22 сәуір – Халықаралық планетаны көгалдандыру күні болып жарияланды
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасын қолдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады.

Аталған бастама алғаш рет Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы жалпы пікірталас кезінде ұсынылған болатын.
Қарарды әзірлеуге әлемнің әртүрлі өңірлерін таныстыратын 32 мемлекет тең автор ретінде қосылды. Бұл бастаманың халықаралық деңгейде қолдау тауып, экологиялық мәселелердің өзектілігін көрсетеді.
Жаңа халықаралық күннің негізгі мақсаты – көгалдандырудың, табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің және жасыл аумақтарды кеңейтудің маңыздылығы туралы жаһандық хабардарлықты арттыру. Сонымен қатар мемлекеттерді, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандыру көзделеді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының бұл шешімі Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетудегі бастамаларын да айқындайды. Қарардың мақсаттары елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының міндеттерімен үндес.
Халықаралық планетаны көгалдандыру күнінің белгіленуі қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



