымсыз айналысқан ғалым. Жерлесіміздің ҚарЛаг дәмі бұйырған тағдырларды егжей-тегжейлі зерттеп-зерделеудегі орасан еңбегі ормандай оқырманға белгілі. Бұрнағы жылы тікелей Нұрлан Дулатбековтің идеясымен «Ақтастағы Ахико» қойылымы (авторы Мәдина Омарова) көрермен көзайымына айналғанын да жақсы білесіздер. Аталмыш қойылымның тұсаукесері Қарағандыда басталып, М.Әуезов атындағы академиялық театр ұжымының сахналауымен Алматыда қойылып, Күншығыс елін (Жапон) де күңіренткен. Жасөспірім шағында саяси қуғын дүрбелеңімен Қазақстанға келіп, ҚарЛаг-та 10 жыл тұтқында болған жапондық азамат Ахико Тецуроның аянышты тағдырын баяндайтын трагедиялық драманың жапондықтардың жанын баурап алғаны соншалық, идея авторын осынау аса жоғары марапатқа лайық деп танып отыр.
Ақжолтай хабарды ести салып, марапат иесіне қоңырау шалдық. Қуанышын бөлісіп, құттықтамақ ниетпен.
– Кезінде Алаш арыстарының дені «Жапон тыңшысы» деген айыпқа ілігіп, тағдырлары оққа байланып еді. Міне, сол қайраткер тұлғалар тағдырын зерттеп жүрген біздер Жапон елінің марапатына ие болып жатырмыз. Бұл – Тәуелсіздіктің игілігі, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Иә, Ахиконың тағдыры – Ақиқаттың шын есімі! Ол – жиынтық образ. 1930-1959 жылдары ҚарЛаг-тағы тар қапасқа тоғытылған миллиондаған тағдырлардың басындағы ауыр хал. Оны Нұрлан Дулатбеков секілді санасы сергек, зердесі ояу азамат қана түйсініп, ол еңбекті Жапония секілді тарихына бейжай қарай алмайтын зияткер ел ғана мойындаса керек.
Ұлыңызға бұйырып, нұрымызға айналған ұлық марапат құтты болсын, Арқа жұрты!

Ерсін Мұсабек

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.